Пауэрлифтинг – яғни, зілтемірді шалқалап жатып көтеру спортына бауыр басқан бикештер аз емес. Осы күні олардың алдыңғы легі әлемдік бәсекелерде өнер көрсетуде. Біз алдағы уақытта сол қайсар қыздарды оқырмандарымызға таныстырып отыруды жөн көрдік.
Әбдіхалықова Гүлбану Құлмұхамбетқызы. Алматы облысы, Балпық би ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы есепші. 1998 жылдан спортпен шұғылданып, арбамен жарыста көп жыл бақ сынаған.
2005 жылдан пауэрлифтингпен айналысады. Спорт шеберлігіне 2008 жылы қол жеткізген. 2010 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Қазақстанның әлденеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жүлдегері болды. Азия пара ойындарында 2010-2011 жылдары қола медаль, 2012 жылы күміс медаль иеленді және 2014 жылы 4 орынға табан тіреді.
Қазақстан пауэрлифтинг құрама командасының белді мүшесі Гүлбану Әбдіхалықова бапкерлердің айтуынша нағыз бабында. Ашық Азия чемпионатында Гүлбану 55 келі салмақта өнер көрсетеді. Биылғы елішілік чемпионатта Қазақстан рекордын жаңғыртқан Гүлбану Әбдіхалықова Азия чемпионатында да топ жаруы тиіс деген үлкен сенім артылып отыр.
Асқарова Кәбира Кеңесбекқызы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданына қарасты Шіркейлі ауылында туған. Шымкенттегі мүгедектерге арналған кәсіптік оқу орнының түлегі. Мамандығы есепші.
Пауэрлифтинг спортымен 2008 жылдан бастап шұғылданады. Осы спорт түрінен Кәбира Асқарова 2008-2013 жылдарда бірнеше дүркін Қазақстанның абсолютті чемпионы әрі рекордшысы атанды. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасындағы жарыстарда сан мәрте жеңімпаз болды.
2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Пара Азия ойындарында қола жүлдені жеңіп алған. 2012 жылы Лондондағы жазғы Паралимпиада ойындарына қатысып, 7 орынды иеленген.
2013 жылғы Ашық Азия чемпионатында күміс медальды жеңіп алды. Бірнеше халықаралық жарыстардың жүлдегері. Тұрмысқа шыққан. Шаңырағында бір қыз, бір ұл тәрбиелеуде.
Ашық Азия чемпионатында Кәбира 50 келі салмақта өнер көрсетеді. Кәбира Асқарова биылғы ел чемпионатында 83 келіні еңсеріп, Қазақстан чемпионы атанды. Бұйыртса, ол Ашық Азия чемпионатында да намысты қолдан бермейді деген үміт басым.
Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Раушан Қойшыбаева.
Қойшыбаева Раушан Зауытбайқызы. Туған жері – Қызылорда қаласы.
Пауэрлифтингпен 2010 жылдан бастап шұғылданады. Аз уақытта көп нәтижеге қол жеткізген спортшы. 2012 жылы спорт шебері атанды. 2013 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленген.
2014 жылы әлем чемпионатында және Пара Азия ойындарында алдыңғы лектен көрінді.
2003 жылы шаңырақ көтерген. Үш баланың анасы. Қазіргі кезде Алматы облысындағы Шонжы елдімекенінде тұрады.
Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Раушан Қойшыбаева бапкерлердің пікірінше Ашық Азия чемпионатында жүлделі орыннан көрінуге тиіс. Раушан бұл бәсекеде 67 келі салмақта бақ сынайды.
Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Азия кубогының қола жүлдегері
Қазақстанның көп дүркін чемпионы Ләззат Сәлімжанова
Сәлімжанова Ләззат Қордабайқызы. Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қарашілік ауылында дүниеге келген. Қазіргі кезде Алматы облысындағы Текелі қаласында тұрады.
Пауэрлифтингпен 2001 жылдан бастап шұғылданады. Қазақстан құрамасындағы тәжірибелі спортшылардың бірі.
Ләззат спорт шебері атағын 2004 жылы иеленген. 2006 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігіне қол жеткізді.
2007 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен Азия Кубогында қола медальды жеңіп алған.
Қытайдың Бейжің қаласында өткен жазғы Паралимпиада ойындарында 75 келі салмақта бақ сынады. Нәтижесі – 7 орын.
2009 жылы Азия чемпионатына қатысты. Нәтижесі – күміс медаль!
Сондай-ақ, көптеген халықаралық жарыстарды жүлдегері атанған Ләззат Сәлімжановадан құрама бапкерлері үлкен үміт күтуде. Ләззат Ашық Азия чемпионатында 79 келі салмақта сынға түседі.
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
«tagdyr.kz» тілшісі