Тамыздың 2-8 жұлдызында Ұлыбританияның Сток-Мандевиль қаласында тірек-қимыл мүшелері зақымдалған жасөспірімдердің X Бүкіләлемдік ойындары (IWAS) өтті. Бұл айтулы додаға 31 мемлекеттен 324 спортшы қатысты. Қазақстанның 26 жасөспірімі осы бәсекеде бақ сынап, 10 алтын, 9 күміс, 10 қола медальға ие болды.
Оныншы мәрте ұйымдастырылған бұл ойынға әлемнің азуын айға білеген мемлекеттердің 14-22 жас аралығындағы саңлақтары қатысты. Жарыс спорттың 7 түрінен, атап айтқанда, садақ ату, жеңіл атлетика, арбамен жарысу, пауэрлифтинг, жүзу, үстел теннисі және арбада отырып семсерлесуден өтті. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы жүзу, үстел теннисі, пауэрлифтинг және жеңіл атлетика сынды 4 спорт түрінен ғана бақ сынады. Соның өзінде біздің ұл-қыздарымыз жүлделі орыннан сан мәрте көрінді.
Биылғы жылдың наурыз айында ғана ашылған Астанадағы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» атынан Ұлыбританияға 10 спортшы аттанған-ды. Айтулы додада олжа салғандардың дені осы спорттық даярлау орталығының (СДО) жастары болды. Атап айтсақ, жүзуден 9 алтын, 7 күміс, жеңіл атлетикадан 1 күміс және 5 қола, пауэрлифтингтен 1 күміс медальді жеңіп алды.
Х Бүкіләлемдік жасөспірімдер ойындарының бас жүлдесі АҚШ жастарының қанжығасында кетті. Екінші орынды Ұлыбритания спортшылары иеленді. Үшінші орын Чех Республикасының еншісіне бұйырды.
Әлемдік бәсекеде олжа салған жастарымыздың жүзі жарқын жүрсін деген ниетпен жүлдегерлеріміздің аты-жөндерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Жеңіл атлетика:
Сұлтанғали Ерасыл (СДО) – 1 күміс (400м) және 2 қола (100м және 200м).
Төреқұлов Әзізбек (СДО) – 2 қола (800м және 1500м).
Бекбай Бақыт (СДО) – 1 қола (найза лақтыру).
Жүзу:
Лигай Владислав (СДО) – 3 алтын (400 м. еркін жүзу, 50 м. шалқалап жүзу, 100 м. шалқалап жүзу) және 2 күміс (50 м. және 100 м. еркін жүзу).
Ли Дмитрий (СДО) – 4 алтын (100 м. 400 м. еркін жүзу,100 м. баттерфляй және 200 м. кешенді жүзу) және 1 күміс (50 м. еркін жүзу).
Кинах Сергей (СДО) – 2 алтын (50м. еркін жүзу және 50 м баттерфляй) және 4 күміс (100 м. 400 м еркін жүзу, 100 м. баттерфляй және 200 м. кешенді жүзу).
Бурдина Леонелла (СДО) – 1 қола (50 м. баттерфляй) медаль.
Бексұлтан Жәнібек – 2 қола (50 м. еркін жүзу, 50 м шалқалай жүзу).
Огнева Анастасия – 1 қола (50 м. еркін жүзу).
Үстел теннисі:
Бадуова Эльдана – 1 алтын.
Кенжебаева Шынар – 1 қола.
Пауэрлифтинг:
Болингер Егор (СДО) – 1 күміс.