Қазанның 21-жұлдызы.
Сайыстың аты сайыс. «Анау дені сау спортшылар жарысы, мынау мүгедек спортшылар ойыны екен-ау» деп бөліп-жарып, бір-біріне ілтипат білдіріп, жол беріп жатпайды. ІІ Азия параойындарына қатысқан 42 мемлекеттің бәрі де жеңімпаздықтан, жүлделі орыннан дәмелі. Бәрі де барын салып, өлермендікпен алға ұмтылып жатыр. «Сендердің-ақ аттарың озсын, соңы біз болайық» деген жайбарақаттық таныту ешкімде жоқ. Егер бәсекеде бағы жанбаса, төрешілердің демеуіне сүйеніп те алға шыға береді екен. Соның бір мысалы арбамен билеу сайысында көзге ұрып тұрды.
Инчхон қаласының іргесіндегі Кеңгуа аралында орналасқан «Бишілер сарайындағы» арбамен билеп жатқан жерлестеріміз жарыстың екінші күні-ақ жүлдеге іліге бастаған. Корейліктер өз бишілерін бас жүлдеге сүйреп шығаруға ұялар емес. Осыдан бір күн бұрын Еуропа бағдарламасы бойынша 1-классты «Комби стандарт» стилімен билеген Отарбаев Ардақ пен Бегленова Айдананың биі бірінші орынға сұранып-ақ тұр еді. Екеуі бес мәрте ортаға шығыпты. Бес түрлі би түрінен бір мүдірген жоқ. Қандай жарасымды жұп. Ардақ пен Айдананың майдан қыл суырғандай шеберлігіне төрешілердің өзі елітіп отырды. Бірақ, қорытындылай келгенде олардың өнерін күміс медальға бағалай салды. Себебі, алтын медаль санын осындай қолайлы тұста көбейтіп алмаса, корейліктер жалпыкомандалық есепте бас жүлде алу былай тұрсын, екінші орыннан да қағылып қалар түрі бар. Екінші күнгі жарыс қорытындысы бойынша 53 алтын медальды уыстап алған Қытай елі шу дегеннен-ақ басқаларға қара көрсетпей кетті. Ал, Оңтүстік Корей спортшыларының алғаны бар-жоғы 20 алтын. Осыған қанағат тұтайын десе, 17 алтынды еншілеген жапондықтар бұларды екі өкпеден қысып тұр. Өз шамалары өздеріне жақсы мәлім. Басқа спорт түрлерінде мұндай мүмкіндік бола бермейді. Содан соң, осындай алуан әдіске баспай қайтсін?! Бишілер жетекшісі Әлия Түсіпбекова төрешілердің әділетсіздігіне қаншама күйініп, кіжінгенімен қолынан келер қайраны жоқ.
«Шіркін, мына төрешілер арасында бізге бүйрегі бұратын бірер адам болса ғой» деп, айналасына жалт-жұлт қарайды. Сөйте тұра, сыртқа сыр білдірер емес. Осы бір сайыс түрінен келесі спортшыларымыз, тараздық жұп Марат Қарақұлов пен Нарғыз Ахметова 2-классты «Комби стандарт» стилімен билеуде қандай әдемі өнер көрсетті. Бірақ, оларды да алтыншы орыннан асырмады.
Жарыстың үшінші күнінде біздің бишілердің тағы үш жұбы ортаға шығып, бар өнерін төгіп салды. Қарлығаш пен Ардақ тура сәмбі талдай майысты. Екеуі бірдей арбамен билеуде Қарлығаш пен Ардақтан асып түскен шеберді көре алмадық. Аққу мойын Қарлығаштың ерке қимылы мен мың бұралған сәнді өрнегі талайды тәнті етті. Музыка әуеніне бойы балқып, алаң төсінде суда ойнаған ақ шабақтай жайнайтын Ардақ бауырымыз ортаға шыға келгенде мың сан көз еріксіз арбалғандай болады. Ардақтың әуен ырғағымен ойқастай зырлағанда, қос қасын қайшылап билетуі тіпті ғажап. Төрешілердің Ардақ Отарбаев пен Қарлығаш Тынабекова биін күміс медальдан төмен бағалауға дәті бармай қалды. Көз қиығымызбен Әлия ұстазға қарап қоямыз. Ол бәріне де дән риза сыңайлы. Егер қанаты болса, осы Кеңгуа аралын айналып қалықтай жөнелетіндей лыпып жүр. Жігерлі қыздың темірдей төзіміне, табандылығына еріксіз сүйсіндік.
