Сегіз қырлы, бір сырлы

АҚШЫМЫРАУДЫҢ АҚЖОЛЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев:  «Қазақстан-2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналысуы тиіс. Бізде ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуі тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Олар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді» деген еді. Қазіргі кезде елімізде  мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл – Президент жолдауының жүзеге асып жатқанының айқын нәтижесі. 

Біздің ауданымызда мүмкіндігі шектеулі 300-ге жуық жас тіркелсе, оның 60 пайызы еңбекке жарамды. Бұл дегеніңіз, еңбек етуге құштар жастардың  мол мүмкіндігі бар деген сөз. Ауданымызда өткен жылдың өзінде 20-дан астам мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасты.  Сондай жандардың бірі болашағынан зор үміт күттіретін Ақжол Қондыбайұлы Нәдіров. Ол Маңғыстау ауданы, Ақшымырау ауылында қарапайым отбасында 1994 жылы  4-ші қаңтарда дүниеге келді. Бала кезінен-ақ есту,  сөйлеу қабілетінен айрылған Ақжолдың тағдыры бөлек болды. «Ол отбасында тоғыз  баланың кенжесі. Төрт ағасы, төрт апасы бар.  Ақжол өзге балалардан ерекше. Оның спортқа деген қарым-қабілеті ерекше болатын-ды» дейді әкесі Қондыбай.

Ақжол Қондыбайұлы НәдіровАқжол Ақтөбе қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатта оқыды. Ақтөбеде Ақжолдың екінші тынысы ашылды. Өйткені, осында оқып жүріп-ақ ол жаңа достар тауып, спорттың грек-рим күресі түрінен мүмкіндігі шектеулі жастар арасында өткен қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, бағын сынады. Жарыстарға қатысуы   бала Ақжолды арманына бір қадам болса да жақындата түсті. Ол интернатта  жүрген кезінде  «шаш қию және сәндеу» мамандығы бойынша   курсты қоса оқыды.  Оқуда озат, өнерге бейім болды. Спортсүйер  жас  білім ордасының намысын талай додалардан қорғап, өзінің мықтылығын дәлелдеді. Грек-рим күресінен бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді. Астана қаласында өткен есту қабілеті нашар спортшылар арасындағы ҚР чемпионатында 74 кг салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынса, еркін күрестен екінші орынды иеленді. Қарағанды қаласында өткен чемпионатта да алтын алқа алған жас спортшының облыстық, аудандық турнирлерде талай топ жарғаны өз алдына бір әңгіме. Оның шағын футболда бірнеше рет жеңіске жеткені бар. Оған қоса кір тасын көтеруден өткен сайыстарда жүлделі болды.

Ақжол қылқалам шебері. Туған жердің әсем табиғатын, Маңғыстаудың әйгілі мекендерін бейнелеген суреттері көптеген байқауларда мамандардың назарына ілікті. Астанада өткен «Жұлдыз-ай» балалар шығармашылығы фестивалінде, «Тыныштық әлеміндегі көңіл шығармашылығы» атты Ақтөбе облыстық сайысында жақсы бағасын алды.  Өткен жылы «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» алғашқы республикалық сайысында Ақжолдың ауданнан бірінші орын, облыстан үшінші орын алуы да  оның бейнелеу өнеріндегі талғамының жоғарлығын көрсетсе керек.

Ақтөбедегі мектеп-интернатта екі жылдай  кәсіптік білім алған Ақжолды өз ісінің шебері  деп  мақтана айтуға болады. Осы күні оған «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп сыртынан сүйсінетіндер көп. Ақтөбеде жүрген кезінде бірнеше қалалық  сайыстарда  кәсібінің қыр-сырын шебер меңгерген маман ретінде өзін көрсете білді. Шаш үлгісін жасаудағы ұшқыр қиялы мен  шаш қиюдағы шеберлігі көптің көңілінен шыққан жас шебердің бұл салада да алған марапаты өз алдына бір әңгіме.

Әр өңірдегі ауылдарда Ақжол сынды тепсе темір үзетін қаншама жігіттеріміз бар десеңізші. Осындай талапты, жігерлі жастарымыздың қашанда да жұлдызы биік. Ең бастысы,  олардың өмірге деген сенімі сейілмей, көңілі құлазымаса болғаны. Ақжол – саған сәттілік!

Аллаберген Қонарбаев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

four × 3 =