Сурдо саңлақтарына сын жоқ – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Сурдо саңлақтарына сын жоқ

 

Биылғы жылы сурдлимпиада спортшыларына қоятын сын жоқ сыңайлы. Сурдо балуандарымыздың халықаралық жарыстан жүлдесіз оралған кезі болмады.  Жеңіл атлетика спортшылары да дүбірлі додаларда намысты қолдан бермеді. Осы орайда, сурдо саласындағы қыз-жігіттеріміздің жүздері жарқын жүрсін деген ниетпен, өткен жарыстардағы нәтижелерді және бір назарға ұсынуды жөн көрдік. 

БЕЛІ БЕКЕМ БАЛУАНДАР

Біз сурдлимпиада жарысы десе, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүретін қос жігітті білеміз. Оның бірі тараздық бапкер, еркін күрес құрамасының тізгінін ұстаған Ерназар Қонысбаев. Екіншісі, жетісулық түлектерді жетілдіруден жалықпайтын,  еліміздің грек-рим құрамасының бас бапкері Ерлан Мұқажанов. Екеуі де орда бұзар отызға енді аяқ басқан азаматтар. Күні кеше өздері де боз кілемде арыстандай арпалысқан балуандар енді бапкерлік салаға бет бұрған. Бақтарына қарай, тәжірибелері аз болғанымен табыстары қомақты. Бірнеше мәрте халықаралық жарыстардан  қанжығалары майланып келді.

Басқасын айтпағанда, Ерназар бапкердің шәкірті Ғабит Есжанов еркін күрестен әлем чемпионы атанды. Өткен жылы Ерлан мен Ерназар баптаған жас балуандар  Ғабит Игенбай мен Мұхтар Есенғосұлы жастар арасындағы әлем чемпионатынан қос күміс медальді ұтып алды. Ол аз десеңіз, грек-рим балуандары Белоруссияның Гродно қаласында ұйымдастырылған жарыстан командалық бас жүлдені иеленіп келді. Міне, біз білетін Ерназар мен Ерланның ауыз толтырып айтатын еңбектері осындай.

Балуандарымыз биылғы жылы халықаралық жарыстарға аса көп бара алмады. Сәуір айының ортасында Шымкент қаласында екі күрес түрінен Қазақстан чемпионаты өтті. Командалық есеп бойынша грек-рим күресінен 1 орынды Алматы қаласы, 2 орынды Жамбыл облысы, 3 орынды Оңтүстік Қазақстан облысы иеленді. Ал, еркін күрестен командалық есеп бойынша 1 орынды Жамбыл облысы, 2 орынды Алматы қаласы, 3 орынды Оңтүстік Қазақстан облысы иеленді.

 

ЕРКІН КҮРЕС ЕРЛЕДІ

Қазақстанның еркін күрес құрамасының бас бапкері Ерназар Қонысбаев (оң жақта) пен әлем чемпионы Ғабит Есжанов

Қазақстанның еркін күрес құрамасының бас бапкері Ерназар Қонысбаев (оң жақта) пен әлем чемпионы Ғабит Есжанов

Белоруссияның Бобруйск қаласында ақпан айында еркін күрестен халықаралық бәсеке өтті. Бұл жарыс балуандарымыздың бабында екендігін көрсетті. Астанадан аттанар алдында «Осы бәсекеде алтын бастаған бірнеше жүлдеге қол жеткізуге тиіспіз» деген Қонысбаев Ерназар бапкер уәдесінде тұрды. Қазақстаннан барған жеті балуанның алтауы жүлделі орынды жеңіп алды. Жыл басындағы алғашқы жарыстан 2 алтын, 3 күміс пен 1 қола медальді жұлып түсу оңай-оспақ олжа емес. Біздің жігіттер ерледі. Нұрсұлтан Дүйсенбиев пен Ғабит Есжанов қарсылас шақ келтірмей, ақтық сайысқа сүрінбей жетті. Белорусьтің Бобруйск қаласында екі мәрте Қазақтың әнұраны шырқалып, екі дүркін көк байрағы аспандап тұрды.

Балуандардың жеңісі баршамызға ортақ қуаныш.

  1. Ғабит Есжанов (65 келі) – алтын медаль.
  2. Нұрсұлтан Дүйсенбиев (57 келі) – алтын медаль.
  3. Бағдат Сәбитов (74 келі) – күміс медаль.
  4. Шонху Хайратхан (125 келі) – күміс медаль.
  5. Рахымберлі Қабылбеков (97 келі) күміс медаль.
  6. Ғалымбет Молдашев (65 келі) – қола медаль.