Іле-шала 1-классты «Латын-Америкалық» стиль бойынша Ардақ сәйгүліктей лыпып қайта ортаға шықты. Бұл жолы ол Айдана Бегленовамен жұптасып биледі. Айдана мен Ардаққа бұйырғаны қола жүлде. Ал, Толғанай Төребек пен Аманбай Талғатты 2-классты «Латын-Америкалық» стиль сайысында жүлделі орынға маңайлатпады. Егер әділіне келсек, басқа мемлекеттердің мосқал тартқан бишілеріне қарағанда, біздің жастарымыздың өнері анағұрлым артық. Бірақ, төрешілер арасында жанашырың болмаған соң не шара.
Кезінде өзі де арбамен билеуде әлемдік жарыстың жүлдегері атанған тараздық ұстаз Факия Шикова: «Біздің Ардақ қазір нағыз Дон Жуан. Тек Айдана мен Қарлығаш қана емес, алты-жеті қызбен қатар билей береді. Ол әлі Паралимпиада чемпионы атанады» дейді, бауырымызға сүйсіне қарап. «Айтқаныңыз келсін» деп қоштап қоямыз. Біреудің тілеуін шын жүрегімен тілейтін Факия апай жүзінен мейірім төгілген өте ақкөңіл жан екен.
Сонымен, арбамен билеу сайысында барлығы екі күміс, бір қола медаль Қазақ Еліне бұйырды. Ардақ пен Айдана және Ардақ пен Қарлығаш жұптары күміс жүлде және Ардақ пен Айдана жұбы 1-классты «Комби-латина» биі бойынша қола жүлдені иеленді.
…Инчхонның «Мунхак» стадионы қазақ жұрты үшін құтты кешен болды. Олжаның денін осы ғимаратта қоржынға салдық. Дәл осы үшінші жарыс кұнінде елорждамыздағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті, астаналық Әнуар Ахметов бауырымыз 100 метрге шалқалай жүзуден бас жүлдені жеңіп алды. Әнуар осы бәсекеде қазақстандықтарға алғашқы алтын медальды алып берген ақжолтай ұл.
Әнуар суға шолп-шолп етіп секірген сайын, біз де орнымыздан дүркін-дүркін қарғып тұрамыз. Себебі, ол сайыс барысында ерледі. Жүзген сайын қайта-қайта жүлде әперіп, бізді дәніктіріп қойған. Ақыры ол осы жарыс күнінде таңертеңнен кешке дейін тынбай сайысып, күміс медаль санын үшеуге жеткізді.
Ел қоржынына қатарынан үш қола медаль салған Дмитрий Лиді де көрген жерде қолын қысып, қолпаштап қоямыз. Олжамыз көбейген сайын соған өзіміз үлес қосып жатқандай мәре-сәреміз. Бұл күні және бір қола медальді Мансұрбек Ибрашев жүз метрге еркін жүзу жарысынан алды.
Пауэрлифтинг, жеңіл атлетика мен дзюдо, садақ ату мен мылтық ату сайысынан бұл күнге дейін жүлде түспеді. Отырып ойнайтын волейбол командасындағы жігіттердің қарқыны да көңіл қуантарлық. Бауыржан Тахауов бапкердің шәкірттерінде жеңіліс жоқ. Алдыңғы ойында жапондықтарды мүлде шеніне келтірмеп еді. Ойын 3:0 есебімен аяқталған. Екінші ойында моңғолдықтарды да қирата жеңді. Есеп тағы да 3:0!
Сонымен қазақстандықтардың қоржынында алғашқы үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша 1 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль. Аллаһқа жасаған құлшылығымыздың дұғасында алдағы бәсекенің де олжасынан құр қалдырмауды тілеп жаттық.
Қазанның 22-жұлдызы.
Жарыстың төртінші күні қазақстандықтар қоржынының бүйірі шынымен-ақ шыға бастады. Алтын асықтай Әнуар бауырымыздың айы оңынан туып тұр. Біздің спорттық тарихымызда бір бәсекеде қатарынан екі алтын медальды жеңіп алған қазақ ұланы некен-саяқ. Оның үстіне, бұл төрт жылда бір ұйымдастырылатын Азия параойындары. Сары құрлықтың кіл мықтыларынан мойын оздыру оңай ма? Сол белестен бүгін Әнуар саңлақ бір емес, екі мәрте көрінді.
200 метрге кешенді жүзу жарысында Әнуар күндізгі сайыста өзінен басым түскен жапондық Кеичи Кимураны басып озып, тағы да Азия параойындарының жаңа рекордшысы атанды. Бір жарыста екі алтын медаль, екі рекорд! Қуан қазақ, сүйін қазақ! Әнуар есімді ұланың Азия додасында осылайша топ жарып шықты!
Әнуардан соң іле-шала Дмитрий Ли де алтын медаль олжалады. Бұған дейін үш рет жарысып, нәтижесі үш қола жүлдеден аспай қойған Дмитрий Ли ақыры чемпион атанды. 400 метрге еркін жүзуден өз тұрғыластарын қапы қалдырған Дмитрийдің намысқойлығы сұмдық екен. Ал, 200 метрге кешенді жүзуден Андрей Афанасьев қола медальды қанағат тұтты.
Инчхонның қалың кептелісінен өтіп, үлгеріп барғанымыз пауэрлифтинг сайысы болды. Мұндағы қыз-жігіттердің әзірге асығы алшысынан түсер емес.
Пауэрлифтинг, яғни, зілтемірді жатып көтеру бәсекесі – бапкерлердің жүйкесін жүндей түтіп-ақ жатыр. Қазақстандық бас бапкер Артур Томинский жанұшырып жүр. Үшінші жарыс күні үміт күттірген Айбек Абжан мен Раушан Қойшыбаеваның жолы болмады. Гүлбану Әбдіхалықова төртінші орыннан аспады. Бұл күні Руслан Далабаев пен Рахметжан Хамаев бақ сынады.
Қанша тырысып баққанымен Руслан 69 келі салмақ арасындағы бәсекелестікке шыдас бермеді. Іле-шала 72 келі салмақтағылардың сайысы басталып кетті. Біздің Рахметжан 150 келіні еркін еңсерді. Бірақ, бұл салмақта түрікмендік Сергей Меладзе анау-мынау емес, бірден 185 келіні аспанға атты да тастады. Ал, иорданиялық А.Хаттаб болса, әп дегенде, 190 келіні бұйым көрмеді. Бас жүлде үшін тартыс С.Меладзе мен А.Хаттабтың арасында басталды. Бірақ, Меладзенің 191 және 196 келіні көтергені есепке алынбады. Ал, А.Хаттаб болса, 195 және 197 келіні қиналмай-ақ көтеріп, алтын медальді олжалап кете барды. Сергей күмісті қанағат тұтты. Бұл салмақтағы үшінші орынды 162 келіні еңсерген корейлік Мон Жун-Хом иеленді. 135 келі көтерген Рахметжан Далабаевқа бұйырғаны төртінші орын. Жерлестерімізді жүлделі орыннан көре алмай, көңіліміз қоңылтақсып біз кете бардық.
Сонымен, алғашқы төрт күннің ішінде Қазақ Елінің еншісіне барлығы 3 алтын, 5 күміс және 6 қола медаль бұйырды. Нәтижесінде, жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірер қадам алға жылжып, 12 орынға табан тіреді.
Қазанның 23-жұлдызы.
ІІ Азия параойындары додасының нағыз қызған шағы осы күні болды. Алғашқы күні біздерді қос күміспен, одан соң қос алтын медальмен қуантқан Әнуар Ахметов бұл күні 100 метрге шалқалай жүзуден тағы бір бас жүлдені жұлып түсті. Сөйтіп, жеке сайыста бір өзі үш алтын, екі күміс, бір қола медальды олжалаған Әнуардың маңдайы жарқырап тұр. Бұдан басқа төрт алтын медальді де жүзгіштеріміз олжалады. Екі бас жүлде жүзуден эстафеталық сайыста бұйырса, енді бірін паралимпиадашылар арасында бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған Зүлфия Ғабидуллина иеленді.
Сөйтіп, «Мунхактағы» жүзгіштеріміз медальды уыстап алып жатыр. Әнуар Ахметовтей саңлақтың шеберлігі Азияға таңдай қаққызып тұр. Жерлестеріміз мәз-мейрам. Әнуар Ахметов бауырымыз 100 метрге шалқалай жүзуден үшінші рет бас жүлдені жеңуімен қатар, оның нәтижесі рекордтық көрсеткіштер қатарына орнықты. Біздің спорттық тарихымызда бір бәсекеде қатарынан үш алтын медальды жеңіп алған қазақ ұланы кемде-кем. Шашуыңды шаш, қазақ!
Атажұрттан көк байрақты желкілдетіп шыққан жүзгішіміз Зүлфия Ғабидуллина осы уақытқа дейін әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған еді. Енді міне, Зүлфия Азия параойындарының чемпионы! Жарыстың соңғы күні 50 метрге еркін жүзуден дара шыққан Зүлфияның жүзіп өткен көрсеткіші әлемдік рекорд болып тіркелді. Зүлфияның бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Саттар Бейсембаев мырза дәл осы күні бөркін аспанға ата қуанды десек, артық айтқандық емес.
