2006 жылғы Әлем чемпионатында 100 және 200 метрде – алтын медаль.
2008 жылғы Бейжің Паралимпиадасында 100 және 200 метрде – алтын медаль.
2012 жылғы Лондон Паралимпиадасында 100 және 200 метрде – алтын медаль.
2013 жылғы Әлем чемпионатында 100 және 200 метрде – алтын медаль.
Жеңіл атлетикада қазір Жейсон жеткен жетістіктердің ширегін жеткен жан жоқ. Сонда Жейсон кім? Солтүстік Ирландияда 1987 жылы дүниеге келген жігіт. Кіндік қаны тамған мекені – Лондондерри деп аталады. Көру қабілеті төмендер арасындағы жеңіл атлетикада 19 жасында жарқ етіп көзге түсті. Т-13 класс бойынша Нидерландияда өткен әлем чемпионатында 100 метрге (10,86 секунд) және 200 (21,83 секунд) метрге жүгіруден қос алтынды іліп түсті. Жұрт кездейсоқтыққа жорыған. Олай болмай шықты. Екі жылдан соң, яғни, 2008 жылы Бейжің Паралимпиадасында Жейсон тағы да қос алтынды жұлып шықты. Көрсеткіштері тіпті сұмдық болды. Ол 100 метрді – 10,62 секундта, ал, 200 метрді – 21,43 секундта өтті. Жеңіл атлетика мамандары Жейсонмен сонда ғана санаса бастады.
Бірақ, Жейсон омыртқасының зақымдануына байланысты бір жыл үзіліс жасауға мәжбүр болады. 2011 жылы Жаңа Зеландияда өткен әлем чемпионатында ол жанкүйерлер қатарында отырды. Ал, келер жылында Жейсон қайта бабында тұрды. 2012 жылғы Лондон Паралимпиадасында ол төрт жыл бұрынғы Бейжің Паралимпиадасындағы жетістігінен асып түсті. 100 және 200 метрге жүгіруден бас бәйгені талассыз алды және үш мәрте әлемдік рекорд орнатты.
Оның 2008 жылы Бейжіңдегі 100 метрге 10,62 секундтық және 200 метрге 21,43 секундтық көрсеткішіне төрт жылда жан баласы жетпеген. Лондондағы бәсекеде Жейсон алғаш 100 метрді 10,54 секундта жүгіріп өтіп, өз рекордын өзі өзгертті. Ал, екінші мәрте жүгіруде оның жылдамдығы 10,46 секундты көрсетіп, дүние жүзін таңдантты. Бұл аз болғандай, Жейсон желаяқ 200 метрді 21,05 секундта өтіп, жеңіл атлет мамандарының аузын ашқызып, көзін жұмдырды. Бір Паралимпиада бәсекесінде қатарынан үш рекорд орнату бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Жейсонның жетістіктері дені сау спортшылар көрсеткішінің өкшесін басып қалды.
2013 жылғы әлем чемпионатында да қос алтын Жейсон Смиттің кеудесінде жарқырап тұрды. Тағы да екі рет әлем чемпионатының рекордын жаңартты. Жейсон тек 2014 жылды тынығумен өткізуді ұйғарса керек, әлемдік додалардан бой көрсетпей қойды.
2015 жылғы жеңіл атлетиканың айтулы бәсекесі күзде Катардың Доха қаласында өтеді. Жақында желаяқ Жейсон ақпарат құралдарында «Осы жылғы әлем чемпионатының екі медалі де менің қолымда және тағы да әлемдік рекордтың куәсі боласыздар» деп мәлімдепті. Жейсон биылғы бәсекеде Т-12 класы бойынша сынға түспекші. Жейсон осындай желаяқ.
«tagdyr.kz» ақпараты