Әлемнің ұзыны мен аласасы – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Әлемнің ұзыны мен аласасы

Жаратушы Алла жер бетіндегі саны жеті миллиардтан асқан адамзат баласының басына сан түрлі тағдыр жазған. Осынша адамның бітім-болмысының өзі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Қабылет-қарымы, білім-біліктілігі тағы сондай. Осындай ерекшеліктерді жіпке тізгендей теріп алып, жаһан жұртының назарына ұсынып отыруды үрдіске айналдырған Гиннестің рекордтар кітабы бар. Егер қызығушылықпен қолға ала қалсаңыз, сан қилы ұлт өкілдерінің небір таң қалдырар деректерін оқып айран-асыр күйге түсесіз.

Реті келгенде айтып өтейік, Гиннестің рекордтар кітабына тұңғыш кірген қазақ ұлы – Марат Жыланбаев. Әйгілі желаяқ марафоншы есімі 1991-1993 жылдары бұл кітапқа жеті мәрте енгізілгенін бұл күнде біреу білсе, біреу білмейді.

Осы әлемге мәшһүр кітаптың 60 жылдық мерейтойы аталып өткен. Лондонда ұйымдастырылған бұл атаулы мерекеге әлемнің ең бойы ұзын адамы мен ең бойы аласа адамы арнайы шақырылыпты. Дүние жүзіндегі бойы ұзын он адамның алдына түскен түрік баласы Сұлтан Кесен болыпты. Сұлтанның бойының ұзындығы – 2 метр, 51 сантиметрге жеткен. Ал, жер бетіндегі ең бойы аласа он адамнан да қысқа шыққан непалдық Шандро Данги екен. Дангидің бойының бар-жоғы – 54,6 сантиметр ғана.

Сұлтан Кесен мен Шандро Данги

Әлемдегі ең ұзын адам Сұлтан Кесен мен ең аласа адам Шандро Данги

Рекордтық кітаптың 60 жылдық мерейтойында осы екі ерекше адам бір-бірімен жолыққан. Дұрысы, Сұлтан жігіт Данги ақсақалға сәлем бере барған. Шандро Дангидің жасы осы күні 75-ке қараған көрінеді. Непалдың бір түкпірінде жетпіс жыл тып-тыныш өмір сүрген оның есімі тек 2012 жылы ғана әлемге әйгілі болыпты. Ал, түрік баласы Сұлтан бұған дейін бойының ұзындығымен қыз-келіншектерді үркітіп келген. Енді жер-жаһанға аты шыққан соң, Сұлтан бойдақ шаңырақ құрсам деп армандай бастапты.

Міне, әлемнің ең бойы ұзын және бойы ең тапал адамы туралы біз оқыған мәлімет осындай. Суреттері көз алдыңызда. Ал, біздің елде ше?

ПАРАЛИМПИАДАНЫҢ ҰЗЫНЫ мен АЛАСАСЫ

Демеуов ЛукутинБіз Қазақстанның ең ұзыны мен ең аласа адамын іздеп алысқа барғанымыз жоқ. Өзіміз сол салада жүрген соң, паралимпиадашылардың арасындағы екі жерлесімізді екшеп алдық. Оның бірі – атыраулық Демеуов Александр, екіншісі – қостанайлық Лукутин Алексей. Былайғы қалың жұрт біле қоймаса да, қазір Қазақстан паралимпиадашыларының ішінде бұл екеуінің есімі өте танымал.

Александр Демеуов

Александр Демеуов

Александр Демеуовтің отырып ойнау волейболында шеберлік шыңдағалы бірнеше жыл. Еліміздің отырып ойнау волейболы құрама командасының белді мүшесі. Александр осы спорт түрінен бірнеше дүркін республика чемпионы және Пара Азия жүлдегері атанған.

Алексей Лукутин

Алексей Лукутин. Александр мен Алексейдің табиғатында бір ұқсастық бар. Екеуі де мүсіндермен «әзілдескенді» жақсы көреді

Ал, Алексей Лукутиннің жеңіл атлетика саласында тер төккеніне он жылға таяп қалды. Алғашқыда, пауэрлифтингпен шұғылданып бастаған Алексей келе-келе басқа да спорт түрлерімен айналысып, найза, ядро, диск лақтырудан жүлделі орындарды иеленген. Әлемдік паралимпиада ойындарына, Пара Азия ойындарына қатысушы, республиканың бірнеше дүркін чемпионы.