 

ГРЕК-РИМНІҢ ОЛЖАСЫ ДА ҚОМАҚТЫ

Мамыр айында Белоруссияға грек-римнің жігіттері жол тартты. Белоруссияның Гродно қаласында ұйымдастырылған боз кілем бәсекесінде біздің балуандар қарсыластарын қирата жеңіпті. Сапардан оралған Қазақстан құрама командасының бас бапкері Ерлан Мұқажанов  Астанадағы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына» шәкірттерімен бірге арнайы келіп, қуаныштарын бөлісті.  «Белоруссияның ашық чемпионатына жеті салмақ бойынша балуан алып барған едім. Соның төртеуі бірінші орынды, үшеуі екінші орынды иеленді. Сөйтіп, командалық есепте бас жүлде бізге бұйырды. Әсіресе, Елдос Күзербаев, Ғабит Игенбай, Әбдірахман Оспанов, Шонку Қайратханның белдесулері жақсы болды. Осы кезде шәкірттерім бабында жүр. Бұл ретте, кезіндегі грек-рим күресінің даңқты балуаны Тұрлыханов Дәулет ағамызға айтар алғысымыз шексіз. Дәулет аға сурдо балуандардың Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде алаңсыз жаттығуына жағдай жасауда.

Ортада Қазақстанның грек-рим құрамасының бас бапкері Ерлан Мұқажанов

Ортада Қазақстанның грек-рим құрамасының бас бапкері Ерлан Мұқажанов

Әрине, біз бұл  жеңісімізге тоқмейілсуден аулақпыз. Балуандар осындай жарыстарда шыңдалып, тәжірибе жинақтайды. Сол үшін бізге мүмкіндік болса, сырт елдердегі бәсекелерден қалмауымыз керек. Әсіресе, грек-римде Ресей балуандары мықты. Алла бұйыртса, ендігі кезекте біз тыңғылықты әзірлікті бастаймыз» деді Ерлан бапкер өз сөзінде.

Жеңіспен оралған балуан бауырларымыздың аты-жөні, салмақ дәрежелері, иеленген орындары туралы толық мәлімет төмендегідей:

Елдос Күзербаев (59 келі)  – алтын медаль.

Ғабит Игенбай (66 келі)  – алтын медаль.
Әбдірахман Оспанов (80 келі)  – алтын медаль.
Шонку Қайратхан (130 келі)  –  алтын медаль.
Асылжан Тәжиев (98 келі)  – күміс медаль.
Қажымұқан Оспанов (85 келі)  – күміс медаль.
Айбар Нұрмұхаммед (75 келі)  – күміс медаль.

ЖҮЛДЕСІЗ ОРАЛМАЙТЫН ЖЕҢІЛ АТЛЕТШІЛЕР

Сурдо жеңіл атлетшілері де бірнеше жарыстардан қанжығалары қомақты келді. Жаздың алғашқы айында тағы сол Белоруссияның Витебск қаласында сурдлимпиадашылар арасындағы жарыс жалау көтерген-тін. Жеңіл атлетикадан өткен осы додаға қатыспаққа Қазақ елінен де бір шоқ үміткер аттанып еді. Сол бәсекеден біздің жігіттер олжаны ойып тұрып алыпты. Нақтырақ айтсақ, Фарид Загрутдинов бес шақырымдық жарыста бас жүлдені алса, 800 метрге жүгіруден қола жүлдені қанжығасына байлапты. Ал, Андрей Набоков ядро лақтырудан жеңімпаз атанған.

Сондай-ақ, Рүстем Абақанов үш қарғып секіруден күміс медаль алса, ұзындыққа секіруден қола медальға қол жеткізген екен. Осыдан үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяда өткен жарыста үш қарғып секіруден алтын медальді жұлып түскен Рүстемнің Белоруссия бәсекесінде екінші, үшінші орыннан аса алмауының сыры бапкерінің жанында жоқтығынан болар деп топшыладық. Бірақ, жарысқа жаттықтырушысыз қатысып, осындай жүлдемен оралған жігіттердің қайсарлығы талайды тәнті еткендей.

Белоруссияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Рүстем Абақанов.

  

  1. Загрутдинов Фарид (Қарағанды), 5000 метрге жүгіру – 1 алтын медаль және 800, 1500 метрге жүгіру – 2 қола медаль.
  2. Набоков Андрей (Алматы қ.), ядро итеру – 1 алтын медаль.
  3. Абақанов Рүстем (Алматы қ.), үш қарғып секіру – 1 күміс медаль, ұзындыққа секіру – 1 қола медаль.

 

Азия-Тынық мұхит ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Спортшы-бапкер Нұрлан Жасановтың Азия-Тынық мұхит ойындарында қазақтың көк туын желбіреткен сәті

Спортшы-бапкер Нұрлан Жасановтың Азия-Тынық мұхит ойындарында қазақтың көк туын желбіреткен сәті

Қазан айында Қытайдың Тайпей автономиялық республикасының Таюань қаласында ұйымдастырылған Азия-Тынық мұхит ойындарында біздің сурдо спортшылары  12 медаль ұтты. Әлемнің 33 мемлекетінен барған сурдошылар арасында қазақстандықтар сегізінші орынға табан тіреді.

