Бүгін, 28 қаңтарда Якушицеде (Польша) тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында пара шаңғы жарысынан Әлем кубогының кезеңінде Ербол Хамитов күміс медаль жеңіп алды.
LW12 классында өнер көрсеткен Ербол Хамитов 1 км спринттік жарыста 2 минут 55 секунд уақыт нәтижесімен күміс медальға ие болды. Осы дисциплинада алтын медальді АҚШ спортшысы Суйни Джошуа (02:53.64), ал қола жүлдені украиндық Бэл Павло (02:55.68) еншіледі.
Айта кетейік, пара шаңғы жарысынан Әлем кубогының кезеңі 28 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 25 елден 300-ге жуық спортшы қатысуда. Аталмыш дода Милан-Кортина-2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындарына рейтингтік жарыс болып табылады.