Соңғы жылдары елімізде сурдлимпиада саласы қарқын алып келеді. Әрине, әлемде есту қабілеті төмендер арасындағы спорт түрі аз емес. Біздің бел шешіп кіріскеніміз грек-рим мен еркін күрес және жеңіл атлетиканың бірнеше түрі. Жеті атасынан қанына балуандық өнер сіңген халық болғандықтан шығар, күрестің осы екі түрін кілең қазақ ұландары жаулап тұр. Өкінішке қарай, өңірлерде жаттықтырушылар саны саусақпен санарлықтай. Біз сурдлимпиада спорты десе, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүретін қос жігітті білеміз. Оның бірі тараздық бапкер, еркін күрес құрамасының тізгінін ұстаған Ерназар Қонысбаев. Екіншісі, жетісулық түлектерді жетілдіруден жалықпайтын, еліміздің грек-рим құрамасының бас бапкері Ерлан Мұқажанов. Екеуі де орда бұзар отызға енді аяқ басқан азаматтар. Күні кеше өздері де боз кілемде арыстандай арпалысқан балуандар енді бапкерлік салаға бет бұрған. Бақтарына қарай, тәжірибелері аз болғанымен табыстары қомақты. Бірнеше мәрте халықаралық жарыстардан қанжығалары майланып келді.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Ерназар Қонысбаев (оң жақта) пен әлем чемпионы Ғабит Есжанов
Басқасын айтпағанда, Ерназар бапкердің шәкірті Ғабит Есжанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды. Өткен жылы Ерлан мен Ерназар баптаған жас балуандар Ғабит Игенбай мен Мұхтар Есенғосұлы жастар арасындағы әлем чемпионатынан қос күміс медальді ұтып алды. Ол аз десеңіз, грек-рим балуандары Белоруссияның Гродно қаласында ұйымдастырылған жарыстан командалық бас жүлдені иеленіп келді. Міне, біз білетін Ерназар мен Ерланның ауыз толтырып айтатын еңбектері осындай. Сурдлимпиада спортының ауыр жүгіне иықтарын тосуға аянбайтын қос азаматтан сәті түскенде сыр тартып көрген де кездеріміз болған.
«Сурдо балуандардың бапкері болу қиын ба?» деген сауалымызға екі бапкер де ойланбастан «Қиын» деп жауап берген еді. Әрине, сауал бір болғанымен жауаптардың айтылған уақыты әртүрлі. Тіпті, сол қиындық туралы тарата айтқан бапкерлердің әңгімелері де үндес шықты. Мысалы, Ерназар бапкер: «Бұл салаға тәуекелмен бел шешіп кірістім. Кезінде өзіміз де күрестік. Әдіс-тәсілді кілем үстінде үйретуін үйретесің ғой. Бірақ, соның қыр-сырын айтып түсіндіре алмайтының жаман екен. Есту қабілеті төмен балуандардың үйреткеніңді асыра орындайтын қабілеттері өте күшті келеді. Қабағыңды бағып, ымдағаныңның өзін қалт жібермей қағып алады. Шетінен еңбекқор, әрі табанды. Ең осал жерлері – болмашы бір нәрсеге өкпесі қара қазандай болып жүргені. Дер кезінде байқасаң жақсы. Сұрай қалсаң айтады. Түсіндіруге тырысасың. Өзіңнен кеткен қателік болса, кешірім сұрайсың. Әйтпесе, оның сол тоң-теріс қалпы айлап жүруі мүмкін. Осының бәрі түсініспеушіліктен туындайды. Біздің ең қиналатынымыз, сурдо аудармашылардың тапшылығы. Спорт саласында аудармашы мүлде жоққа тән. Әйтеуір, грек-рим күресінде Күзербаев Елдос деген бір бала бар. Біздің оқу-жаттығу жиындарымыз, кейде жарысқа баруымыз қатар келіп жатады. Сондай кезде арқа-басымыз бір кеңіп қалады. Елдос өте шебер аудармашы. Бапкер мен балуан бір-бірін түсінбей жүрсе, қиынның қиыны сол екен» деп түйіндеген-тін.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Ерлан Мұқажанов пен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ғабит Игенбай
Осы сауал төңірегінде Ерлан бапкер: «Қазір сурдо күресіне бір шоғыр талапты жастар жиналып қалды. Көбі бала кезінен боз кілемге бауыр басқан. Шамамыз келгенінше солармен тіл табысуға тырысып жүрміз. Бәрі де күреске құлшынып тұр. Тегеуіріндері темірдей, кілең жігерлі жігіттер. Осы қалыптарында дені сау балуандармен айқастырсаң өліспей беріспейтініндерін жақсы білем. Әттең, олардың есту қабілеттері төмен. Түсініспей қалатын кездеріміз көп. Ымдап сөйлесуді біз енді меңгере бастадық қой. Талай қателік кетті. Бірде жаттығу үстінде бір балуанға «ойланып күрессеңші» дегенді ұқтырмақ болып едім, әлгім қолды бір сілтеп тастап, бұрылып кетті. Содан маған алакөзденіп бірталай жүрді. Абырой болғанда, Елдос келе қалып, жақсы болды. Сөйтсем, ол мені «миың жұмыс істемейді» деп түсініпті. Көрдіңіз бе, осындай ыңғайсыз жағдайлар алғашқы кезде жиі кездесетін. Бізде Елдов Күзербаев деген шымкенттік жас балуан бар. Күресі де жаман емес, ең жақсысы Елдостың аудармашылығының пайдасы көп. Балуандармен қиналмай түсінісетін болдық. Елдостың да құлағы арнайы аппаратсыз естімейді. Бірақ, ол сөйлей алады, әрі сурдо аудармашылықтың оқуын оқып, сол салада жұмыс істеген. Әйтпесе, естімейтін адаммен жұмыс жүргізу өте қиын. Әсіресе, балуан жігіттердің мінезі морт келеді екен» деп сыр ақтарған еді.
