2 алтын, 3 күміс пен 1 қола – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

2 алтын, 3 күміс пен 1 қола

Есту қабілеті төмен балуандардың Белорусь елінде өтетін халықаралық жарысқа аттанып кеткенін хабарлаған едік. Бүгін аяқталған осы дүбірлі додадан сүйінші хабар жетті. Ерназар бапкердің шәкірттері ер екен. Балуандарымыз 2 алтын, 3 күміс пен 1 қола медальді жеңіп алыпты.

2 алтын, 3 күміс пен 1 қола

Жеңімпаз балуандар. Алдыңғы қатарда сол жақтан екінші тұрған бапкер Ерназар ҚОНЫСБАЕВ

Сурдлимпиадашылар арасында еркін күрестен өткен бұл жарыс балуандарымыздың бабында екендігін көрсетті. Астанадан аттанар алдында «Осы бәсекеде алтын бастаған бірнеше жүлдеге қол жеткізуге тиіспіз» деген Қонысбаев Ерназар бапкер уәдесінде тұрды. Қазақстаннан барған жеті балуанның алтауы жүлделі орынды жеңіп алды. Жыл басындағы алғашқы жарыстан 2 алтын, 3 күміс пен 1 қола медальді жұлып түсу оңай-оспақ олжа емес. Біздің жігіттер ерледі. Нұрсұлтан Дүйсенбиев пен Ғабит Есжанов қарсылас шақ келтірмей, ақтық сайысқа сүрінбей жетті. Белорусьтің Бобруйск қаласында екі мәрте Қазақтың әнұраны шырқалып, екі дүркін көк байрағы аспандап тұрды.

Бағдат Сәбитов, Шонху Хайратхан және Рахымберлі Қабылбеков финалда тек кілем иелерінен ұтылып, күміс медальді кеуделерінде жарқыратты. Ғалымбет Молдашев болса қола медальді қанағат тұтты.

2014 жылы Арменияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында грек-рим мен еркін күрестен де белдесіп, қос күміс медальді иеленіп қайтқан Мұхтар Есенғосұлының ғана бұл жарыста жолы болмады. Жас балуан тәжірибесінің аздығынан алғашқы айналымда-ақ қапы кетіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Балуандардың жеңісі баршамызға ортақ қуаныш. Беларусь елінен қанжығалары қомақты оралған азаматтарға жеңістерің құтты болсын дейміз!

  1. Ғабит Есжанов (65 келі) – алтын медаль.
  2. Нұрсұлтан Дүйсенбиев (57 келі) – алтын медаль.
  3. Бағдат Сәбитов (74 келі) – күміс медаль.
  4. Шонху Хайратхан (125 келі) – күміс медаль.
  5. Рахымберлі Қабылбеков (97 келі) күміс медаль.
  6. Ғалымбет Молдашев (65 келі) – қола медаль.

Арнайы«tagdyr.kz» үшін
Айдын АНАПИН,
Белорусьтің Бобруйск қаласынан хабарлайды.

1 пікір

  1. Karlygash

    27.02.2015 at 11:55

    Жарайсыңдар, осы сайттан біздің спортшыларымыздың жетістіктерін оқып, біліп отырғанға өте қуаныштымын! Жетістіктерің құтты болсын! Тек алға!

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

sixteen − 6 =