Зілтемірдің додасына түседі – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Зілтемірдің додасына түседі

Алматы қаласында 26 шілде күні басталар Ашық Азия чемпионатында бақ сынайтын спортшылардың жүзін тани жүріңіз.

Ортада Жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Әбжан Айбек.

Жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Әбжан Айбек.

Әбжан Айбек Ғабитұлы. 1992 жылы Қызылорда қаласында туған. 2000-2011 орта мектепте оқыған. 2014 жылдан «Болашақ» (Қызылорда қ.) колледжінде  «Денешынықтыру және спорт» факультетінің студенті.

Пауэрлифтингпен 2009 жылдан бастап шұғылданады. Тәжірибелі бапкер Рысбаев  Бақытбектің шәкірті.

2009 жылы Малайзияда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Әбжан Айбек 2015 жылғы ел чемпионатында 130 келі көтеріп, жеңімпаз атанды. Әбжан Айбек Ашық Азия чемпионатында 65 келі салмақта бақ сынайды.

Пауэрлифтингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Арлан Атейбеков

Пауэрлифтингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Арлан Атейбеков

Арлан Атейбеков. Жетісу өңірінде туған. Сірә, ата-анасы арландай қайратты, қайсар болсын деген үмітпен ұлдарына Арлан есімін қойған болар.

Шынында да, ол қазір паралимпиадашылар арасындағы жарыстарда сан мәрте суырылып шығып, топ бастап келеді. Пауэрлифтингтен биылғы өткен Қазақстанның Республикалық чемпионатында Арлан Атейбеков тағы да жеңімпаз атанды. 59 келі салмақта сынға түскен Арлан қарсыластарының  бәрінен үстем шығып, алтын медальді кеудесінде жарқыратты. Нәтижесі – 115 келі.  Бұл Арланның 13 жеңісі.

Қазіргі кезде Талдықорған қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет ететін Арлан Болатұлы Атейбеков Қазақстанның пауэрлифтинг құрама командасының мүшесі. Арлан Ашық Азия чемпионатында 54 келі салмақта бақ сынайды.

2015 жылғы Әлем Кубогының күміс жүлдегері Еркебұлан Қадыров

2015 жылғы Әлем Кубогының күміс жүлдегері Еркебұлан Қадыров

Еркебұлан Қадыров. Жетісу өңірінде туған. Пауэрлифтингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. 2015 жылғы наурызда  БАӘ-нің Дубай қаласында өткен Әлем Кубогында алматылық бапкер Денис Орловтың шәкірті Еркебұлан Қадыров күміс медалді жеңіп алды.

Қазақстанның пауэрлифтинг құрама командасында Әлем Кубогының күміс медалін иеленген спортшылар жоққа тән. Бұл тұрғыда Еркебұлан бірегей спортшылардың бірі.

Ашық Азия чемпионатында Еркебұлан Қадыров 80 келі салмақта өнер көрсетеді.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Хамаев Рахметжан

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Хамаев Рахметжан

Хамаев Рахметжан Мансұрахунұлы. Алматы облысы Шонжы өңірінде туған.  І топтағы мүгедек. Пауэрлифтингпен 2009 жылдан бастап шұғылданады. 2010 жылы спорт шебері атанған. 2011 жылдан Қазақстанның пауэрлифтинг құрама командасының мүшесі. Халықаралық жарыстардың қатысушысы. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы.

2015 жылғы ел чемпионатында 165 келіні еркін еңсерген Хамаев Рахметжан Ашық Азия чемпионатында 72 келі салмақта сынға түспек.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Хамруллаев Нодаржан

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Хамруллаев Нодаржан

Хамруллаев Нодаржан Махмұтұлы. Алматы облысы Шонжы өңірінде дүниеге келген. 1978-1986 жылдары орта мектепті, 1986-1989 жылдары  политехникалық училищені тәмамдаған. 1989-1990 жылдары әскери борышын өтеді. 1991 жылы жол апаты салдарынан І топтағы мүгедектер қатарында. Отбасылы. Бір ұл мен бір қыздың әкесі.

Пауэрлифтингпен 2009 жылдан бастап шұғылданады. 2010 жылы спорт шебері атанған. 2011 жылдан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның пауэрлифтинг құрама командасының мүшесі.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Хамруллаев Нодаржан 2015 жылғы ел чемпионатында 175 келі көтеріп, жеңімпаз атанған. Хамруллаев Нодаржан  Ашық Азия чемпионатында 80 келі салмақта өнер көрсетеді.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

5 × four =