
Бүгін, 23 маусымда Астана қаласындағы «Дәулет» теннис орталығында Париж-2024 Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шамей пара спортшылармен «Жеңіске жету жолы: тәртіп пен шыдамдылық» тақырыбында кездесу өткізді.
Кездесу барысында Ерғали Шамей кәсіби спорттағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, жоғары нәтижеге жету үшін үздіксіз еңбек, темірдей тәртіп және адал дайындық қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ұлттық құрама мүшелерін спорттық ортада өзара сыйластық танытуға, жарыс қатысушыларына, төрешілерге, жаттықтырушыларға және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне құрметпен қарауға шақырды.

Іс-шара аясында қатысушыларға есірткі және допингтік заттардың адам денсаулығына тигізетін зияны, олардың спорттық мансап пен өмір сапасына кері әсері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар спортшыларға спорт әдебін ұстану мен заң талаптарын құрметтеудің маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Айта кетейік, бұған дейін де осындай кездесулер пара дзюдо және волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама спортшыларымен ұйымдастырылған болатын. Алдағы уақытта мұндай тағылымды кездесулер тұрақты түрде өткізілмек.
Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – спортшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, таза спорт қағидаттарын дәріптеу, сондай-ақ тәжірибелі спортшылардың өмірлік және спорттық тәжірибесі арқылы жас буынға дұрыс бағыт-бағдар беру. Бұл өз кезегінде спортшылардың жауапкершілігін арттырып, олардың кәсіби және тұлғалық дамуына оң ықпал етеді.