Егер балуан бауырларымыздың ортасында бола қалсаңыз, өз дәрменсіздігіңізді сонда бір анық сезінеді екенсіз. Алдыңызда кілең атан жілік азаматтар. Отты көздерін өңменіңнен өткізе қарайды. Сізді танып тұр. Сіз де оларды жақсы білесіз. Анау ақтөбелік жас арыстан Мұхтар Есенғосұлы. Ойлы күресімен дараланып келе жатқан Ғабит Игенбайды бірден танисыз. Бойы сырықтай, қақпақ жауырын Асылжан Тәжиев өзімсіне келіп қолыңызды алады. Анадайдан маң-маң басып келген Шонку балуан күректей қолдарын қосарлап ұсынады. Кіндік қаны Баянөлгейде тамып, атамекенінде балуан боп жетілген бауырыңыз. Соңғы неше жыл көлемінде елішілік чемпионатта жауырыны жер иіскемей тұрған ауыр салмақтағы жалғыз балуан – Шонку Қайратхан осы. Сом тұлғасына қарай, оның мінезі де кең екен. Қуақы Елдос бізге Шонкуды «бұл жігіт балуан ғана емес, мың бұралған биші» деп, соқтыға таныстырып жатса да, ақсия күліп, жан-жағына мейірлене қарап тұр. Өңінде «айтарың болса, тағы да айта түс» деген кеңпейілділік бар.
Асылжан бастап, басқасы қостап, бәрі де құшырлана қол алысып амандасады. Биылғы ел чемпионатында жеңімпаз атанған Қажымұқан, Әбдірахман Оспановтарды, Айбар Нұрмұхамедті де жазбай танисыз. Сол сәтте: «Сендердің бәріңді жақсы танып тұрмын. Қазақтың атын әлемге танытып, намысты қолдан бермей жүрсіңдер. Жарайсыңдар жігіттер!» деп айтқың-ақ келеді. Бірақ, амалсыз тосыласыз. Бұл жігіттерге сіздің сөзіңіз емес, ымдағаныңыз керек. Ондай өнер сізде жоқ. Сосын «ұялған тек тұрмас» дегендей, өзіңізше әрекетке басасыз. Естімейтіндерін біле тұра, жылы сөздеріңізді айтып, жақын тұрған балуандардың арқасынан ризалықпен қағып қоясыз. Іле қос қолыңыздың бас бармақтарын жоғары қайқайтып, «жақсы, өте керемет» дегенді ұқтыруға тырысасыз. Бұдан басқаға шама жоқ. Сондайда білгеніңізді айта алмай, білгіңіз келгенді сұрай алмай пұшаймансыз. Қысқасы, ымды білмесеңіз бұл балуандар туралы дымды біле алмай қайтасыз.
Жоғарыда қос бапкерден естіген пікірді қаз-қалпында келтірдік. Екеуі де Елдосқа деген ризашылықтарын сүйсіне айтты. Шынында, дағдарған адамды тығырықтан шығаруға Елдостан елгезек ешкім жоқ екен. Тілеуің бергір Елдос балуан бізге де жәрдемін аямады. Өзі де бір көзінен жүрегі көрінердей аңқылдаған алтын асықтай ұл екен. Миығынан жымиып тұрып, екі қолды емін-еркін сермейді. Он саусағы жып-жып етіп, не қилы ұғымды тұспалдап жөнеледі. Балуандарды іліп-қағып таныстырып, бізді еріксіз күлдірді. Жігіттердің жымың-жымың еткеніне қарағанда Елдос біз туралы да езуге күлкі үйірер әлденені қопсытты-ау деп топшыладық. «Әзілің жарасса атаңмен ойнаны» әбден түсінген жігіт сыңайлы.
Елдос балуанмен емен-жарқын әңгімелесіп кеттік. Өзі туралы айтуын өтініп едік, онда да «не айтамын?» тосылмады. Тыңдап байқап, салмақтап қарасақ, шынында да айтары бар екен. Алдағы уақытта сурдоның боз кілемінде тер төгіп жүрген балуан бауырларымызды орайына қарай таныстырып отыру ниеті көкейде бар. Себебі, талай халықаралық жарыстарда олжа салған, әлем чемпионатында қарсыластарын қидай сыпырып ұтқан Ғабит Есжанов, сіңірі сүйегіне біте туғандай ерекше күш иесі, ауыр салмақта қазақ топырағында қарсылас шақ келтірмейтін Шонку Қайратхан, грек-римнен де еркін күрестен де жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс медалін қатарынан олжалаған Мұхтар Есенғосұлы туралы жазу сұранып-ақ тұр. Аллаһ бұйыртса, орындалар деп үміттенеміз. Елдос Күзербаевтің күресі олар сияқты жүріп тұрған жоқ. Бірақ, өз салмағында ол да Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, жуырда Белоруссияда өткен жарыстың жеңімпазы атанды. Оның үстіне Мұхтар, Шонку, Асылжандармен Елдос арқылы болмаса, «әңгімелесе» алмайтынымыз тағы анық. Сол себепті, сурдо балуандарын таныстыру ретін Елдостан бастауды жөн көрдік.
Өз айтуы бойынша, Елдос бір жасында құлағына суық тиіп ауырып, содан есту қабілетінен айырылған. Қазір тек арнайы аппарат арқылы ғана естиді. Туған жері Оңтүстіктің Қазығұрт өңірі. Бұл күнде 23 жаста. Балуандыққа бала кезінен құмартыпты. Алғашқыда дзюдо мен қазақша күресте олжа салмаққа бел буған. Одан соң Ғалымжан Омаров, Құланхан Жақыпов сынды бапкер ағаларынан грек-рим мен еркін күрестің әліппесін үйреніпті. Ақыры грек-рим күресіне табан тірепті. Қазіргі бапкері – Ерлан Мұқажанов. Бірақ, ыңғайы келгенде Ерназар бапкердің өтінішімен еркін күрестің додасына сан мәрте түсіп көрді. 2015 жылғы ел чемпионатында 59 келі салмақта грек-рим күресінен талассыз жеңімпаз атанды. Сол екпінмен салмағын 57 келіге қуып түсіріп, еркін күрестің де белдесуіне қаймықпай кірген. Бірақ, бұл салмақтағы еркін күрестің шеберлері Нұрсұлтан Дүйсенбиев, Шадияр Пернештер оңай шағылар жаңғақ болмай шықты. Финалда Нұрсұлтан айласын асырып кетіп, бұл күміс жүлдені қанағат тұтты. Өкінер ештеңесі жоқ. Шеберліктің осылайша шыңдалатынын түсінді. Мәулен Тасқожаевтың, Ғабит Есжановтың, Шонкудың күрестерінен үйренері көп екен.
Негізінде, Елдостың бойындағы бір ерекшелік, ол үнемі ізденісте жүретіні. Тек дене шынықтыруды місе тұтпай, ой шынықтырумен де айналысып көрді. Нәтижесінде дені саулар арасында шахматтан он дүркін облыс чемпионы атанды.
Ес білгелі білім жетілдіруден жалықпады. Алдымен Шымкенттегі «Отырар» колледжінде оқып, денетәрбиесі мамандығы бойынша тәмәмдап шықты. Одан соң Шерімбет әкесінің ақылымен Алматыға аттанды. Осы қаладағы №4 оқу-өндірістік кәсіпорнына орналасып, үш жыл үзіліссіз жұмыс істеді. Есесіне сурдо аудармашылық мамандықты толық меңгеріп шықты. Көпті көрген әке ұсынысы өмірлік азық, нағыз сауабы мол кәсіп болып шықты. Бір-бірінің айтқанын ұқпай, түсінісе алмай қиналған адамдардың ортасында болып жәрдеміңді тигізгеннен асқан рахат жоқ екен. Олар да дән риза, өзінің де жаны жадырап сала береді. Елдос үшін осы күні сурдо тілі арқылы шетелдіктермен түсінісу де оп-оңай шаруа болып қалған.
Сурдлимпиаданың грек-рим күресі бойынша Қазақстан құрамасының 59 келі салмақтағы нөмірі бірінші балуаны Елдос Күзербаев туралы өзі айтып берген, біз қағазға түсірген әңгіме осы. Қазіргі кезде Елдос Қазақ Денешынықтыру академиясын «мемлекеттік грантпен» оқып жатқан 4 курстың студенті.
***
Сөз басында айттық, сурдоның боз кілемін кілең қазақ ұландары жаулап тұр. Алды әлемдік додаларда топ жаруда. Біздің мақсат – ұлт намысы үшін тер төккен сол бауырларымыздың сәл де болса мерейлерін көтеру еді. Енді міне, қадірлі оқырман, сурдо балуандарын сіздер де жақын тани бастадыңыздар. Жолыға қалсаңыздар, арқаларынан қағып, балуандығын білетініңізді білдіріп қойыңыз. Көңілдері бір өсіп қалсын…
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