Ерінбейтін Саттар мен еңбекқор Зүлфия


Осы кезде паралимпиада саласында Саттар мен Зүлфияны танымайтын жан некен-саяқ шығар. Егер ілуде біреулердің бар болуы мүмкін десек, таныстырып өтудің еш артықтығы жоқ. Зүлфия Ғабидуллина – жүзуден паралимпиадалық бәсекеде Қазақ Елінің атын әлемге әйгілеп тұрған саңлақ. Дәл осы күні қазақстандықтар арасында әлем рекордын алты дүркін жаңартқан жалғыз жүзуші. ХІ Паразиялық ойындарының чемпионы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ұлттық құраманың белді мүшесі. Саттар Бейсембаев – Зүлфияның ұстазы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Зүлфия сынды жүйрікті іздеп тауып, талай жыл ерінбей, жалықпай жүріп жаттықтырған бапкер. Саттар бапкердің шәкірті үшін ештеңеге ерінбейтінін сапарлас болғанымызда көзіміз көрді. Ұшаққа мінгеннен бастап Зүлфияның жанынан бір елі ажырамады. Құдды Зүлфияны алып жүруге өзінен басқа ешкімнің құқы жоқ сияқты. Қашан көрсеңіз Зүлфияның қасында тек бір өзі арбаны итеріп, қырағы сақшыдай болып келе жатқаны. Сондайда «Бұл кісі Зүлфияны бірер сәтке қарай тұруға сенімді адам таппаған-ау» деп ойлауға мәжбүрсіз. Жарыс үстінде болса әңгіме басқа, автобуста, асханада, қонақ үйге кіріп-шыққан көпшілік жерде де Сәкең шәкіртінің айналасынан аттап шықпай, шырқ үйіріліп жүреді де қояды. Бұл біздің бір сапарда көргеніміз ғана. Ал, ұстаз бен шәкірт 2007 жылдан бастап осы жүзу саласында тізе қосып, бірге келеді. Арада табаны күректей сегіз жыл жатыр. Саттар бапкердің шыдамдылығын осыдан-ақ шамалай беріңіз…

Таяуда Сәкеңмен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгімелесуіміз тым қысқа болды. Жамбылға жүрер пойызға асығып тұр екен. Бірақ, соның өзінде бізді қызықтыратын біршама жайтты айтып өтті. Қысыл-таяңдағы сұхбатымыз төмендегідей өрілді.

– Саттар аға, осы күні Зүлфия Ғабидуллина мен сіздің есіміңіздің қатар аталады. Зүлфияның спорттағы жетістігін жақсы білеміз. Бірнеше рет әлем рекордын жаңартты, Паразия жеңімпазы атанды. Біздің білмейтініміз, осы саланы сіздің қалай меңгергендігіңіз. Сіз жүзу маманысыз ба?

– Жоқ, мен кезінде бокспен шұғылданғанмын. Паралимпиадалық спортқа 2007 жылы келдім. Сол жылы Жамбыл облыстық спорт басқармасына жетекші маман қызметіне алынып едім. Сол кезде маған жүктелген жұмыс салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлыққа қарсы күрес саласы мен мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тарту болды. Негізгі бағыт осы. Жұмыс бастаған алғашқы аптада күнтізбелік жоспарға сәйкес Алматы облысының Талдықорған қаласында республикалық паралимпиадалық жарыс өтті. Соған біз Тараздан спортшылар алып бардық. Бұл спортты мен сонда тұңғыш көрдім.