Міне, байқап отырған боларсыздар біздің елдің ұзыны мен аласасы екі қолын қусырып, қарап жүрген жай жігіттер емес. Спорттық бәсекелерде қазақтың намысын қорғап, еліміздің атын шығаруға үлес қосқан спортшылар. Сондықтан бұл екеуі туралы жеке-жеке таныстыруды жөн көрдік. Бойлары жайлы емес, жігерлі, табанды жігіттердің біз білетін бірер қыры туралы баяндап көрмекпіз.

Азия волейболшыларының алыбы
Александр Демеуов туралы

Егер отырып ойнайтын волейбол командасының жарысында болсаңыз, яки, осы команда жиналып түскен фотосуретті көре қалсаңыз ірі тұлғасы еріксіз көз тартатын Александрді байқамай қалуыңыз мүмкін емес. Отырысының өзі атандай, қолдары күректей мұндай алып спортшының өзге елдерде кездесуі неғайбыл. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ІІ Пара Азия ойындарында көзіміз көрді. Александр сияқты алып жігіт азиялықтардың командасында болған жоқ. Сондағы байқағанымыз, отырып ойнайтын волейболға Сашадай сұңғақ бойлылар таптырмайтын қорғаушы екен. Ортаға Александр шыға қалғанда біздің жақтың шебі кәдімгі тасқамал. Рас, оның қимылы баяу, бірақ, соның өзінде сол бәсекеде ең көп доп соққан Саша болды. Жұрттың төбесінен қарап, доптың қалай ұшқанын жіті қадағалайтын ол ұрымтал сәтті қапы жібермейді. Қиялап бара жатқан допты ұзын қолымен қағып қалып, қарсы жаққа қадай ұрады. Ондайда өте шапшаң-ақ. Александрдің гүрзідей қолымен ұрған зілдей соққысын қайтаратындар некен-саяқ. Саша құлаштап соқты дегенше, ұпай саны еселенді дей бересіз.

Волейболшы Александр Демеуов

Волейболшы Александр Демеуов

Сондықтан шығар, Қазақстан құрама командасының бас бапкері Тахауов Бауыржан мырзаның: «Шіркін, біздің командада мына Саша сияқты жігіттердің үш-төртеуі болғанда, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болған ирандықтарды баяғыда аттарынан аударып кетер едік» деп жиі айтатыны. Баукеңнен болмыс-бітімі ерекше осы шәкірті туралы суыртпақтап сыр тартамыз. «Бауке, Александрдың фамилиясына қарап ойлана береміз. Демеу қазақтың аты сияқты ғой?» десек, ол кісі: «Е, білмейді екенсіңдер ғой, ол біздің жиен емес пе? Қазақша сайрап тұр» деп қасқа маңдайы жарқырап, жадырай күледі. Қалжың-шынын айыра алмай қаламыз. «Мұндай ірі жігітті қалай таптыңыз? Тумысынан осындай алып па?» деген сауалымызға: «Бала кезінде Сашаның аяғына ота жасалған. Содан бастап тым тез өсіп, осылай іріленіп кеткен. Әйтпесе, оның туған бауырының басқалардан ерекше ештеңесі жоқ» деген жауап алдық. Ал, шәкіртінің спорттағы жетістігі, оның еңбекқорлығы туралы Баукеңнің айтқандарын ықшамдап алсақ, төмендегідей.

Александр Демеуов Атырау өңірінің тумасы. 1986 жылдың наурызында дүниеге келген. Бойы – 2 метр, 17 сантиметр. Отырып ойнайтын волейболмен айналысқанына бірнеше жыл. Мінезі біртоға, тұйық көрінгенімен табиғаты жайсаң жігіт. Ойын-қалжыңға төзімді, сабырлы. «Қазақша үйрену оңай, печеньені пшинә дей бересің» деп өзі де қазақы әзіл құрастырып жүреді. Атырау командасы сапында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған. Қазақстан құрама командасының белді ойыншысы. Азияның күміс жүлдегері.