Қазақстандық ақпарат құралдары өкілдері соңғы күні «Мунхактан» ұзамай қалдық. Айналып үйіріліп, суға жүзушілердің сайысынан шықпаймыз. Сөйтіп, жүріп жеңіл атлетика жарысын, теннисті жарытып көре алмадық. Бізге басқа бәсеке қызық болмай қалғандай. Бар ойымыз су бетінде серуен салған жүзгіштерімізде. «Жарайсыңдар, жүзгіштер!» деп қиқуласып жүрміз.
Соңғы күні эстафеталық жарыста біздің жерлестер екі рет топ жарды. Бір рет қола жүлдегер атанды. Алғашқыда Әнуар Ахметов, Бекжан Есіркепов, Әлібек Уақпаев және Андрей Афанасьев эстафеталық кешенді жүзуден (4х100 м) чемпион атанса, кейін эстафеталық еркін жүзуден (4х100 м) тағы да бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ, осы эстафеталық жарыстан тірек-қозғалыс мүшелері зақымданғандар арасындағы бәсекеде еркін жүзуден (4х100 м) Сиязбек Дәлиев, Руслан Өтебалиев, Ли Дмитрий, Кинах Сергей қола медаль иегері атанды.
Өкінішке қарай, отырып ойнайтын волейболшыларымыздың қарқыны бәсеңдеп қалды. Алғашқы ойындарда Жапон мен Моңғолия құрамаларын қатарынан 3:0 есебімен ұтып, айды аспанға шығарғандай болып едік. Бірақ, осы күнге дейін әлемнің сегіз дүркін чемпионы атанған Иран командасы біздің жігіттердің аяғына тұсау салып тастағандай. Ирандықтардан 3:0 есебімен ұтылған ойыншыларымыз, Қытай командасынан да таза жеңіліс тапты. Қола жүлде үшін Иракпен шайқасып байқап еді, 3:1 есебімен тағы да ұтылып қалды.
Отырып ойнайтын волейболшыларымыз жүлделі орынға ілікпесе де, атағынан үркетін Иран командасымен тіресті. Қытайлықтармен қаржасты. Иракты тығырыққа тіреді. Жапония мен Моңғолия командаларын ойнап жүріп ұтты. Егер әділіне келсек, біздің волейболшыларымызды жүлде алмады деп кіналаудың жөні жоқ. Бір ғана мысал, қазақстандықтарды ұтып, меселін қайтарған ирандықтар бұған дейін қатарынан сегіз дүркін әлем чемпионы, Паралимпиада жеңімпазы атанған. Одан қалды, Иран елінде отырып ойнайтын волейболдан табаны күректей 130 команда бар. Азияға сол 130 команда арасынан топ жарып шыққандар келді. Қазақстанда бар-жоғы 8 команда. Сонда да осал емес. Жыл басында Иранда өткен Азия чемпионатында күміс жүлдені осы команда жігіттері иеленіп қайтқан. Ал, енді арғы жағын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз…
Өткенге көз жүгіртсек, 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен алғашқы Азия параойындарында Қазақстан құрамасы 23-орыннан аса алмай, жалғыз алтынға зар болып қайтқан еді. Ал, биылғы ойында Инчхон қаласы қазақстандықтарға құт болып дарығандай. Екінші Азия параойындарында бәсеке 23 спорт түрі бойынша өтті. Бес күн бойы тоғыз спорт түрінен ғана бақ сынаған бауырларымыз алтын, күміс, қола медальдарды көсіп алды. Соңғы жылдары Азия бәсекесінде Қазақстан құрамасының дәл осылай олжалы оралған кезі есімізде жоқ.
Ал, дзюдо, теннис, мылтық ату, садақ ату және пауэрлифтинг сайыскерлеріне жүлде бұйырмады. Тек жеңіл атлетика бәсекесінде Аманат Қалқаев 100 метрлік және екі жүз метрлік жарыста қола жүлдеге қол жеткізді.
Сөйтіп, 7 алтын, 6 күміс, 11 қола медальды қанжығаға байлаған Қазақ елі жарыс қорытындысы бойынша 11-орынға табан тіреді. Осы ойында жүлдені күреп алған Қытай спортшылары болды. Олар 317 медальды олжалап, ІІ Азия параойындарының жеңімпазы атанды. Ал, екінші орынды корейліктер, үшінші орынды жапондықтар иеленді.
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
Оңтүстік Корея
© Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің "Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.