Бүгін арбамен билеуден еліміздің үздік спортшысы Ардақ Отарбаевтың туған күні!
Ардақ Отарбаев қазіргі кезде – «Қазақстан» телеарнасындағы әлеуметтік жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі қызметін атқарады.
Паралимпиада спортына осындай еңбек сіңірген Ардақ Отарбаевты туған күнімен құттықтай отырып, осы шағын сұхбатты назарларыңызға ұсындық. Арба биінің саңлағын Сіздер де жақын тани жүріңіздер.
– Ардақ, әңгімені өзіңніңотбасыңнан, туған жерден бастасақ…
– Иә, менің туған жерім осы Астанадан аса алыс емес Астрахан ауданына қарасты Жамбыл атты ауыл. Қырық жылдан асты, әкем Рахметолла сол ауылдың орта мектебінде ұстаздық қызметте. Алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Анам Айсұлу үй шаруасынанан, бала тәрбиесінен қол үзбеген кісі. Мен үйдің үлкенімін. Інім Ернар және Дамира, Фарида есімді қарындастарым бар. Келіншегімнің есімі – Гүлсім. Ерасыл атты ұлымыз қазір екінші сыныптың оқушысы. Ата-әжесімен бірге ауылда. Ауыл жақсы ғой. Бірақ, ұлымыздың Астанада білім алғанын қалаймыз.
Ата демекші, менің атам Мәнап Отарбайұлы да Жамбыл ауылының мектебінде ұстаз болған кісі. Математика пәнінен сабақ берген. Мәнап атамның есепке жүйріктігі осы өңірге мәлім болған. Атамды көзі көрген үлкен кісілердің айтуынша, ол кісіні сонау Көкшетаудан арнайы іздеп келіп, ең күрделі есептердің жауабын шығартып алып қайтады екен. Осындай әңгімелерді естігенде «Мен сол кісінің немересімін» деп бір марқайып қалатынмын.
Әкемнің тәрбиесі шығар, мен мектепті тәмамдаған соң бірден әскери оқуға түсуге талап қылдым. Қатарынан үш рет барсам да «денсаулығың жарамайды» деген дәрігерлер қорытындысы кедергі болды. Алматының әскери академиясы, Қарағанды мен Павлодардың әскери училищелеріне құжат өткіздім. Білмеймін, бала кезден шынығып өстік. Еркін күрестен жақсы нәтижем бар. Кейін бокспен шұғылданып, тіпті, каратэмен де айналыстым. Дәрігерлердің сол анықтамаларына осы күнге дейін таңмын. Содан әскерге аттандық.
– Әскер қатарында болдың ба?
– Иә, оқудан меселім қайтқан соң, 1999 жылы көктемде әскерге өзім сұранып кеттім ғой. Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына қарасты Майқапшағай деген бекетте шекара күзетінде болдым. Мақтаныш болса да айтайын, сарбаздар арасында кілең үздік нәтиже көрсететін едім. Автоматты бұзып, жинау, нысана көздеу, түрлі әскери жаттығу жарыстарында алдыма адам түсірмедім. Өйткені, менің әкем алғашқы әскери даярлық пәнінің ұстазы ғой. Намысқа тырысамын ғой баяғы.
Әскерде байланыс жүйесі мамандығын меңгердім. Тыным таппаймыз. Аз уақытта шекара бойындағы дабылдар жүйесін сақадай сай қылып шықтық. Бір қызығы, менің алдымда жеті-сегіз жыл бойы бір де бір шекара бұзу оқиғасы тіркелмепті. Ал, дабыл жүйесін біздің қолға алуымыз мұң екен, шекара дабылы айғай-сүреңді салды. Шекара бұзу оқиғасы 2001 жылдың көктеміне дейін алты-жеті рет болды. Бірнешеуін өзіміз ұстадық. Көбінесе Қытайдан рұқсатсыз өткісі келетін өз қандастарымыз. Ішінара қытайлықтар да кездесті. Шекарадағы қырағы сарбаздар ретінде бір рет «Жас алаш», бір рет «Сақшы» газеттеріне суреттеріміз жарияланды. Демалыс беріліп, ата-анамды да қуантып қайтқанмын. Әскери өмірдің өзі бір ұмытылмас кезең ғой. Бірге болған достарымның біразы осы Астанада, хабарласып, үйге келіп тұрады.
