1948 жылы Сток-Мандевилл оңалту ауруханасының дәрігері Людвиг Гуттман сэр Люк Гиннеспен бірге Екінші дүниежүзілік соғыста жарақат алған ардагерлерге арналған спорттық ойындар ұйымдастырды. Олар омыртқа зақымын алған британдық соғыс ардагерлерін спорттық жарыстарға қатысу үшін жинады. «Мүгедектігі бар адамдар спортының атасы» атанған Гуттман омыртқа жарақаты бар адамдардың өмір сапасын жақсартуда спорттың маңызын табанды түрде қолдады. Паралимпиада ойындарының бастамасына айналған алғашқы жарыс 1948 жылғы Сток-Мандевилл арбадағы спортшылар ойындары деп аталып, өткізілу уақыты жағынан Лондон Олимпиадасымен тұспа-тұс келді. Гуттманның басты мақсаты — мүгедектігі бар спортшыларға арналған Олимпиада ойындарын құру еді.
Ұлыбританиядағы Сток-Мандевилл ойындары жыл сайын өткізіліп тұрды. Ал 1952 жылы жарысқа Нидерландтан келген арбадағы спортшылар құрамасының қатысуымен бұл ойындар халықаралық мәртебеге ие болып, оған 130 спортшы қатысты. Соғыс ардагерлерімен қатар басқа да қатысушыларға ашық болған IX Сток-Мандевилл ойындары 1960 жылы Римде өтті. Бұл жарыстар ресми түрде алғашқы Паралимпиада ойындары болып саналады (Паралимпиада ойындарының ресми нөмірленуі 1988 жылы кейіннен енгізілді). Римде 23 елден келген 400 арбадағы спортшы бақ сынады. Осы кезден бастап әлемде паралимпиадалық қозғалыс қарқынды дами бастады.
1976 жылы Швецияның Эрншёльдсвик қаласында алғашқы Қысқы Паралимпиада ойындары өтті. Бұл жарыстарға алғаш рет тек арбадағы спортшылар ғана емес, мүгедектіктің өзге санатындағы спортшылар да қатысты. Сол жылы Торонтода өткен Жазғы Паралимпиада ойындарына 40 елден 1600 спортшы қатысып, тарихта ерекше орын алды. Олардың қатарында зағип және көру қабілеті төмен спортшылар, параплегиктер, сондай-ақ аяқ-қолы ампутацияланған, жұлын жарақаты бар және басқа да дене ерекшелігі бар спортшылар болды.
Бастапқыда мүгедектігі бар адамдарды емдеу және оңалту мақсатында ұйымдастырылған жарыстар уақыт өте келе жоғары деңгейдегі спорттық додаға айналды. Осыған байланысты басқарушы орган құру қажеттілігі туындады. 1982 жылы мүгедектігі бар адамдарға арналған халықаралық спорт ұйымдарының үйлестіру кеңесі — ICC құрылды. Ал 1989 жылы Халықаралық Паралимпиада комитеті — International Paralympic Committee (IPC) құрылып, 1993 жылдан бастап үйлестіру кеңесінің барлық өкілеттігін өзіне алды.
Паралимпиадалық қозғалыстағы тағы бір маңызды кезең — 1988 жылғы Жазғы Паралимпиада ойындары болды. Бұл жарыстар Олимпиада ойындары өткен нысандарда ұйымдастырылды. 1992 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындары да дәл сол қалада өтіп, алғаш рет (қысқы ойындар тарихында) Олимпиада жарыстарымен бір ареналарды пайдаланды. 2001 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық Паралимпиада комитеті келісімге қол қойып, соған сәйкес 2008 жылдан бастап Паралимпиада ойындары Олимпиада ойындарымен бір жылы өткізіліп, сол спорт нысандарын пайдаланатын болды.