IV паралимпиада ойындары аяқталды

Тамыздың 18-23 күндері Павлодар қаласында республикалық Паралимпиада ойындары болып өтті. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын бұл бәсекеде тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған және көру қабілеті төмен жеті жүзден астам мүгедек-спортшылар жеті спорт түрі бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Қарағанды облысы командалық бас жүлдені жеңіп алды.

pavlodar-2015

Бұрын қайда өтіп еді?

«Болғанына қарағанда болады деген қызығы басым түскен» тағы бір паралимпиадашылар бәсекесіне куә болдық. Себебі, бұл төрт жылда бір рет қана ұйымдастырылатын республикалық IV Паралимпиада ойындары ғой. Сонда алдыңғы ойындар қайда өткен? Бір қызығы, ілгеріде өткен бәсекелер жайлы жанкүйер былай тұрсын, спортшылар мен бапкерлердің өзінің жадында қалғаны там-тұм екен.

Би сайысы үстінде біз осы сауал төңірегінде Ардақ Отарбаевты сөзге тартқан едік. Оқырманға таныстыра өтелік, Ардақ Отарбаев арбамен билеуде соңғы екі-үш жыл көлемінде талай халықаралық жарыстардың бас жүлдесін иеленген саңлақ. Өткен жылы Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған. «Алдыңғы паралимпиада ойындарына қатысып па едің?» деген сауалымызға Ардақ бауырымыз: «Иә, дәл осы жарыс 2011 жылы Шымкент қаласында өткен. Қатысқаным рас. Бірақ, ол кезде мен би емес, жарысқа теннистен қатысып, бас жүлдені жеңіп алған едім» деп күлімсіреп жауап берді. Ал, бірталай жаттықтырушылар осы бәсекенің Шымкенттен өзге қай қалада болғанын еске түсіре алмады. Сондықтан біз алдымен аз да болса өткеннен сөз қозғауды жөн көрдік.

Дерекке сүйенсек, Қазақстанның І Паралимпиада ойындары 2001 жылы Астана қаласында өтіпті. Әрине, ол кезде мүгедек-спортшылар қатары қазіргідей емес, өте аз және спорт түрі де санаулы ғой. Алғашқы бәсекенің бас жүлдесі Алматы қаласынан келген команданың қанжығасына байланған.

ІІ Паралимпиада ойындары уақытты бірталай оздырып барып, 2007 жылы Алматы облысының Талдықорған қаласында ұйымдастырылыпты. Екінші мәрте өткізілген республикалық паралимпиада сайысының бас бәйгесін тағы да тәжірибесі мол алматылықтар жұлып түскен. Командалық екінші орынды Қарағанды облысы иеленсе, үшінші орын Астана қаласының командасына бұйырыпты.

Ал, ІІІ  Паралимпиада ойындары жоғарыда айтып өткеніміздей 2011 жылы Шымкент қаласында өткізілген. Қазан айының басында ту көтерген бұл бәсекеде де он бес команда арасынан Алматы қаласының командасы озып шығып, бас жүлдені талассыз иемденген. Сол жолы алматылықтар 47 алтын медальды кеуделерінде жарқыратыпты. Командалық екінші орын 27 «алтынға» қолы жеткен Алматы облысының, үшінші орын Қарағанды  облысының еншісіне жазылыпты.

Міне, қазақ Паралимпиада ойындарының қысқаша тарихы осы. Қатарынан үш рет жеңімпаз атанған алматылықтарға биыл  бас жүлде бұйыра ма, жоқ па? Осы сауал бәсеке аяқталғанша талай жанның көңілін күпті қылды…

Волейболда атыраулықтар «ұрып шықты…»

Отырып ойнайтын волейболшылар тілінде «ұру» сөзі жиі қолданылады. Шынында да, бұл ойын барысы күшті соққыдан тұрады. Жоғарыдан төмен қарай қырғын қуатпен құлаштап соққан доп зеңбіректен атылған оқтай зулайды. Екінің бірі тосып үлгермейді. Сондықтан болар, олар «жеңіп шықтық» дегенді де «ұрып шықтық» дей береді.

