Алдыңғы қатарда арбамен билеуден ІІ Пара Азия ойындарында екі күміс, бір қола медальдың иегері Ардақ Отарбаев пен күміс жүлдегер Қарлығаш Тынабекова.
Спортшылармен жүздесудегі сөзінде Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қазақстан спортының дамуына қатты көңіл бөлетіндігін баса айтты. Елімізде спорттың барлық түрлері бойынша әлемдік талаптарға сай келетін заманауи нысандарды салу ісіне ерекше мән берілгендігін жеткізді. Азия ойындары мен өзге де халықаралық жарыстардың Астанада өткізілгенін еске салды. Сондай-ақ, Астана әкімі паралимпиадашыларға айрықша алғысын білдіріп, алғыс хаттар табыс етті.
– Оңтүстік Кореяда өткен ІІ Пара Азия ойындарында медальдар бойынша абсолютті рекорд орнатқан елордалық паралимпиадашыларға және оларды дайындаған адамдарға ризашылық білдіргім келеді. Көп жағдайда бапкерлердің еңбегі еленбейді. Бұл ретте Владимир Загородний, Берік Мыржықпаев, Әлия Түсіпбекова секілді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушыларын атап өткім келеді. Баршаңызды Астана жылнамасын жарқын беттермен толықтырғандарыңызға және өскелең ұрпаққа жақсы үлгі көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді Әділбек Жақсыбеков.
Кездесуге қатысушылар елорда әкіміне спортшыларға көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сөз кезегінде ІІ Пара Азия ойындарында жүзуден бес алтын медальді жеңіп алған Әнуар Ахметов өз ойын:
– Паралимпиадашылар атынан айтқым келетіні – біз жаңа белестерді бағындыруды тоқтатпаймыз. Инчхондағы жарқын жеңістеріміз арқылы, мүмкін емес нәрсенің болмайтынын көрсеттік деп ойлаймын. Осы қалпымыздан таймайтын боламыз, – деп түйіндеді.
Суреттерде: алдыңғы қатарда арбамен билеуден ІІ Пара Азия ойындарында екі күміс, бір қола медальдың иегері Ардақ Отарбаев пен күміс жүлдегер Қарлығаш Тынабекова.
ІІ Пара Азия ойындарында жүзуден бес алтын медаль иегері Әнуар Ахметов.
«tagdyr.kz” ақпараты