Бүгін, 14-ші қыркүйекте Астана халықаралық әуежайына пара оқ атудан Әлем чемпионатының жүлдегерлері елге оралды.Спортшыларды жанкүйерлері мен спорт саласының мамандары қарсы алды.
Командалық жарыста Еркін Габбасов, Ардақ Отарбаев және Арсен Муратов R1 – 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен ату дисциплинасында 1854,4 ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Ал жекелей сында Александр Пасхалиди P1 – 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен ату, SH1 класы бойынша финалда 215,3 ұпай жинап, қола медаль жеңіп алды.
«Бұл менің алғашқы Әлем чемпионатым. Осы жарысқа қатысуды 2022 жылдан бері армандап жүрдім. Бұған дейін Паралимпиада ойындарында, әлем кубогтары мен әлемдік серия жарыстарына қатыстым. Дегенмен, пара оқ атудан Әлем чемпионатына қатысып, жүлделі орын алу мақсаттарымның бірі еді. Осы жарыста бәсекелестік өте жоғары болды. Командалық дисциплинада бірінші орынды 1867,1 ұпаймен Корея, ал екінші орынды 1856,3 ұпаймен Үндістан құрамасы алды», - деді пара оқ атудан Әлем чемпионатының қола жүлдегері Еркін Габбасов.
Пара оқ атудан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Абылай Шунаев спортшылардың әлем чемпионатындағы нәтижесіне тоқталып, жеңістердің маңызын атап өтті.
«Пара оқ атудан Әлем чемпионаты – Лос-Анджелес-2028 Паралимпиада ойындарына лицензия беретін маңызды жарыстардың бірі. Спортшыларымыздың командалық және жекелей сайыста екі қола медаль жеңіп алғаны қуантады. Бұл – пара оқ атудан Қазақстанның Әлем чемпионатындағы алғашқы жүлделері. Біздің спортшыларамыз үшін жарыстар легі әлі аяқталған жоқ. Алда Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтетін Азия құрлығының басты додаларының бірі – V Азия Пара ойындары күтіп тұр. Жарыс алдында спортшыларымыз 1-15 қазан аралығында Алматы облысында қорытынды оқу-жаттығу жиынына қатысады. Осы ойындарда команда спортшылары сәтті өнер көрсетеді деген сенімдеміз», – деді Абылай Шунаев.
Айта кетейік, тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара оқ атудан Әлем чемпионаты 10-15 қыркүйек аралығында Хангвон қаласында (Оңтүстік Корея) өтті. Жарысқа 53 елден 350-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан командасының сапында Севда Алиева, Айсұлу Мукашбекова, Жұлдыз Бухарбаева, Анна Довгелевич, Айгерім Тулегенова және Никита Ермаков ел намысын қорғады.