Дзюдошыларымыз олжасыз оралды

Әлем Кубогының додасында жалғыз Әнуар Сариев қана бесінші орынға табан тіреген.

Венгрияның Егер қаласында дүниежүзі дзюдошыларының Әлем Кубогын сарапқа салғаны туралы және сол додаға Қазақ Елінен бес балуанның білек сыбанып аттанғаны жайлы алдын-ала айтқан едік. Міне сол айтулы бәсеке мәресіне жетті. Қазақстан дзюдо құрама командасының (көру қабілеті төмендер) аға жаттықтырушысы Нұржан Сейітхановтың айтуынша Әлем Кубогы додасы өте тартысты өткен. Аталмыш жарысқа дүниежүзінің 23 мемлекеті балуандарын баптап апарған. Боз кілемдегі белдесудің шиеленісті өткені сонша, осы жолғы Әлем Кубогының бас жүлдесін қанжығасына байлап кетер деп топшылаған Жапон балуандары командалық үшінші орынға зорға іліккен. Биылғы Әлем Кубогында алдыңғы орынды өзбек дзюдошылары талассыз алыпты. Бірде бағы мен бабы келісіп, бас бәйгені олжалайтын, енді бірде қапыда кетіп сан соқтырып жататын спорт додасы дегеніңіз осы ғой.

Сөйтіп, паралимпиадашылар арасындағы биылғы Әлем Кубогының бас жүлдесі Өзбекстан дзюдошыларының қанжығасында кеткен. Екінші орынды Оңтүстік Корея балуандары иеленген. Ал, үшінші орынды Ресей мен Жапон спортшылары бөліскен.

Ануар СариевҚазақ Елінен құлшынып барған бес балуаннан жалғыз Сариев Әнуар бесінші орынға табан тірепті. 60 келі салмақта Әнуар балуан барын салып белдескен. Мамандар пікірінше Әнуардың осы қадамының өзі жаман жетістік емес көрінеді. Көру қабілеті төмен дзюдошылар қатары біздің елде әлі сирек. Сондықтан елішілік бәсеке деңгейі төмен. Дзюдошыларымыз қатысқан халықаралық жарыстардың өзі санаулы ғана. Әлем Кубогы биылғы үлкен додалардың ең алғашқысы. Жыл аяғына дейін талай жарыс бар. Сол дүбірлі бәсекелерде дзюдошыларымыз Қазақтың көк байрағын әлі сан мәрте көкке көтерер деп үміттенеміз.

«tagdyr.kz» ақпараты

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

1 × one =