Паралимпиада мен Сурдлимпиада ойындарының айырмашылығы қандай екенін, онда сонша спорттың түрі бар екенін білдім. Мүгедек спортшылардың қалай бәсекеге түсетінін алғаш рет көзіммен көрдім, таныстым. Екі қолы жоқ, екі аяғы жоқ, әртүрлі сырқаттың салдарынан арбаға таңылған және өте  көп мүгедектердің ортасында алғаш болған адамның жүрегі сыздап кетеді екен. Өзім сондай күйде болдым. Бірақ, солардың ешқайсысының көзінде мұң, я, бір қиналған белгі жоқ. Бірі аяғымен, енді бірі шолақ қолымен теннис ойнап мәз. Шалқалап жатып зілтемірді жүз келіден асырып көтереді. Әсіресе, суға жүзетіндердің сайысын алғаш көргенім есімнен кетпейді. Спорт жарысы олар үшін үлкен мейрам екенін түсіндім. Демеушілер сыйлықты үйіп тастаған. Байқағаным мүгедектер кішкентай ғана пейілге мәз-мейрам боп қуанады екен. Тараздан 8 спорт түрінен 30 шақты адам алып барған едік. Бір автобус болып барғанбыз. Әрине, жетістікке жеткен ешкім жоқ. Улап-шулап, әйтеуір, аман-есен қайтып келдік.

Содан бастап ойлана бастадым. Еш спорттың түрі дамып жатқан жоқ. Ол кезде бізде төрт жылда бір өтетін жарыс қана бар. Басқа уақытта олар назардан тыс қалады. Өз білгеніммен сараптама жасадым. Қай облыста қандай спорт түрін жақсылап дамытуға болады. Онда бір-екі облыста ғана мүгедектер спорт клубы бар, тағы бір-екеуінде мектеп, бөлімшелер бар еді. Өз қолымыздан келгенін жасай бастадық. Әрине, тоғызқұмалақ, дойбы сияқты жеңілдеу түрлерін қолға алдық. Кішігірім жарыстарға мүгедектерді өзім бастап барып жүрдім. Ізденіс бар. Паралимпиадалық комитет қызметкерлерімен, өзіміздің спорт саласы мамандарымен ақылдасып, пікір алмасамыз. Бірте-бірте жүзу мен жеңіл атлетика спортшылары қосылды. Спорт басқармасынан қажетті қаражат бөлгізіп, кәдімгідей кірісіп кеттік. Спортшылар да, өзім де бірталай тәжірибе жинақтадым. Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлдеге іліге бастадық.

 – Зүлфия шәкіртіңізді сол кездерде жолықтырып жүрсіз ғой?

– Иә, сол 2007 жылдары ғой. Бастапқыда Зүлфия жеңіл атлетикаға да, тоғызқұмалаққа да қатысты. Барлық спорт түрін көріп шықты. Ешқайсысында жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Соның ішінде менің байқағаным жүзуге ерекше бейім. Содан ақылдаса келе Зүлфияны тек жүзуге жаттықтыру керек деп шештім. Өзімен ақылдасып келістік. Әр спорттың түріне қатыса берген дұрыс емес. Үздік нәтижеге жету үшін тек бір спорттың түрімен шұғылдану керек. Содан екеуіміз үшін де құпиясы көп жүзу әлеміне құлаш ұрдық. Өтіп кеткен соң бәрі айтқанға жеңіл. Әйтпесе, сол кездегі қыруар еңбектің бәрі еңбекақысыз атқарылды. Зүлфия жаттығуға өзі бара алмайды. Өзім алып келемін, өзім үйіне жеткізіп саламын. Жаттықтыратын тағы өзім. Жұмыстан бос уақытымның бәрін соған жұмсаймын. Кейде күн сайын түскі үзіліс кезінде немесе жұмыстан соң Зүлфияға қарай тартып бара жатамын. Бірақ, соған төленіп жатқан ешқандай айлық жоқ.

Дені сау спортпен салыстырғанда бұл спорттың бейнеті екі есе. Мүгедек-спортшының әр қайсысына бір бапкер керек. Мүгедек-спортшы кісі қолына қарап қалған адам. Өзің арнайы барып, үйінен алып шығып, көлігіңе өзің көтеріп отырғызып, жеткен соң көтеріп түсіресің. Жаттығуға дейін арбаны өзің итеріп барасың. Суға өзің түсіресің, өзің жәрдемдесіп шығарып аласың. Арбасына қайта көтеріп апарасың. Көрдіңіз бе, осының бәрі әр жаттығу сайын қайталанады.