Сегізінші рет ту көтерген сурдлимпиадашылардың сайысындағы біздің спортшыларымыздың көрсеткен өнерлері осал болған жоқ. Әсіресе, алғашқы күндері таэквандошылар мен жеңіл атлетшілер, соңынан жүзушілер жүлделерді уыстап алып шықты. Бұл сапарда тек бадминтон, футбол, үстел теннисінің спортшылары олжасыз қайтты. Ұтқан жүлделердің ұзын саны 12 медаль. Тарата айтсақ, 1 алтын, 6 күміс, 5 қола медаль.

Төрт жылда бір мәрте өткізілетін Азия-Тынық мұхит ойындарынан біздің сурдлимпиадашыларымыз қанжығаларының ең қомақты оралғаны осы жолы болды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1996 жылы Малайзияда ұйымдастырылған бұл бәсекеге қазақстандық спортшылар тұңғыш рет қатысып, 1 күміс, 4 қола медальмен оралыпты. 2000 жылғы Азия-Тынық мұхит ойындары дәл биылғыдай Қытайдың Тайпей өңірінде өткен. Біздің сурдошылар Тайпейден бар-жоғы 2 қола медаль ұтқан көрінеді. Содан белгісіз себептермен, тек 2012 жылы Оңтүстік Кореяда болған Азия-Тынық мұхит ойындарына ғана қатысқан қазақстандықтар тұңғыш рет осы доданың алтын медалына қол жеткізген. Оған қоса 2 күміс, 5 қола медаль, барлығы 8 жүлдені уыстап қайтады.

Енді міне, араға 15 жыл салып Қытайдың Тайпей өңіріндегі Азия-Тынық мұхит ойындарына тағы қатысқан біздің сурдошыларымыз өткеннің есесін толтырып қайтқандай болды. Алғашқыда осы Тайпейден тек 2 қола медаль ғана алса, осы жолы алтын бастаған 12 медальды олжалады.

Азия-Тынық мұхит ойындарынан жүлде алған спортшылар:

Жеңіл атлетика:

Эстафеталық жүгіруден – 1 орын;
Бекмұхамедова Мәдина, Қожақұлова Анастасия, Путинцева Елена, Сибирякова Яна.
Загрутдинов Фарид , 5000 м жүгіру – 3 орын
Набоков Андрей, ядро лақтыру – 2 орын
Путинцева Елена, ядро лақтыру – 3 орын, биіктікке секіру – 2 орын, ұзындыққа секіру – 3 орын, эстафета – 2 орын
Бекмұхамедова Мадина, 100 м жүгіру – 3 орын, эстафета – 2 орын
Қожақұлова Анастасия, эстафета – 2 орын
Сибирякова Яна, эстафета – 2 орын

Таэквандо:

Әбдіраш Аян – 2 орын (58 кг.)
Кулесов Тимур – 2 орын (58-68 кг.)
Салмина Елена – 2 орын (49-57 кг.)

Жүзу:

Эстафеталық жарыстан – 3 орын;
Жасанов Нұрлан, Мұрзағалиев Ернар, Ермекпаев Марат, Фрундин Виктор

 

Ресми жарыстар мен халықаралық турнирлерге қатысқан спортшылардың нәтижелері

Спортшының аты-жөні Спорт түрі ХТ (Витебск, 15-17.05)

Азия-Тынық мұхит ойыны

 (Таюань қ, 30,09-11,10)

Нәтижесі Иеленген орны Нәтижесі Иеленген орны
1

Загрутдинов Фарид

(1989, Қарағанды)

800 м 2:17,3 3
1500 м 5:02,2 3
5000 м 19:52,4 1 19:30,94 3
10000 м 43:38,56 4
2

Набоков Андрей

(1988, Алматы қ.)

Ядро 11,41 1 12,76 2
Найза 44,76 5
3 Абақанов Рүстем (1985, Алматы қ.) Ұзындық 5,84 3 6,08 7
Биіктік Ш 1.81 5
4 Абақанов Рүстем (1985, Алматы қ.) Үш қарғып 12,94 2 13,28 4
5

Бекмұхамедова Мәдина

 

100 м жүгіру 14,20 3
200 м жүгіру 30,37 6
Ұзындық 4,08 7
6 Эстафета (Әйелдер) 4*100 м жүгіру 56,88 2
4*400 м жүгіру 04:46,82 1
7 Эстафета (Ерлер) 4*100 м жүгіру 47,70 7
4*400 м жүгіру 03:59,33 7

 

Жеңіл атлетикадан Әлем чемпионаты 2016 жылы Болгария мемлекетінің Праветц қаласында маусымның 25-жұлдызы мен шілденің 06-жұлдызы аралығында өтеді. Бабына келіп, тәжірибені молынан жинаған сурдо спортшылары енді сол әлемдік доданы асыға күтуде. 

Төлеген Жәкітайұлы, «tagdyr.kz» тілшісі.
Әйгерім Қалиева, ДМШТАСДО-ның аға әдіскері

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

two + 3 =