Отырып ойнау волейболынан Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған атыраулық команда. Ортада Қазақстан құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауов.
Осы орайда біз волейболдан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауов мырзамен тілдескен едік. «Отырып ойнау волейболынан Қазақстанның әйелдер командасы биылғы жыл басынан бастап құрылған. Негізі атыраулық спортшылардан тұрады. Басты бағыт беру менің міндетім. Жаттықтырушылары – Оңғарбек Досақаев пен Бақытжан Бесқалиев. Қыздарымыздың аяқ алысы жаман емес. Ең қиыны республика бойынша жалғыз ғана қыздар командасы болғандықтан, лайықты қарсылас болатын команда жоқ. Шеберліктерін жетілдіру үшін анда-санда ерлер командасымен кездесу өткізіп тұрамыз.
Алдағы сапар барысына келсек, біз жуырда Иран еліндегі оқу-жаттығу жиынына аттанбақшымыз. Иранның құрама командасы қазір Азиядағы мықты командалардың бірі. Бір аптадан астам уақыт сол командамен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізбекшіміз. Волейболшы қыздарымыз болса, олар да Иранның әйелдер құрама командасымен бірге жаттығып, сәті түссе шеберліктерін шыңдау үшін бірнеше кездесулер өткізеді. Оқу-жаттығу жиыны Иранның Мешхед қаласында өтеді. Одан соң біз Стамбұлдан Германияға бірден аттанамыз.
Германияның Лейпциг қаласында сол елдің дәстүрлі турнирі ұйымдастырылмақшы. Өткен жылы 12 мемлекеттің командасы қатысқан. Біз сол бәсекеде үшінші орынды иеленген едік. Алла бұйыртса, биыл да жүлделі орыннан үміттіміз» дейді Бауыржан Бақытұлы.
Волейболшы жігіттеріміз бен қыздарымызға сапар сәтті болсын дейміз. Қосымша ақпараттар алдағы уақытта жарияланады.
Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі.