Төрт күндік дүбірлі додада қанша барын салғанымен, қазақстандық паралимпиадашыларға бас жүлде бұйырмады. Аламан бәйгеге үкілеп қосқан 21 жеңіл атлетшілеріміздің бұл жолы бабы келіспеді деген жорамал басым. Әйтеуір, спортшылар жүлдеден құралақан емес. Қоржын бүйірі қомақты. Қазақстандықтар күмісі мен қоласы аралас 10 медальді олжалады. Бірақ, бізге «Ғаzаа-ның» бір алтыны бұйырмады.
Мамандардың пікірінше, осылай болары алдын-ала топшыланған. Өйткені, бұл жыл басындағы алғашқы ірі жарыстардың бірі. Жеңіл атлетшілеріміз оқу-жаттығу жиынын да жүйелі бастап болған жоқ. «Бағымызды бара көрерміз» деген тәуекелмен атүсті жиналып, Дубайға аттанып кете барған. Ал, мұндай халықаралық бәсекенің алтын тұғырына табан тіреу үшін алдын-ала жоспарланған оқу-жаттығу жиындары өтуге тиіс еді. Бұл сапарда сол қағида белден басылған сыңайлы. Бас жүлденің бізге бұйырмауының басты себебі осы көрінеді.
Шүкірлік етеріміз, паралимпиадашыларымыз бабы келіспеген кездің өзінде осынша жүлдені уыстап алды. Енді сол екпінмен тағы бір халықаралық жарыстың дүрмегіне қосылғалы жатыр. Сондықтан, үміт әлі үзілген жоқ. Ақпанның 27-28 жұлдызында Шардж қаласында және бір халықаралық жарыс жалауын көтермекші. Біздің паралимпиадашылар «Дубайда кеткен есемізді Шарджда қайтарамыз» деп құлшынуда. Намысқа тырысқан жігерлі жерлестерімізге сәттілік тілейік.
Ал, «Fazaa-ның» жүлдегері атанған қыз-жігіттердің толық тізімі төмендегідей:
Аманат Қалқаев – қола медаль (ұзындыққа секіруден – 5,37 м.)
Нұрлыбаев Мағжан – күміс медаль (100 метрге жүгіруден – 0:12,07 сек.)
Лукутин Алексей – қола медаль (диск лақтырудан – 16,88 м.)
Нұрлыбаев Мағжан – күміс медаль (200 метрге жүгіруден. – 0:25,82 сек.)
Нұрлыбаев Мағжан – қола медаль (ұзындыққа секіруден – 4 м.88 см.)
Салимов Ислам – күміс медаль (200 метрге жүгіруден – 0:24,19 сек.)
Салимов Ислам – қола медаль (400 метрге жүгіруден – 0:53,58 сек.)
Харламов Сергей – күміс медаль (200 метрге жүгіруден. – 0:28,02 сек.)
Тайжанова Айнұр – қола медаль (ядро лақтырудан – 6 м.76 см.)
Хабибуллин Руфат – қола медаль (100 метрге жүгіруден – 0:13,32 сек.)
Бибігүл Ізбасарова,
ДМШТАСДО-ның әдіскері
әдіскері