Ашық Азия чемпионатының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналар жанкүйер енді аз уақытта әлемнің түкпір-түкпірінен келген паралимпиадашылардың үздік өнерлеріне куә болады. Солардың бірі – Сиаманд Рахман.
Ирандық Сиаманд Рахман соңғы бес-алты жыл көлемінде алдына қара салмай келе жатқан саңлақ. Пауэрлифтингтен тірек-қозғалыс мүшелері зақымданғандар арасындағы бәсекеде ол 18 жасында жарқ етіп көзге түсті.
Сиаманд Рахман әп дегенде 285 келіні шалқалап жатып көтеріп тастаған. Бұл Халықаралық Паралимпиадалық Комитеттің 2010 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында ұйымдастырған Әлем чемпионатының соңғы күні болатын. 18 жасар Сиаманд Рахманның атағы бірден жер жаһанға мәшһүр болды. Аса ауыр салмақтылар арасында 285 келіні оған дейін жан баласы көтеріп көрмеген. Оның осы нәтижесі жастар және ересектер бойынша әлем рекорды еді.
Сол уақыттан бері Сиаманд Рахман зілтемірдің салмағын еселеп қосумен келеді. Әлемнің абсолютті чемпионынан күшін асырған пенде әлі табылар емес. Оның соңғы рекорды – 292 келі!
Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында осы Сиаманд Рахман тағы да әлемдік рекордты жаңғыртамын деп жар салып жатыр. Биыл жасы 23-ке толып, өз салмағы 107 келіге жеткен Рахман Қазақ топырағында әлемдік рекордты – 300 келіге жеткізбекке талап қылуда.
«Көтердім елу бір пұт кірдің тасын» деп ерен күшін әнге қосқан Балуан Шолақ атамыздың атындағы спорт сарайында Сиаманд Рахман жанкүйер біткенге тағы бір таңдай қаққызбақшы. Білегінен күш саулаған иран оғланы «аса ауыр салмақтыларға тиесілі алтын медаль менің қанжығама байланады» дегенді күн бұрын мегзеп отыр.
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
«tagdyr.kz» тілшісі