волейболБіздің білетініміз, отырып ойнау волейболынан Атырау облысының командасы өзге облыстан неше жыл көш ілгері келеді. Республика құрама командасы осы өңірдің жігіттерінен жасақталады. Кезі келгенде, бұл азаматтардың ұлттық құрамадағы дені сау волейболшыларды жолдастық кездесуге шақырып,  үш партия бойы «ұрып шыққаны» бар.

Волейбол жарысы Павлодар қаласының «Баянтау» спорт сарайында өтті. Расы керек, халықаралық жарыстарда сан мәрте жүлде иеленген командаға елішілік жарыста бәсекелес шақ келмейді екен. Атырау облысының волейболшылары ақтық сынға сыпыра ұтумен шықты. Өзгесі өзге, финалдық ойында олар қарсыластарын бір партияда тіпті 25:5 ұпай айырмашылығымен жеңіп жатты. Қорыта келгенде, бас жүлдені Атырау командасы талассыз алды. Сонда да бас бапкер Бауыржан Тахауовтың шәкірттерінің бұл ойындағы қимылдарына  көңілі толмай қалғанын аңдадық. Сұрап көріп едік, бас бапкер: «Енді аз уақытта біз Әлем чемпионатына аттанамыз. Рас, біздің жігіттер ойын барысында ешкімге бір партияда ұпай берген жоқ. Бірақ, бұлар болмайтын тұстан қателікті көп жіберіп жатыр» деп қынжыла бас шайқады.

Отырып ойнау волейболынан өткен сайыстың күміс медалі Ерік Қасқабаев тізгінін ұстаған Қызылорда командасына бұйырды. Қола жүлдеге Нұралы Құлышев баптаған маңғыстаулық волейболшылар қол жеткізді. Бұл көпшілікке өте таныс қорытынды. Көп жыл болды, бас бәйгені атыраулықтар бермейді. Ал, күміс пен қола жүлдені маңғыстаулықтар мен қызылордалықтар алма-кезек алып тұрады.

Арбамен билеуде бәрі жақсы сияқты

«Баянтау» спорт сарайында өткен арбамен билеушілер сайысына бара қалсаңыз қай жұпқа жақтасарыңызды білмей дал боласыз. Себебі, әуен ырғағымен мың бұрала билеп жүрген бишілердің ешбірінен кемшілік аңдамайсыз. Бәрінің биі әсем-ақ. Бірақ, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бишілердің де шын жүйрігі озады ғой. Төрешілерге барлығы айдан анық. Көп жүйріктің үздігін екшеп шығарды. «Комби стандарт. 1 класс» биі бойынша астаналықтар Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова жеңімпаз болса, «Дуо стандарт. 1 класс», яғни, екеуі де арбамен билеу түрінде тағы да Ардақ Отарбаев пен  Қарлығаш Тынабекова бас жүлдені иеленді.

DSCN4707Дәл осы би түрлерінің 2 класы бойынша жамбылдықтар Асқар Әшірімбетов пен Нарғыз Ахметова және Серж Авенесов пен  Нарғыз Ахметова топ жарды.

Би сайысында 2 алтын, 2 күміс медаль алған астаналықтар жеңімпаз деп танылды. Екінші орын Жамбыл, үшінші орын Атырау облысының бишілеріне бұйырды.

Қарағандылық жүзушілердің қарқыны қатты

Біздің болжам бойынша суға жүзудің бас жүлдесін Астана қаласы немесе Жамбыл облысы алуға тиіс еді. Өйткені, халықаралық жарыстарда жүлде алудан астаналық Әнуар Ахметов пен жамбылдық Зүлфия Ғабидуллинаның алдына түсер жүзуші жоқ қой. Сөйтсек, елішілік жарыстың жөні бөлек екен. «Шымыр» бассейнінде қарағандылық жастардың қарқыны қатты болып шықты.

Жарыс еркін жүзу, баттерфляй және шалқалап жүзуден түрлі қашықтық бойынша ерлер мен әйелдер арасында жеке-жеке өтті. Мұның ішінде тірек-қозғалыс мүшелері зақымданғандар мен көру қабілеті төмендер сайысы және бөлек болды. Үш күнгі сайыстың қорытынды кестесін көргендер еріксіз таңдай қақты. Әлия Рахымбекова, Наурызбек Сүлейменов, Сергей Кинах, Андрей Афанасьев, Наталья Звягинцева, Оксана Митякова бастаған бір топ қарағандылық жүзушілер табаны күректей 28 алтын медальды тек суға жүзуден ұтып алыпты. Оған 8 күміс пен 2 қола медальды қосыңыз. Салыстыру үшін айтсақ, қорытынды есеп бойынша командалық екінші орынды иеленген Алматы облысының барлық жеті спорт түрінен ұтқаны 25 «алтын» ғана. Сонда қарағандылық жүзушілердің жетістігіне қалайша таңдай қақпай тұрарсыз.

Бұл бәсеке түрінен Оңтүстік Қазақстан облысының жүзушілері екінші орынды, Астана қаласының жүзушілері үшінші орынды иеленді.

Пауэрлифтингке кіл мықтылар келіпті

Паралимпиада ойындарындағы тартымды сайыстардың бірі –  пауэрлифтинг, яғни, шалқалап жатып зілтемірді сығымдап көтеру сайысы. Төрт жылда бір өтетін бәсекеге еліміздегі әйгілі пауэрлифтингшілердің бірі қалмай келген сыңайлы. Күні кеше Ашық Азия чемпионатында жүлдегер атанған спортшылардың бәрі жүр. Күміс жүлдегер Раушан Қойшыбаева, қола жүлдегерлер Ақжол Жарылғапов, Гүлбану Әбдіхалықова, Нәдіржан Хамруллаевтар жарыс көрігін қыздырып жатыр екен.

хамаевБұл додада 16 команда толық. Сондықтан бәсекелестік те өте күшті болды. Әсіресе, 54 келі салмақтағы сайыста үш спортшының нәтижесі бірдей болып, таразы басы әжептәуір теңселіп тұрды. Үшеуі де 102 келіні көтерді. Мұндайда қай спортшының салмағы жеңіл болса, сол жеңімпаз. Сөйтіп, спортшыларды қайта таразылай келгенде салмағы 52.65 келі тартқан алматылық Арлан Атейбеков бас жүлдеге ие болды. Ал, салмағы 53.35 келі тартып, қарсыласы Фархетдин Акрамовтан бар-жоғы 10 граммға жеңіл болған қызылордалық Ерболат Әлімбетов күміс жүлдегер атанды. Пауэрлифтингте осындай тартысты сәттер жиі кездесіп жатады.

Әрине, бұған дейін де Алматы облысының зілтеміршілері елішілік жарыстардың бас бәйгесін ешкімге бұйыртпай келген-ді. Бұл жолы да Денис Орлов пен Әлімжан Сүлейменовтың шәкірттері жүлде біткенді сыпыра ұтып, 7 алтын, 3 күміс медальмен бірінші орынға табан тіреді. Екінші және үшінші орындарды нәтижелері деңгейлес болған Алматы облысы мен Павлодар облысы бөлісті.

Алматылықтарды атынан аударды

Жеңіл атлетика мен үстел теннисі, нысана ату сайыстарының жанкүйерлері де бей-жай емес. Әсіресе, жеңіл атлетиканың атауы жалғыз болғанымен, ондағы әр түрлі қашықтықтарға жүгіру, найза, ядро, диск лақтыру, ұзындыққа секіру сайыстарында топ жарғандардың санынан жаңыласыз. женил атлетЕң көп спортшы қатысқан жарыстардың бірі осы жеңіл атлетика. Бірақ, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген Аманат Қалқаев, Мағжан Нұрлыбаев, Айнұр Тайжанова, Алексей Лукутин сынды жүйріктер өз биіктерін ешкімге берген жоқ. Бұл додада 16 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен Алматы қаласының командасы бас жүлдені иеленді. Екінші орын Алматы облысының, үшінші орын Солтүстік Қазақстан облысының командаларына бұйырды.

женил атлет-1Үстел теннисі сайысы төрт түрде өтті. Тірек-қозғалыс   мүшелері зақымданған ерлер мен әйелдер бәсекесі бөлек болса, теннисті қосарланып ойнау ерлер мен әйелдер арасында тағы жеке-жеке өткізілді. Сөйтіп, төрт ойын түрін қорытындылай келгенде үстел теннисінен Павлодар облысы 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен бірінші орынға табан тіреді. 3 алтын, 1 күміс медальды олжалаған Алматы облысы екінші орынды, 3 алтын, 1 қола медаль алған жамбылдықтар үшінші орынды қанағат тұтты.

