Алматы қаласында 26 шілде күні басталар Ашық Азия чемпионатында бақ сынайтын спортшылардың жүзін тани жүріңіз.
Спатилов Серік Темірболатұлы. 1970 жылы Павлодар қаласында туған. «Бульдозер және скрепер машинисі» мамандығын игерген. Құрылыс-монтаждау саласында жұмыс істеген. 1988-1990 жылдары Кеңес одағында әскери борышын өтеген. 2002 жылы жарақат алған. І топтағы мүгедек.
Серік спортпен шұғылдануды 2007 жылы бастапты. Жеңіл атлетиканың арбамен жарысу түрінен республикалық бәсекелерге қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
Пауэрлифтингпен 2008 жылдан айналысады. Көрсеткен нәтижелері үздік шығып, Қазақстан құрамасының белді мүшесі болды. Атап айтқанда, Серік 2009 жылы Қазақстан Республикасының үшінші спартакиадасында алғаш рет қола жүлдені иеленді. 2010 жылы Қазақстан Кубогында тағы да үшінші орынға табан тіреді. Ал, 2011 жылы Шымкент қаласында өткен Паралимпиадалық ойындарда пауэрлифтингтен жеңімпаз атанды. Сол кезден бастап Серік алтын медальды сан мәрте кеудесінде жарқыратты.
2012 жылғы Қазақстан Кубогында – 1 орын.
2013 жылғы Қазақстан спартакиадасында – 1 орын.
2015 жылғы Қазақстан чемпионатында – 1 орын.
Серік көптеген халықаралық жарыстарда да бақ сынаған. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Пара Азия ойындарында 6 орынды иеленді. 2015 жылы БАӘ-нің Дубай қаласында өткен Әлем Кубогында алдыңғы ондыққа ілінді.
Серік Спатилов Ашық Азия чемпионатында 97 келі салмақта өнер көрсетеді. Серік биылғы Қазақстан чемпионатында 96 келі салмақта сынға түсіп, 155 келіні еңсерген.
Жакиен Жанет Теміржанұлы 1967 жылы Алматы қаласында туған. 1974 жылғы жол апаты салдарынан ІІ топтағы мүгедектер қатарында. 1984 жылы Алматыдағы № 36 орта мектепті тәмамдаған. 1989 жылы Театр және көркемсурет институтын бітірген.
Пауэрлифтингпен 2008 жылдан айналысады. 2009 жылдан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан пауэрлифтинг құрама командасының белді мүшесі.
2010 жылы Гуанчжоуда өткен Пара Азия ойындарының қатысушысы.
2011 жылғы Қазақстан чемпионы әрі рекорд жаңғыртушы.
2012 жылы Малайзияда өткен ашық Азия чемпионатының қатысушысы.
2012 жылғы Қазақстан Кубогында рекорд жаңғыртушы.
2013 жылы БАӘ-нің Дубай қаласында пауэрлифтингтен өткен ашық Әлем чемпионатының қола жүлдегері.
2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Пара Азия ойындарының қатысушысы.
2015 жылғы Қазақстан чемпионатында 170 келіні көтеріп, бас жүлдені олжалаған Жакиен Жанет Ашық Азия чемпионатында 88 келі салмақта сынға түседі.