Әскерге барып меңгеріп қайтқан байланыс жүйесі мамандығын келген соң да жалғастырдым. Астана қаласында күзет саласындағы дабыл жүйесінде жұмыс істедім. 2006 жылғы тамыз айындағы жол-көлік апатына дейін сонда едім. Осы сала бойынша колледжді оқып, дипломын алғанмын.
– Көлік апатына 2006 жылы түстің ғой?
– Осы Астрахан тас жолында. Түн еді. Жол ойдым-ойдым, шұңқыры көп. Өте жоғары жылдамдықта келіп бір шұңқырға көлігімнің дөңгелегі түсіп, майысқан. Көлігім аударылып, өзім есімнен танып қалғанмын. Алдымдағы көлікте Самат деген досым бар-тын. Ол қайта айналып келгенде көлігім бір жерде, өзім бір жерде жатыппын. Жарақаттарым өте ауыр еді. Ішектерім үзілген, бауыр езілген, өтім бұзылған. Омыртқаларым сынған, жұлынға зақым келген. Қайта-қайта ота жасалады. Тек іш құрылыстарын тазалауға бір ота. Одан соң омыртқаның өзіне жеке ота. Новосибирьскіден білікті дәрігер шақыртылып, сынған сүйек қалдықтарын тазалауға төртінші ота жасалды. Сонда жүрегім тоқтап қалып, электр қуатын соқтыру арқылы жүрекке қозғау салыпты. Алланың бұйыртқан ризығы таусылмағандықтан шығар, бір айдан соң қайта ота жасатуға дайындалдым. Достарым көптеп-көмектеп қаржы жинап, мені ұзынымнан жатқан қалпымды автобуспен Новосибирьскіге алып барды. Сол жерде менің сынған омыртқамды алып тастап, орнына металл омыртқа салынды. Қосымша пластина арқылы оны басқа омыртқаларға бұрандаменмен бекітіп тастаған. Не керек, ақырында осылай отыра алатын жағдайға жеткізді. Осыған қатты қуандық қой. Содан бері, бірталай жыл өтті. Отадан бетім қатты қайтып қалыпты. Бұрандалармен бекітілген пластинаны алдыртып тастау уақыты жетсе де, беттей алмай жүрмін.
Көлік апаты өмірді басқа арнаға бұрып кетті. 2006 жылы күзде осы Гүлсім келініңізбен шаңырақ көтеруге қамданып жүр едік. Жақсы көлікке қол жетіп, енді той үшін қаражат жинап жатқан кезім-тін. Біз келер жылында отау көтердік. Ең бастысы, отбасымызда татулық бар. Мына жатақхана бөлмесін жалдап тұрып жатқанымызға бірнеше жыл. Сол 2007 жылдан пәтер кезегіндеміз. Аллаға шүкір, қолымыздан келген кәсіпті атқарып жатырмыз. Гүлсім келініңіз сән салонында. Менің жұмысым кейінгі жылдары тіпті көбейіп кеткендей. Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет атқардым. Мүгедектер қоғамындамын. Сарыарқа ауданы әкімінің мүгедектер мәселелері жөніндегі кеңесшісімен. «Қазақстан» телеарнасындағы әлеуметтік жаңалықтар бөлімінің жүргізушісімін. Аптасына бірнеше мәрте арбамен билеу жаттығуына барамын. Бос уақытым өте аз. Мен соған шүкіршілік етемін.
– Журналистік қызмет қалай басталды?
– Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет атқарып жүрген кезім. Сонда естідім. «Қазақстан» телеарнасы «Жан жылуы» бағдарламасы үшін «кастинг» жүргізіп жатыр екен. Таныстарым «Барып көрсеңші» деп үгіттеген соң мен де қатыстым. Бір айдан соң «Сіз қабылдандыңыз» деген хабар келіп тұр. Сөйтіп, алдымен «Жан жылуы» бағдарламасының, кейіннен басшылар ұсынысымен әлеуметтік жаңалықтардың жүргізушісі қызметін атқарып кеттік. Мүгедектер мәселелері жетіп-артылады. Әсіресе, пандус, яғни, мүгедектер арбасы жүретін жолдардың жоқтығы алдымыздан жиі шығады. Осы мәселені тиісті орындарға жеткізуге күш саламын. Қол жеткен жетістіктеріміз де жоқ емес. Астанада және басқа да үлкен қалаларда аялдамалар мен автобустарда мүгедектерге қолайлы жағдайлар жасалып жатқанына қуанамыз.
– Ардақ, енді спорттағы табысты кезеңдерің туралы әңгімелесең.
– Бала кезден спортқа жақын болғанымды айттым ғой. Денсаулығым қалыпты жағдайға түскен соң спортқа қайта ден қойдым. Алдында тенниспен шұғылдандым. 2008 жылдан бастадым. Содан 2009-2012 жылдары бірталай жетістіктерге жеттік. Бапкеріміз – Қанат Сапарұлы. Әлі де мүлде қол үзген жоқпын. Арбамен билеуге себепкер болған да осы теннис. Құрбанәлі Әбуов, Сәуле Айдарханова мені ылғи арбамен билеу үйірмесіне үгіттейтін. Басқа-басқа, менен биші шықпайды деп, алғашқыда ат-тонымды ала қашатынмын. Бірде олар мені өз жаттығуларын көрсету үшін ертіп барған. Қарап отырдым, бірақ, аса қызыға қойған жоқпын. Сол күні бір қыздың жұбы жаттығуға келмей қалыпты. Сөйтіп, «кел, байқап көрсеңші» деген соң ортаға шыға салғанмын. Бұл – 2013 жылдың басы. Сөйтіп, би жаттығуына анда-санда барып тұрдым. Бірте-бірте бапкеріміз Әлия Майданқызының ұнатқан шәкірттерінің қатарына еніп кетіппіз. 2013 жылы бізді Мәскеудегі «Континенттер Кубогіне» алып барды. Тамыздың аяқ кезі. «Комби стандарт» бойынша билейтін жұбым – Айдана Бегленова. Бұл сайыста бір бишінің қол-аяғы сау, бірі арбада. Ал, «Дуо-стандарт» бәсекесінде екі биші де арбада. Мұндағы жұбым – Сәуле Айдарханова. Бес түрлі би. Бір жарыста үш рет ортаға шығамыз. Он мәрте билегенімде дымым қалмай шаршадым. Бірақ, бойда намыс бар. Шыдадық. Нәтижесінде бір күміс, бір қола кубокті олжалап оралдық. Менің ең алғаш халықаралық жарысқа қатысуым еді. Бәріміздің қуанышымызда шек жоқ.
Сол жылы Бейжің, Тайвань жарыстарында жүлдегер атандық. Татарстанда өткен «Үлкен фестивальда» және Токиода өткен Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткіздік.
Ал, 2014 жылы басқа бәсекелерді айтпағанда, Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен ІІ Пара Азия ойындарында біздің қанжығамызға екі күміс, бір қола медаль байланды. Біраз өнерімізді өздеріңіз де көрдіңіздер ғой.
– Сол жарыс туралы өзің толығырақ айтып берші. Онда да бірнеше жұппен биледің ғой.
