Солдан оңға қарай: жеңімпаз жүзуші Әнуар Ахметов, бапкер Саттар Бейсембаев, Андрей Афанасьев және Зульфия Ғабидуллина.
Соңғы күндері қалың жанкүйерді жүзушілеріміз қуантып тұр. Өткен аптаның соңында Белоруссияның Ашық Кубогына қатысқан сурдо жүзушілері алтын бастатқан бес медаль ұтып, көңілімізді өсіріп еді. Енді міне, паралимпиада жүзушілері айды аспанға шығарғандай таңдантып, 36 медальды еншілепті.
Бұл Польшаның ашық чемпионаты. Біздің елден бас бапкер Саттар Бейсембаев бастаған үш жаттықтырушы, он спортшы аттанған еді. Біздің болжам бойынша, әлемдік жарыстарда сан мәрте жеңімпаз атанған саңлақ жүзушілер астаналық Әнуар Ахметов пен тараздық Зүлфия Ғабидуллинаның бас жүлделерді уыстап алғанына еш күмән жоқ. Шецин қаласында осы саңлақтардың қатарына қазақстандық тағы бір жаға есім қосылған. Ол шымкенттік жүзуші Роман Ағалақов. Ағалақов осы жолы жүзуден «А» нормативін орындады деген хабар алдық. Толық ақпараттар алдағы күндерде жарық көреді.
Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі.