Атырау облыстық паралимпиада ойындарының жүлдесін биыл 7 команда сарапқа салды. Жеңіл атлетика түрлерінен және пауэрлифтинг, жүзу сияқты бірнеше спорт түрінен өткен бәсекеге Атырау қаласы, Мақат ауданы, Құрманғазы ауданы, Жылой ауданы, Қызылқоға ауданы, Индер ауданы, Махамбет ауданынан келген командалар қатысты.
Үш күнге созылған мүгедек-спортшылар жарысы жанкүйерлерді бей-жай қалдырған жоқ. Тартысты өткен спорт сайысында жаңа есімдер танылды. Жарыста үзіктер қатарынан көрінген Е.Бектеміров, Б.Махаев, Р.Аманбердиева, Е.Есекенов, С.Есқалиев, Б.Утешов, Ж.Бисенов, Н.Исатаев алдағы уақытта Атырау облысының атынан республикалық бәсекелерде бақ сынайды.
Биылғы облыстық паралимпиада ойындарында Атырау қаласының командасы 8 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. 6 алтын, 2 күміс жүлдені жеңіп алған Мақат ауданының командасы екінші орынды иеленді. Үшінші орын 5 алтын, 5 күміс, 2 қола медальға қол жеткізген Құрманғазы ауданының командасына бұйырды.
«tagdyr.kz» ақпараты