– Қиындықтан қажыған кезде басқа бір спорттың түрін қолға алуды  ойлаған жоқсыз ба?

– Жоқ. Менің ұстанған принципім – бастаған шаруаны аяғына жеткізгенше тыным таппау. Рас, мүгедек-спортшыны жаттықтыру ең ауыр, ең жауапты, ең қорқынышты жұмыс. Ол денсаулығы жақсы болғандықтан арбаға таңылған жоқ. Жаттықтырамын деп жүріп оның зақымдалған жерін ауыртып алмауды ойлайсың. Керісінше ауруы асқынып кетсе қандай жаман. Өзің де қиналасың, оны да бейнетке салып қоясың. Сол жағын ойлағанда тіпті осы шаруаны доғара салғың келеді. Бірақ, айттым ғой, біздің мақсат көздеген межеге жеткенше ешқандай кедергіге қарамау болды. Дес бергенде, шәкіртім де өзіме сай табылды.

Бір жақсысы, Зүлфияда алған бетінен қайтпайтын мінез бар. Зүлфияның дарынды екені бірден байқалды. Жаттығуда ерінбейді. Талпыныс, құштарлық бар. Мінезі жайдары. Қиыншылықтан қорықпайды. Мүгедектік өмір оны әбден шыңдаған. Алдына қойған мақсатын орындауға келгенде одан табанды адам көрген жоқпын. Спортшыға ең керегі сол ғой.

– Сонда Зүлфия бала кезінен мүгедек пе екен?

– Иә, бес жасында көшеде көлік қағып кетіп, содан екі аяқтан баса алмай қалған. Бұрын балдақпен де аздап жүреді екен. Енді тек арбада отырады. Тұрмысқа шыққан. Он бес жастағы Гүлфия есімді қызы бар. Зүлфияның бойындағы қажыр-қайрат кебір ер-азаматтардың өзінен табыла бермейді. Ол өте шебер тігінші, әрі суретшілік өнерге де бейім. 1991 жылдан әр түрлі спорт түрлерімен шұғылданған. Себебі, дәрігерлер оған спортпен үнемі шұғылдану керек деп тапсырған. Өйтпесе, ауруы асқынып кетеді.

– Жаңа «екеуіміз үшін де құпиясы көп жүзу әлеміне кірістік» деп өттіңіз. Сонда ұстазға да, шәкіртке де құпия болған жүзудің қыр-сырын қалай үйрендіңіздер?

– Оңай болған жоқ. Жүзуге құмарлығы болмаса Зүлфияның білетіні аз.  Менің меңгергенім бокс саласы. Спорт басқармасында қызмет атқарған соң маған жаттығуға лайық бассейн табу күрделі шаруа болған жоқ. Қызмет мүмкіндігін жақсы пайдаландым. Жүзу мамандарын шақырып алып ақылдасамын. «Қалай жүздіріп жаттықтырған дұрыс? Зүлфияның шалқалап жүзуге ебі бар ма, әлде еркін жүзіп үйренгені дұрыс па? Бағдарлама жасап бересіңдер ме?» Жаттықтырушылар бастапқыда құлшына келеді де, жаттығуда Зүлфияның мүгедектігіне оңтайлы әдіске келгенде тосылып қала береді. Өйткені, олар да мүгедек-спортшыны жаттықтырып көрмеген ғой. Зүлфия олардың тапсырмасын орындай алмайды. «Онда мен білмеймін» деп олардың иықтарын қусырып тұрғаны. Енді не істейміз? Амал жоқ, өзіміз дұрыс деп тапқан әдістерге машықтана бердік. Өзім де жобамен түсіндім. Зүлфияға «кел мына әдіспен байқап көрейік» деймін. Біраз күннен соң «Жоқ, бұл әдіс дұрыс емес, енді басқа әдіспен жаттығайық» деймін. Бір жақсысы, ол ешқашан қарсы болмайды және ерінбейді. Еңбекқорлығы сұмдық. Өзін аяп қалған әйеншек біреу болса біз ұзаққа бара алмайтын едік.