Біздің елдегі бойы ең ұзын паралимпиадашы туралы сөзді осы тұстан түйіндейік. Алдағы уақытта Александрмен сұхбаттасудың сәті түссе, білгіміз келген көп әңгімені оның өзіне айтқызып аламыз…

Үлкен жүректі кішкентай жігіт
Алексей Лукутин туралы

 

Кіндік қаны Ресейде тамған Алексей Лукутин шыр етіп дүние есігін ашқанда дәрігерлер «оның өмірі ұзақ болмайды» деген тұжырымға келіпті. Тіпті, анасының оны үйге алып кетуіне қарсылық білдірген. Сонда жөргектегі мүгедек сәбиді анасы мен әжесі перзентхананың терезесінен алып қашып кеткен. Соңынан Қазақстанға қоныс аударады. Алексейдің ержеткен, білім алған жері Қостанай облысының Лисаковск ауданы.

Жігерлі жігіт тағдырдың талқысына мойымай өскен. Орта мектептен соң бірден мамандық алуға күш салыпты. Алдымен бизнес мектебінде бухгалтерлік курс оқып, есепші мамандығын алады. Лисаковск техникалық колледжін тәмамдайды. Одан соң Қостанай мемлекеттік университетінде оқып, компьютер бағдарламашысы мамандығын алып шығады. Осы күндері Алексейдің негізгі кәсібі осы салада.

Жеңіл атлетші Алексей Лукутин

Жеңіл атлетші Алексей Лукутин

Қашан көрсеңіз қабағы ашық, сергек қалпынан айнымайтын Алексейді сыртынан «Жеңіл атлетиканың жігіті» деп таниды. Себебі, жеңіл атлетикада ол айналыспаған спорттың түрі кем де кем шығар. Өзінің айтуынша, ол мектепті жақсы бағамен аяқтапты. Бірақ, оны дене шынықтыру сабағына еш қатыстырмаған. Содан шығар, Алексей кейіннен спортпен құлшына шұғылданған.

Алексей алғашқыда пауэрлифтингімен айналысқан. Жетістігі жаман болмапты. Басқасын айтпағанда, Азия бәсекесінде 48 келі салмақпен шалқалап жатып 125 келіні көтерген кезі бар. Бірақ, техникалық қателіктен бұл жетістігі есепке алынбаған. Ал, елішілік паралимпиадашылар бәсекесінде аянып қалған кезі жоқ. Сан мәрте ел чемпионы атанды. Найза лақтырып сайысты. Ядро мен диск лақтырудан өткен жарыстардың ешбірінен қалмады. Маңдай терін төгіп жаттығудан жалыққан емес. Төккен тері де зая кетпеді. Спорттағы жетістіктері үшін талай марапаттарға ие болды. Спортпен шұғылданғанының арқасында жер шарының сан түкпірін аралап шықты. Паралимпиадаға қатысып көрді. Пара Азия ойындарында, Пара Азия Кубогында бақ сынады.

Алексей Лукутиннің спорттағы біз білетін соңғы жетістігі – Дубайда өткен халықаралық жарыс. Ақпанның соңында аяқталған «Fazaa» атты жеңіл атлетшілер бәсекесінде Алексей ядро лақтырудан қола медальді жеңіп алды. Тіпті, оның жетістігі алғашқыда әлемдік рекорды деп саналды. Бірақ, жарыс қорытындысында белгісіз себептермен рекордтар қатарынан алынып тасталды. Сөйтіп, Алексейдің жақында әлемдік рекорд жасай жаздағаны бар. Алған бетінен қайтпайтын қайсар жігіт, болашақта Паралимпиада жеңімпазы атануға құлшынып жүр. Біз білетін Алексей, айтқанын орындамай тыным таппайтын азамат.

Қазақстанның отырып ойнау волейбол құрама командасы

Қазақстанның отырып ойнау волейбол құрама командасы

Міне, қадірлі оқырман. Әлемнің ең ұзын және ең аласа адамы тек суретке түсіп жер жаһанға әйгілі болса, біздің жігіттер паралимпиада майданында маңдай терлерін төге жүріп есімдері елге таныла бастаған спортшылар. Паралимпиада бәсекесі де оңай-оспақ сын емес. Бұл жігіттермен сәті түсіп жүздесе қалсаңыздар, қолдарын қысып, құттықтай жүріңіздер. Мерейлері өсіп қалсын…

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

5 × 5 =