теннисПаралимпиада ойындарындағы тып-тыныш сайыс – нысана ату. Қимылдары марғау тартқан санаулы спортшы, мүлгіген тыныштықты бұзудан сақтанған жұп-жуас жанкүйерлер. Бапкерлердің өзі аяқтарының ұшымен жүріп, сыбырлап сөйлеседі. Сарт-сарт атылған пневматикалық мылтық үнінен өзге оқшау шыққан дыбыс жоқ. Демін ішіне тартқан жұрттың баққаны екі-үш нысана. Басқа ойындардағыдай айғайға қиқу қосу мұнда жоқ.

Нысана атуда да павлодарлық мергендер 4 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен бас жүлдеге ие болды. Екінші орынға 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль алған Алматы облысының, үшінші орынға жалғыз алтын медаль иеленген Қостанай облысының командасы жайғасты.

Сөйтіп, соңғы күні IV Паралимпиада ойындарының жеңімпазы анықталды. Қазақы теңеумен айтсақ, бұрын қатарынан үш рет бас бәйге алған алматылықтар атынан ауып түсті. Аударып кеткен қарағандылықтар болды. Үш күнгі сайыста Қарағанды облысының командасы 36 алтын, 15 күміс, 4 қола медаль ұтып, алғаш рет IV Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Командалық екінші орын 25 алтын, 15 күміс, 6 қола медаль алған Алматы облысына бұйырды. Ал, 23 алтын, 10 күміс, 12 қола медаль иеленген Алматы қаласының командасына үшінші орынды қанағат тұтуға тура келді.

Сын айтылмай, мін түзелмейді…

IV Паралимпиада ойындары еш мінсіз өтті десек, жалған айтқандық болар. Кемшілік әр тұстан байқалды. Әсіресе, жарыстар өткізілетін орындардың даярлығы еш сын көтермей тұрды. Басқасы басқа, бұл жолы жүзушілердің өкпесі қара қазандай болып қайтқаны анық. Өйткені, оларға арналған «Шымыр» бассейні спорттық талапқа мүлде сай келмеді. Сірә, бұл ересектерге емес, жасөспірімдерге арналған бассейн болса керек, себебі, аумағы тар, суы өте таяз. Жүзушілеріміз мұндай басссейнде қалай құлашын жазып, құлшынып жүзе алсын?

атушыларТағы бір ыңғайсыздықты, нысана атушыларға барғанда көрдік. Әйтеуір, аты нысана атуға арналған демесе, көзге қораш көне ғимарат беріліпті. Оның іші де, нысана орнатылған құралдар да тым жұпыны-ақ. Тіпті, бұл жерде паралимпиадалық ойындар емес, жай ғана жаттығу өтіп жатқан сияқты. Өйткені, бұл төңіректе жарыс туралы жарнама былай тұрсын, ойынның атауы жазылған тілдей қағаздағы жалғыз жол жазу жоқ. Жарнама дегенде,  жарыстар өтіп жатқан басқа спорттық кешендердің де айналасында паралимпиада ойындарын әйгілейтін ірі баннерлер көзге түспеді. Ал, қала көшелерінде мүлде кездеспейді.

белова атуРеспубликаның төрт жылда бір ұйымдастырылатын Паралимпиадалық ойындарына қатысқан облыстар командаларының толық болмауы да үлкен олқылықтың бірі. Атап айтқанда, үстел теннисі, пауэрлифтинг және жеңіл атлетикадан ғана 16 команда толық болды. Ал, отырып ойнау волейболы сайысы небары тоғыз команда арасында өтті. Осы уақытқа дейін Астана қаласы және Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстары әлі күнге отырып ойнайтын волейболшылар командасын жасақтай алмай келеді. Сондай-ақ, нысана ату, арбамен билеу сайысы кейбір облыстарда мүлде қолға алынбаған.

Сынның айтылуымен мін түзеледі. Алдағы уақыттағы Паралимпиада ойындарын ұйымдастыру барысында осындай кемшіліктер болмай жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Ойын үстінде көрген олқылықтарды айтудағы біз діттеген мақсат та сол…

Төлеген Жәкітайұлы,
«Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған
спорттық даярлау орталығының» баспасөз қызметі

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

fifteen − 8 =