Біздің волейболшылар Иран елінде оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Иранның құрама командасы Азиядағы азулы командалардың бірі. Бір аптадан астам уақыт осы командамен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізу біздің жігіттердің шеберлігін арттырады деген үміт бар. Волейболшы қыздарымыз болса, Иранның әйелдер құрама командасымен бірге жаттығып, сәті түссе шеберліктерін шыңдау үшін бірнеше кездесулер өткізеді. Оқу-жаттығу жиыны Иранның Мешхед қаласында өтеді.
Оқу-жаттығу жиынынан соң біздің қыз-жігіттер Германияға сапарын жалғастырады. Германияның Лейпциг қаласында дәстүрлі «Лейпциг Кубогы» ұйымдастырылмақшы. Сапар алдында Қазақстан отырып ойнау волейболы құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауовпен тілдескенімізде: «Жыл сайын өтетін бұл ірі жарысқа Паралимпиада ойындарының, әлем және Еуропаның отырып ойнайтын волейболдан чемпиондары қатысады. Өткен жылы біздің командамыз осы бәсекеде бірнеше сәтті кездесу өткізіп, Магдебург, Леверкузен және Мысыр спортшыларын жеңді. Лейпциг командасымен тең ойын көрсетсек, украиналық мықты командадан жеңіліп қалдық. Жартылай финалда немістермен өткен кездесу де біз үшін сәтсіз болды, ал үшінші орын үшін болған сайыста менің шәкірттерім Финляндияның волейболшыларын сенімді түрде жеңген болатын», – деген еді. Тәжірибелі бапкердің сөзінен аңғарғанымыз, аталмыш бәсекеден жігіттеріміздің жүлделі оралуы әбден мүмкін екен. Лайым, солай болғай!
Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі.