Бүгін, 13-ші сәуірде Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара оқ атудан ел біріншілігінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Алматы облысының Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының басшысы Мерей Айнеков, Алматы облысының бұқаралық спорт клубының басшысы Қайыржан Бейсембетов және Олимпиадалық даярлау орталығының басшысы Андрей Макаров қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Пара оқ атудан Қазақстан Республикасының чемпионаты 18-ші сәуірге дейін жалғасады. Жарысқа 11 өңірден 150-ге жуық спортшы қатысуда. Спортшылар 10 м қашықтықта пневматикалық винтовка және тапаншамен ату дисциплиналары бойынша жекелей, аралас (микс) және командалық жарыс түрлері бойынша сынға түседі.

«Чемпионаттың қорытындысы бойынша, үздік өнер көрсеткен спортшылар Қазақстан командасының қатарына жасақталады. Оған қоса, аталмыш бәсеке қараша айында Жапония елінде өтетін Азия пара ойындары алдындағы дайындық кезеңдерінің бірі болып табылады. Алдағы уақытта спортшыларымыз 24-28 шілде аралығында Сербияда өтетін рейтингтік Әлем кубогінде бақ сынайды. Аталмыш додада спортшыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізеді деген үміттеміз», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара оқ атудан команда басшысы Дархан Кошербаев.