Бүгін Ержан Есімханұлы Естаев Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығында (бұдан әрі – Орталық) директор ретінде өз қызметін аяқтады. Ержан Есімханұлы Орталыққа 2024 жылдың қаңтар айында келіп, қысқа мерзім ішінде ауқымды жұмыстар атқарды. Оның басшылығымен 56 республикалық жарыс, 85 халықаралық турнир, 93 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылып, нәтижесінде қазақстандық спортшылар 120-дан астам медаль жеңіп, 9 жаңа рекорд орнатты. Олардың қатарында Париж-2024 Паралимпиада ойындары мен сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша Азия-Тынық мұхиты ойындарының жүлделері де бар.
Қызметін қорытындылай келе, Ержан Есімханұлы ұжым мен спортшыларға жүрекжарды алғысын білдірді: «Орталықта жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе болды. Осындай ұйымшыл, кәсіби әрі өз ісіне жан-тәнімен берілген командамен бірге қызмет атқарғаныма шексіз қуаныштымын. Мұнда әрбір маман өз ісінің нағыз шебері. Сіздердің жанкешті еңбектеріңіз, спортқа деген сүйіспеншіліктеріңіз және үздіксіз ізденістеріңіз Қазақстанның паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спортын биік белестерге көтеруге зор үлес қосуда. Ең алдымен, жаттықтырушылар құрамына алғысымды білдіргім келеді. Сіздер спортшылардың шеберлігін арттырып, олардың әлеуетін толықтай ашуға күн сайын еңбек етесіздер. Бұл – жай ғана дайындық емес, бұл – еліміздің спорт тарихын қалыптастыру. Ал біздің спортшыларымыз – нағыз ерік-жігер мен табандылықтың символы. Олардың әрбір жеңісі – қажырлы еңбектің, қайсарлықтың, күш-жігердің және жеңіске деген шексіз сенімнің жемісі. Қазақстан өз чемпиондарымен мақтануы керек! Мен әрдайым біздің спортшыларға жанкүйер боламын, олардың жетістіктеріне қуанамын және жаңа жеңістеріне сенемін. Баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін!»
Орталықтың ұжымы Ержан Есімханұлына паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорттың дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтып, алдағы бастамаларына сәттілік тілейді! 