Содан ең тиімді жаттығулар қандай? Жүзушінің бұлшық етін қайтіп жетілдіру керек? Бұл ретте біз интернетке көп үңілдік. Не керектің бәрі сонда екен. Америкалық әйгілі жүзу бапкерінің кітаптарын, жүзу әдістерін көп пайдаландым. Соларға өзіміздің тәжірибелерімізді қосып, құрама бағдарламалармен жаттығуды тоқтатпадық. Бірте-бірте жүзу саласына кәдімгідей бейімделе бастағандай болдым. Сонымен бес жылдай уақыт өтті. Осынша мезгіл тегін жұмыс атқару оңай шаруа емес. Қазір ғой, Таразда мүгедектерге арналған спорт клубы ашылған. Осы кезде клубтың директоры әрі жаттықтырушымын. Ал, сол уақыттарда еш жерде жаттықтырушы болып тіркелген жоқпын.

Бес жылдан соң еңбек ақтала бастады. 2012 жылы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алдық. 2011 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде дүниежүзілік ойындар болған. Жоғарыдағы атақ маған сол ойындағы спортшыларымыздың жетістіктері үшін берілді.

– Сөйтіп, шәкіртіңіз халықаралық спорт додаларда топ жара бастады? Зүлфия алған атақтардың көбін біз біле бермейміз. Негізгілерін айтып бере аласыз ба?

– Бірден басталған жоқ қой. Алдымен елішілік жарыстарда көзге түсті. Зүлфияның әлемдік аренадан көріне бастағаны 2011 жыл. Бірақ, 2012 жылғы Лондон олимпиадасында еш нәтиже көрсете алмадық. Оның көптеген себептері бар. Содан бастап біз алдымызға мақсат қойғанбыз. Төрт жылдық нақты жоспар жасадық. Аллаға шүкір, нәтижеміз жаман емес.

Бірталай қиындықтар болды. Бұрынғы сәтсіздіктердің себебі, оның класы, яғни, мүгедектік тобы дұрыс болмады. Жүзушілердің өзі 10 топқа бөлінеді. Зүлфия қазір 3-топта тұр. Басында 5-топта еді. Осы жолда көп қиналдық. Халықаралық паралимпиадалық комитеттің сараптаушылары көп кедергі жасады. Әйтеуір, қазір бәрі артта қалды. Зүлфия қалай 3-топқа қосылды, бірден үздік шықты. Сол бұрынғы көрсеткен нәтижелері. Бірақ, тобы өзгерген соң бағалау да басқаша болады.

Зүлфия осы күні алты дүркін әлем рекордын жаңартушы. 2013 жылы Голландияда дүниежүзілік ойындар өтті. Бұл сайыста 25 метрлікті – қысқа суда, 50 метрлікті –  ұзын суда жүзу деп атайды. Сонда қысқа суда 3 дүркін әлем рекордын жаңарттық. Ал, 2013 жылғы Монреальда өткен әлем чемпионатында50 метрлікте бір рет рекорд жаңарттық. Бір күміс, екі қола медаль алдық. Содан кейін екі мәрте Инчхонда жаңарды. ХІ Паразия ойындарының чемпионы атанды.

Зүлфия қазір жыл сайын нәтиже қосып келеді. Бірақ, жасы да ұлғайды. Биыл елу жасқа толады. Әйтеуір, кешенді жаттығу, жақсы күтім, ең бастысы, Зүлфияның құлшынысы күшті. Сондықтан олимпиада алтынына қолымыз жетуге тиіс деген сенімдеміз. Енді сол 2016 жылғы Рио-де Жанейро олимпиадасында жеңімпаз атануға барымызды салып жатырмыз.

– Мақсаттарыңызға жетуғе тілектеспіз. Алла жолдарыңыды оңғарсын!

Сұхбаттасқан Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

five × 1 =