Қазақ паралимпиадашылары олжалы болуда – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Қазақ паралимпиадашылары олжалы болуда

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ІІ Азия параойындарының жалауы көтерілгелі бірнеше күн өтті. Алғашқы алтын медальды Әнуар Ахметов екінші күні иеленген еді. Жүзу сайысында бұдан басқа үш күміске қол жеткізген Әнуардың маңдайы жарқырап тұр. Жарыстың үшінші күні ол тағы бір алтын жүлдені жұлып түсті. Әнуардан соң бұған дейін қатарынан үш қола медаль алған Дмитрий Ли  де  алтын медальды кеудесінде жарқыратты. Бір қола медальді Мансұрбек Ибрашев, енді бірін А.Афанасьев иеленді. Арбамен билеуде Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова күміс пен қола медальді, ал, Ардақ пен Қарлығаш Тынабекова екеуі де арбамен отырып билеуде күміс медальді жеңіп алды. Сонымен қазақстандықтардың қоржынында 3 алтын, 5 күміс, 6 қола медаль.

Инчхон қаласының іргесіндегі Кеңгуа аралында орналасқан «Бишілер сарайындағы» арбамен билеп жатқан жерлестеріміз  жарыстың екінші күні жүлдеге іліге бастады. Басы-қасында жүрген соң көзіңе оттай басылады. Корейліктер өз бишілерін бас жүлдеге сүйреп шығарып жатыр.  Әділіне жүгінсе Еуропа бағдарламасы бойынша 1 классты «Комби стандарт» стилімен билеген Отарбаев Ардақ пен Бегленова Айдананың биі алтынға лайық-ақ еді. Бес мәрте ортаға шығып, бес түрлі би түрінен мүдірмей өтсе де, төрешілердің шешімі олардың өнерін күміс медальға бағалады. Жаттықтырушы Әлия Түсіпбекованың шыр-пыры шыққанымен, ақыры сол күміске қанағат тұтуға тура келді. Ал, тараздық жұп Марат Қарақұлов пен Нарғыз Ахметованы 2 классты «Комби стандарт» стилімен билеуде алтыншы орыннан асырмады.

868b18b96a0db10beb3a82d814cddca921-қазанда арбамен билеуден біздің бишілердің тағы үш жұбы өнер көрсетіп,  Ардақ Отарбаев пен Қарлығаш Тынабекова арбамен билеуден  күміс медальды иеленсе, 1 классты «Латын-Америкалық» стиль бойынша сайыста Ардақ пен Айдана Бегленова қола жүлдені қанағат тұтты. Ал, Толғанай Төребек пен Аманбай Талғат 2 классты «Латын-Америкалық» стиль сайысында жүлделі орыннан көріне алмады. Егер төрешілер әділдікті белден баспаса, басқа мемлекеттердің мосқал тартқан бишілеріне қарағанда біздің жастарымыздың өнері анағұрлым артық. Бұйыртса, тағы да жүлделі орынға табан тіреуге тиіс деген болжам бар.

         «Мунхак» стадионындағы жүзгіштеріміз медальды уыстап алып жатыр. Әнуар Ахметовтың қос алтын медаліне  қолы жеткен жерлестеріміз мәре-сәре. Әнуар Ахметов бауырымыз 100 метрге шалқалай жүзуден бас жүлдені жеңуімен қатар, оның нәтижесі рекордтық көрсеткіштер қатарына орнықты. Біздің спорттық тарихымызда бір бәсекеде қатарынан екі алтын медальды жеңіп алған қазақ ұланы некен-саяқ. Оның үстіне бұл төрт жылда бір ұйымдастырылатын Азия параойындары. Сары құрылықтың кіл мықтыларынан мойын оздыру оңай ма? Сол белестен Әнуар саңлақ бір емес, екі мәрте көрінді.

         200 метрге   кешенді жүзу жарысында Әнуар күндізгі сайыста өзінен басым түскен жапондық Кеичи Кимураны басып озып, тағы да Азияның жаңа рекордшысы атанды. Бір жарыста екі алтын медаль, екі рекорд! Қуан қазақ, сүйін қазақ! Әнуар есімді ұланың Азия додасында осылайша топ жарып шықты!

         Әнуардан соң іле-шала Дмитрий Ли де алтыннан алқа тақты. Екі күн бойы үш қола медальдан аса алмаған Дмитрий үшінші күні 400 метрге еркін жүзуден дара шықты. Сөйтіп, жігерлі жігітіміз алтын жүлдені ақыры жұлып түсті. Ал, 200 метрге кешенді жүзуде тағы бір жерлесіміз Андрей Афанасьев қола жүлдеге қол жеткізді.

Отырып ойнайтын волейболшылардың қарқыны жаман емес. Әзірге олар Жапон мен Моңғолия құрамаларын 3:0 есебімен ұтып, тек Иран командасынан ғана ұтылды. Ал, жеңіл атлетика, дзюдо және пауэрлифтинг сайысынан әзірге жүлде болмай тұр.

Қытай командасы 53 алтын медальмен  басқалардан дара шықты. Шын мықтыларға мойын ұсынған Оңтүстік Корей 20 алтынмен екінші орында, ал, 17 алтынды еншілеген жапондықтар корейліктермен үзеңгі қағысып келеді. Қазақстандықтар 12 орында тұр. Жарыс қазанның 24 жұлдызында аяқталады.

Төлеген Жәкітайұлы,

Оңтүстік Корейдің Инчхон қаласынан хабарлайды

 

Суретте: Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы Азия параойындарының екі дүркін чемпионы Әнуар Ахметов пен алтын жүлде иесі Дмитрий Ли бапкерлері В.Загородныймен бірге.

Арбамен билеуде Азия параойындарының күміс жүлдегерлері Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова. 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

2 × three =