Бүгін, 3 шілде күні, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының (бұдан әрі – Орталық) ұйымдастыруымен Zoom платформасында спортшылар мен жаттықтырушыларға арналған «Заң мен тәртіп» тақырыбында онлайн ақпараттық кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – спортшылар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, спорт этикасын дәріптеу, салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу және таза спорт қағидаттарын кеңінен насихаттау.
Кездесу екі бөлімнен тұрды.
Алғашқы бөлімде Орталықтың қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Құралай Әшімханова спорт этикасы, салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы және нашақорлықтың алдын алу тақырыптарында баяндама жасады. Ол ұлттық құрама мүшелерін спорттық ортада өзара сыйластықты сақтауға, жарыстар кезінде қарсыластарына, төрешілерге, жаттықтырушыларға және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне құрметпен қарауға шақырды. Сонымен қатар, еліміздің намысын халықаралық аренада қорғайтын әрбір спортшы өзінің жоғары спорттық нәтижесімен ғана емес, мәдениетімен, тәртібімен және адамгершілік қасиеттерімен де өзгелерге үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесудің екінші бөлімінде Орталықтың заң бөлімінің басшысы Дархан Жарылқағанұлы Мырзалиев «Спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» тақырыбында баяндама жасап, спорттағы адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол допингтен бас тартып, заң талаптарын қатаң сақтай отырып, Қазақстанның абыройын тек таза әрі әділ спорт арқылы асқақтатудың маңызын ерекше атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Айта кетейік, Орталықта спортшылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және кәсіби әрі тұлғалық дамуына қолдау көрсетуге бағытталған осындай ақпараттық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұған дейін пара дзюдо, арбадағы теннис және волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама спортшыларымен тағылымды кездесулер ұйымдастырылып, Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері жас спортшылармен жеңіске жету жолындағы тәжірибесімен, спорттағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығы туралы ой-пікірлерімен бөліскен болатын.
Мұндай іс-шаралар спортшылар арасында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, салауатты өмір салтын дәріптеуге, спорт этикасын нығайтуға және таза спорт қағидаттарын кеңінен насихаттауға бағытталған. Бұл өз кезегінде олардың кәсіби шеберлігін ғана емес, азаматтық жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде қалыптасуына да оң ықпал етеді.

