Ербол Мырзабосынов XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қарсаңында  ұлттық құрамаға Мемлекеттік Туды табыс етті

Ербол Мырзабосынов XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қарсаңында ұлттық құрамаға Мемлекеттік Туды табыс етті

Бүгін, 8 қарашада "Алматы" Олимпиадалық даярлау орталығында XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сапиев, сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты.Рәсім барысында Министр Қазақстанның Мемлекеттік Туын ұлттық құрама командасына салтанатты түрде табыс етіп, спортшыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тіледі.«Жазғы Сурдлимпиада ойындары — елдің спорттық әлеуетін көрсететін маңызды алаң. Сіздердің ерік-жігерлеріңіз бен қайсар мінездеріңіз адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейді. Миллиондаған адамдар сіздердің табандылықтарыңыздан шабыт алып, өмір сынақтарын еңсеруді үйренеді. Бүгін табысталатын Ту — ел бірлігі мен жеңістің символы. Сіздердің халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды биікте желбірететініңізге сенімдімін», – деді Ербол Мырзабосынов.Министр өз сөзінде елімізде спортшылардың сапалы дайындалуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын да атап өтті:«Бүгінде елімізде спортшылардың сапалы дайындалуы үшін барлық мүмкіндік жасалған. 2029 жылға дейін 113 жаңа спорт нысанын салу және 26 нысанды жаңғырту жоспарланып отыр. Алматы облысындағы Олимпиадалық дайындықтың заманауи базасында 2 300 спортшы бір мезетте жаттыға алады. Сонымен қатар, өңірлерде «100 жылдам салынатын спорт нысаны» жобасы табысты іске асуда – соңғы бір жылда 25 жаңа кешен пайдалануға берілді. Елордада салынып жатқан Ұлттық спорт университеті болашақта спорт саласындағы кадрларды үздіксіз даярлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді министр.Туды табыс ету құрметі сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері Айдос Түгелбаев пен Анна Крамороваға бұйырды.«Бүгін – мен үшін ерекше күн. Сурдлимпиадада Қазақстанның көк туын алып шығу – үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Бұл – әр спортшының арманы. Біз ел намысын қорғап, жеңіс үшін бар күшімізді саламыз», – деді Айдос Түгелбаев.Айта кетсек, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары 15–26 қараша аралығында Жапонияның астанасы Токио қаласында өтеді. Байрақты додада 80 елден шамамен 3 000 спортшы 21 спорт түрінен бақ сынап, 223 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстаннан 78 спортшы 8 спорт түрінен қатысады: жеңіл атлетика, еркін және грек-рим күресі, бадминтон, үстел теннисі, жүзу, дзюдо және таеквондо.

Жаңалықпен бөлісу

Пайдалы сілтемелер

Паралимпиада спортының барлық жаңалықтары Сурдлимпиада спортының барлық жаңалықтары IWAS барлық жаңалықтары