– Иә, айтпақшы сол Корей сапары туралы біраз хикая бар. Мұндағы жаттығудағы би арбасы қолайсыз, әрі ауыр еді. Дәл Инчхонға жүрер алдында Ұлттық Паралимпиадалық Комитет Қарлығаш Тынабекова екеумізге судай жаңа би арбасын сыйға тартты. Мәз болдық. Бірақ, кейін байқасақ әлгі арбаларға біз сыймайды екенбіз. Ертең жолға шығуымыз керек. Содан арбаларды көлігіме салып алып, түнделетіп машина жөндейтін таныстарыма апарып, кестіріп, дәнекерлеп жүріп кеңейтіп алғанбыз. Бірақ, оған отырып жаттықпаған күйі кеттік. Енді Инчхонға барып билей қояйын десем, әлгі арба жеп-жеңіл. Лыпып тұр. Қозғап қалсаң шыр айналады. Бұрынғы ырғаққа түскенше тағы біраз тер төккеніміз бар. Оның үстіне мен тек Айданамен «Комби-стандарт» биіне ғана даярланған едім. Барған соң бәрі өзгерді де кетті. Айданамен «Латын-Америка» биіне, Қарлығашпен «Дуо-стандарт» биіне де шығатын болдым. Тыным таппай жаттықтық. Үйренбеген соң мына екі биге түк ебім келмей қойды. Шықпай-ақ қойсам деймін. Әлия Майданқызы алған бетінен қайтпайтын адам. Сөйтіп, дәл паркетке шығар кезде Алладан шын пейіліммен жәрдем тіледім. Тәуекелмен ортаға тарттым. Абырой болғанда, Айдана екеуіміздің биіміз бір күміс, бір қолаға, ал, Қарлығашпен көрсеткен өнеріміз күміске бағаланды. Бәрі таңданысып жатыр. Құдай абыройлы қылайын десе, осындай да ғажап болады екен.
– Арбамен билеудің қиындығы неде?
– Ең алдымен екі қолың талып, салдырап қалады. Инчхонда үш бидің түрінен өнер көрсеттік дедім ғой. Әр биде бес рет ортаға шығамыз. Сонда он бес мәрте тоқтаусыз биледік қой. Арасындағы жаттығуларды қосыңыз. Оның үстіне жүйке сымдай тартылады. Еңсең сәл басылып, шынтағың сәл түссе төрешілер ұпайыңды кемітуге дайын. Басыңды шалқақ ұстап, музыка ырғағымен екі қолыңды үнемі алға созып жүргенде белің үзіліп кете жаздайды. Бірақ, шыдауың керек. Ондай жарысқа біз қазақ ұлтының намысы үшін барып тұрмыз ғой. Ұлттың намысы сынға түскенде, қиналдым деп шегінуге бола ма? Әрине, барыңды салып тырысасың.
– Алдағы жоспарлар қандай?
– Жоспар көп қой. Телеарнадағы қызметіммен қатар осы арбамен би спортын жалғастыра берсем деймін. 2016 жылы Бразилияда өтетін Паралимпиадалық ойындарға қатысу арманы көкейде тұр. Осы жылы халықаралық жарыстардың бірнешеуінен жүлде алып, паралимпиада жолдамасына ұпай жинауымыз керек. Одан соң сәті түссе Паралимпиаданың додасында намысымызды қамшылап көреміз.
Менің басты қағидам, қандай іске кіріссем де соны сүйіп, махаббатпен атқару. Осы күнге дейін азды-көпті жетістікке жетуімнің бір сыры сол дер едім. Мен осы арқылы көп жастарға үлгі болсам деймін. Замандастарыма да айтарым, еңбектену керек, ұмтылу керек, қиналу керек. Табыс та, нәтиже де соның арқасында келеді. Қиындықты жеңе білуді үйрен.
… Сұхбатты осы тұстан түйіндегендедік. Ардақ бауырым дәліздің құлыптаулы есігін өзі ашып, шығарып салды. Ұлтының намысы үшін Паралимпиада бойынша Әлем чемпионатында, Пара Азия ойындарында Қазақтың көк байрағын желбіреткен Ардақ арбамен жүрер пандусы жоқ жатақхананың екінші қабатындағы аядай бөлмеде тұрады. Спорттағы атағы бір атанға жүк болатын Ардақтың үйі сол…