Парижде атой саламыз – пара таеквондошылар – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Парижде атой саламыз – пара таеквондошылар


Биыл төрт жылда бір жалауын көтеретін дүбірлі дода – Париж-2024 жазғы паралимпиада ойындары өтеді. Жарысқа әлемнің 184 елінен 4000 мыңнан астам спортшы қатысып, 22 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 9 түрінен өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Сол тоғыздың ішінде пара таеквондо спорты да бар. Қалың бұқараға Корей спорты ретінде танылған пара таеквондодан ел намысын үш спортшы қорғамақ. Атап айтсақ, К44 санатында 80 кг дейінгі салмақ дәрежесінде пара таеквондошымыз  Нұрлан Домбаев, 80 кг салмақта Нышан Өмірәлі және 57 кг салмақта Камиля Досмалова өнер көрсетеді.

Кешегі Әміренің әні қалықтаған Парижде, бүгін де әнұранымыз шырқалмақ. Оны пара спортшылардың аяқ алысынан, оқу-жаттығу жиындарынан байқадық.

“Жақында Парижде паралимпиада ойындары өтеді. Токиоға қарағанда қазіргі дайындықтарымыз әлдеқайда ілгері. Төрт жыл ішінде біздің деңгейіміз, тәжірибеміз, күресте қолданатын әдіс-тәсілдеріміз өсті. Ол кезде бізде электрондық жүйе болған жоқ. Соған қарамастан бұрынғы олқылықтың орнын толтырып, дайындықты күшейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда алтын алу үшін қолдан келгенше тырысып жатырмын. Елге жүлдесіз қайтпаймын деген сенімдемін”- деп Досмалова Камиля әңгіме барысында жеңістен дәмелі екенін де жасырмады. Пара таеквондодан 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионы, Ханчжоу-2022 Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері Камиля Ақылбайқызы бүгінгі таңда еліміздің мақтанышына айналып отыр.

“Үмітсіз шайтан” деген. Осы тұста халықтың үкілеген үмітін арқалап үлкен додада бақ сынағалы жатқан бүгінгінің тағы бір батырын әңгімеге тартқан едік.

“Он жылдан бері пара таеквондомен айналысып келемін. Мені өзіне ерекше қимылдарымен баурап алды. Ең алғаш рет 2016 жылы Польшада өткен Еуропа чемпионатында жеңіске жеттім. Сол күннен кейін спорттағы еңбек жолым басталды. Содан бері біраз жылдар өтіпті. Енді алда көптен күткен Паралимпиада. Оған лицензианы Дүниежүзілік рейтинг бойынша алдым. Бұған дейін Токио Паралимпиадасына да қатыстым. Бірақ өкінішке қарай біз күткендей нәтиже болмады. Бәріміз білеміз, ол уақытта карантиннің кезі болатын. Мүмкін соның да әсері шығар, аздап әлсіздік таныттық”- деп аһ ұрды Нұрлан Домбаев. Шығыс күрестеріне жататын спорттың бұл түрін бала кезінен меңгерген ол-бірнеше жылдардан бері өнерімен өзін дәлелдеп келеді. Жетістіктеріне тоқталсақ, 2017, 2018, 2019 жылғы Азия чемпионы, 2017 және 2019 жылдың әлем чемпионы, 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Сондай-ақ Ханчжоу-2022 Азия Пара ойындарында қола жүлдені қанжығасына байлаған дара тұлға.

Пара тоеквондодан үздік үштікті Өмірәлі Нышан  толықтырды. 2014 және 2017 жылдың әлем чемпионы, 2022 және 2023 жылғы Азия чемпионаттарының  жүлдегері, Ханчжоу-2022 Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері, Токио-2020 Паралимпиада ойындарының қатысушысы Нышан Елубайұлы да өткен жекпе-жектерін қуана еске алды.

“Мені бұл спортқа баулыған алғашқы бапкерім Ернұр Серікбайұлы. Осы кісінің жасаған жаттығуларын, аяқпен жасаған шапшаң қимылдарын көріп қызығушылығым оянды. Ол кезде 11-12 жаста болдым. Араға жылдар салып 2014 жылы Қазақстандағы тұңғыш Әлем Чемпионы атандым. Осыдан төрт жыл бұрынғы паралимпиадаға 18 күн бойы Алматыда тұрақтап, оқу-жаттығу жиынын өткізген болатынбыз. Содан бірден Токиоға ұшып кеттік. Байқағаныңыздай бәрі асығыс, дайындығымыз аз болды. Биыл енді толлыққанды дайындық өтуде, наурыз айында елордаға келіп алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Дегенмен, бәскелестік жоғары. Бұл жарысқа үздіктер ғана қатысады. Сондықтан “ең мықты қарсыласым мынау” деп ешкімді айта алмаймын. Әр спортшы жеңіс туының желбірегенін қалайды. Менің де кеудемде сондай мақсат тұр”- деді ол.

Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы деген. Бүгінде атадан қалған асыл сөздің негізіне айналғанның бірі Нұржан Есілбаев. Ол Францияның астанасында өтетін дүбірлі додаға үздік үштігін дайындап жатқан білікті бапкер. Шәкірттерінің бұған дейінгі жеткен жетістіктері мен қабілеттерін мақтана айтып: “Үшеуі бір төбе, бөліп жармаймын. Өздеріне жарасар күш пен қайрат бар. Бәсекелестік бар. Бірнеше жыл бұрын жіберіп алған есемізді қайтаратын кез келді”- дейді ол.

Осылайша шығыстың шымыр қимылын меңгерген ұлттық құрама мүшелері Паралимпиада ойындарына дайын екендерін жеткізді. Енді тек жан күйдіретін жанкүйердің қолдауын күтеді. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!

Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшылар Паралимпиада-2020 ойындарын бес медальмен аяқтаған еді.Олардың 1-і алтын, 3-еуі күміс, 1-і қола медаль. Жалпы командалық есепте қазақстандық спортшылар 51-орынға табан тіреген. Осылайша ұлттық құрама өз тарихындағы ең жақсы нәтижені көрсеткен болатын.

Автор: Аружан Отынбай

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

8 − 7 =