Жігерлі жандардың жеңісі – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Жігерлі жандардың жеңісі


Өткен аптада Ұлыбританияның Сток-Мандевиль қаласында Х Жасөспірімдер арасындағы бүкіләлемдік паралимпиадалық ойындар (IWAS) аяқталды. Әлемнің 32 елінен келген 350-ден астам спортшы спорттың жеті түрінен сынға түсті. Атап айтар болсақ, садақ ату, жеңіл атлетика, арбамен жарыс, пауэрлифтинг, жүзу, үстел теннисі және арбада отырып семсерлесу сайыстарынан мықтылар анықталды. Жарысқа 14 пен 22 жас аралығында жасөспірімдер қатысқанын айта кетейік.Бір аптаға созылған дүбірлі додада Қазақ Елінің де спортшылары намысты қолдан бермеді. Жерлестеріміз барлығы 10 алтын, 9 күміс және 10 қола медаль олжалап, тамаша нәтижеге қол жеткізді. Оның ішінде 9 алтын, 9 күміс және 5 қола медаль Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған Республикалық спорттық даярлау орталығының спортшыларына тиесілі.
Аталған спорттық даярлау орталығынан (СДО) жарысқа 10 спортшы қатысып, барлығы 23 медаль жеңіп алды. Жүлде алған спортшыларға тоқталар болсақ, жеңіл атлетикадан Ерасыл Сұлтанғали (СДО) – 1 күміс (400 м) және 2 қола (100 м, 200 м), Әзізбек Төрәқұлов (СДО) – 2 қола (800 м, 1500 м) және Бекбай Бақыт (СДО) – 1 қола (найза лақтыру) жүлдеге ие болды. Жүзуден Владислав Лигай (СДО) – 3 алтын (400 м еркін жүзу, 50 м шалқалай жүзу, 100 м шалқалай жүзу) және 2 күміс (50 м және 100 м еркін жүзу), Дмитрий Ли (СДО) – 4 алтын (100 м, 400 м еркін жүзу, 100 м баттерфляй және 200 м кешенді жүзу) және 1 күміс (50 м еркін жүзу), Сергей Кинах (СДО) – 2 алтын (50 м еркін жүзу және 50 м баттерфляй) және 4 күміс (100 м, 400 м еркін жүзу, 100 м баттерфляй және 200 м кешенді жүзу), Леонелла Бурдина (СДО) – 1 қола (50 м баттерфляй), Бексұлтан Жәнібек – 2 қола (50 м еркін жүзу, 50 м шалқалай жүзу) және Анастасия Огнева – 1 қола (50 м еркін жүзу) жүлдеге қол жеткізді.
Сонымен қатар, үстел теннисінен Елдана Бадуова 1-орын алса, Шынар Кенжебаева үздік үштіктен көрінді. Ал, пауэрлифтингтен Егор Болингер (СДО) күміс медальді қоржынға салды.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

17 + thirteen =