Жыл сайын өтетін жарыстардың ішіндегі ең соқталысы – әлем чемпионаты. Сондықтан болар, спорттың сиқырына арбалған жанның қызыға көз тігетіні, елеңдеп, алаңдайтыны осы жарыс. Мейлі, ол спортшы, жаттықтырушы, тіпті, жанкүйер болса да, сол дүбірлі доданы асыға күтеді.
Міне, тағы бір байрақты бәсекенің туы көтерілер күн таяп қалды. 13-19 шілде аралығында Ұлыбританияның Глазго қаласында жүзушілер арасындағы әлем чемпионаты басталмақ. Қазақ паралимпиадашыларының бетке ұстар үздіктері осы жарысқа қапысыз даярлануда. Бұл күнде біздің жүзушілеріміз Алматыда қаласында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиынында. Жаттығатын орны – Орталық стадион. Жатын орындары – «Сансити» қонақ үйі. Жаттықтырушылары – Наталья Манохина.
Иә, биылғы әлем чемпионатына Қазақстан құрамасын Наталья Монохина бастап бармақшы. Осы тұста «Сонда шәкірттері талай әлемдік додада топ жарған әйгілі Загородний қайда?» деген сұрақтың тууы заңды. Жауап бере өтейік, Загородний мырза дін аман. Бірақ, Владимир Кириллұлы денсаулығына байланысты соңғы бірнеше жарыстан шет қалып отыр. Құдай қуат берсе, Загородний мырза енді бірнеше ай жүзінде бапкерліктің бәйге торысын қайта ерттеп мінбекке құлшынуда.
Жыл басынан бері, басқасын айтпағанда Оңтүстік Кореяда өткен Әлем ойындарынан және Башқұртстан, Испания, Бразилияда өткен жарыстардан қомақты олжа алып, әбден бабына келген бұл спортшылар алдағы әлем чемпионатында да алдыңғы орыннан көрінеді деген үміт басым.
Айдын Анапин,
ДМШТАСДО-ның әдіскері