Испаниядан 21 медальмен оралды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Испаниядан 21 медальмен оралды

Мадрид қаласында 5-8 наурызда өткен Испанияның ашық біріншілігінен қазақстандық жүзушілердің жеңіп алғаны –  10 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль

Жүзуден Қазақстан құрама командасы

Жүзуден Қазақстан құрама командасы

Соңғы уақытта паралимпиадашылар арасынан суырылып шығып тұрғаны – жүзушілер. Дүниежүзілік суға жүзу жарысында Қазақстанның маңдайы жарқырап тұр. Жақында ғана Светлана Кучина баптаған қарағандылық жастар Башқұртстаннан 13 медальді олжалап қайтып еді. Енді міне, Мадрид қаласындағы бәсекеде де біздің қыз-жігіттер намысты қолдан бермепті. 22 команда бақ сынаған жарыста қазақстандықтар сегізінші орынға табан тіреген.

Бес алтын медаль иегері Әнуар Ахметов.

Бес алтын медаль иегері Әнуар Ахметов.

Бас жаттықтырушы Владимир Загородний мырзаның айтуынша, көздеген мақсат орындалған. Тек паралимпиада лицензиясын ұтудың сәті түспеген. Ал, жеңімпаздарды Астана әуежайынан қарсы алған кезде, қуаныштан көңілі марқайған бапкер Наталья Манохина: «Мадрид жарысы біз үшін өте сәтті болды. 10 алтын, 7 күміс, 4 қола медальді жеңіп алдық. Оның үстіне екі спортшымыз, Наталья Звягинцева мен Михаил Еременко әлем чемпионатының нормативін орындады. Биылғы шілде айында Шотландияда өтетін әлем чемпионатына барлығы он спортшымыздың қатысу мүмкіндігі бар. Ал, Әнуар Ахметов пен Зүлфия Ғабидуллина Паралимпиада жолдамасын өткен жылы алып қойды» деген мәліметтерді айтып өтті. Тараздық бапкер Саттар Бейсенбаев болса, өз  шәкіртінің жетістіктерін айта келіп, Зүлфияның осы жолы Монреальдағы әлемдік рекордына жетеқабыл нәтиже көрсеткенін тілге тиек етті.

ҚР еңбек сіңірген бапкері Саттар Бейсенбаев пен шәкірті Зүлфия Ғабидуллина

ҚР еңбек сіңірген бапкері Саттар Бейсенбаев пен шәкірті Зүлфия Ғабидуллина

Алты спортшымыздың бір сапардағы олжасы –  21 медаль. Жаһанға жар салып сүйінші сұрамасақ та, көңілімізді тоғайтарлық қомақты табыс? Осылай болатын жөні де бар. Өйткені, Испания ашық біріншілігіне біздің елдің жүзушілері сайдың тасындай іріктеліп барды. Мадридте ел көлеміндегі жарыстың жүлдегерлері емес, талай әлемдік доданың тартысында қолтығы сөгілген саңлақтар сынға түсті. Байқап қарап, бағамдай беріңіз. Басқа жетістіктерін санамағанда, Оңтүстік Корейдегі ХІ Паразияда ойындарында бас жүлде алған Әнуар Ахметов, Зүлфия Ғабидуллина, Дмитрий Ли және қола жүлдегер Сиязбек Дәлиев аттанды. Сондай-ақ, бүкіләлемдік мүгедектер ойындарының жеңімпазы Наталья Звягинцева мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Еременконы Испания чемпионатына апаруға мамандар ықыласы түсті. Көрдіңіз бе, кілең бірінен бірі өткен кіл жүйріктер таңдап алынған. Есесіне сенім ақталды. Мадрид төрінде Қазақстанның көк байрағы он мәрте көтерілді. Әнуар саңлақ тағы да алдына қара салмапты. Әр сүңгігені бір алтынға бағаланған Әнуар бес алтын медальмен кеудесі жарқырап келді. Алтын асықтай бауырымыз тіл-көзден аман болса, әлі талай аламанның көмбесін шаң қылары сөзсіз.

Басқа спортшыларымыз да олжадан кенде емес. Сиязбек Дәлиев – 1 алтын, 1 күміс; Зүлфия Ғабидуллина – 1 алтын, 1 күміс; Михаил Еременко – 2 алтын, 1 қола; Дмитрий Ли – 1 алтын, 3 күміс медальді иеленген. Алтын медальға қолы жетпеген Наталья Звягинцева  –  2 күміс, 3 қола медальмен бірге әлем чемпионатының жолдамасын қанжығасына байлап қайтты. Жарыстың нақты нәтижесі төмендегідей. Жеңіс құтты болсын!

Аты-жөні Мекен- жайы Туған жылы Класс Қашықтық Уақыт Орын
1 Ахметов Әнуар Астана 1993 S-12 100 м брасс 01:11,06 1 орын
50 м брасс 00:33,01 1 орын
50 м е/жүзу 00:26,02 1 орын
50 м батт. 00:29,04 1 орын
50 м ш/жүзу 00:32,02 1 орын
2 Далиев Сиязбек Астана 1990 S-6
50 м батт. 00:37,01 1 орын
100 м батт. 01:37,01 2 орын
3 Ғабидуллина  Зүлфия Тараз 1965 S-3 50 м ш/жүзу 01:11,03 1 орын
50 м брасс 01:37,07 2 орын
4 Еременко Михаил Астана 1980 S-6 100 м ш/жүзу 01:30,10 1 орын
50 м ш/жүзу 00:42,05 1 орын
50 м батт. 00:37,01 3 орын
5 Ли Дмитрий Астана 1996 S-10 400 м е/жүзу 04:45,03 1 орын
100 м батт. 01:09,09 2 орын
100 м е/жүзу 00:59,06 2 орын
50 м е/жүзу 00:27,01 2 орын
6 Звягенцева Наталья Қарағанды 1976 S-6 50 м ш/жүзу 00:47,01 2 орын
100 м е/жүзу 01:41,00 3 орын
400 м е/жүзу 07:22,08 3 орын
100 м ш/жүзу 01:41,08 2 орын
50 м е/жүзу 00:46,05 3 орын

 

«tagdyr.kz» ақпараты

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

fifteen − 13 =