3-5 қыркүйек аралығында Парижда пара таеквондодан әлемдік Гран-При серия жарыстары өтті. Бұл Париж-2024 Паралимпиада ойындарының алдындағы ірі рейтінгтік жарыстың бірі болып табылады. Жарысқа 25 елдің үздік 85 спортшысы қатысты. Байрақты бәсекеде Қазақстан тарапынан 4 спортшы бақ сынап, 3 жүлдеге қол жеткізді.
Еліміздің спортшылары Нұрлан Домбаев 80 кг салмақта К-44 дәрежесінде күміс жүлде, ал Өміралі Нышан (80 кг, К-44) және Кәмиля Досмалова (-57 кг,К-44) қола жүлдеге ие болды.
«Францияның төрінде Гран-При серияларының екінші жарысы өтті. Алғашқы жарыс Болгарияда өтсе, үшінші жарыс қараша айында Манчестер қаласында өтпек. Айта кетсек, бұл G6-рейтингтік жарысы болып табылады, оған тек әлемнің үздік спортшылары қатысады. Осындай дәрежедегі жарыста орын алу үлкен жетістік», – деді Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының команда басшысы Бигарин Мерей.