Сауд Арабиясында шосседегі пара велоспорттан Азия чемпионатында еліміздің пара велошабандоздары 3 алтын, 8 күміс және 1 қола медаль еншіледі. Ерлер арасында B классы бойынша тандемде Кирилл Ильюкевич (стокер) пен Глеб Бруссенский (пилот) – 26,8 км қашықтықта 2-ші орын және 85,8 км топтық жарыста 1-ші орынды иеленсе, Наиль Ермуханбет (стокер) пен Руслан Алиев (пилот) – 26,8 км қашықтықта 3-ші орынды және 85,8 км топтық жарыста 2-ші орынды жеңіп алды. С4 классында 26,8 км жекелей сындағы қашықтықта және 70.2 км топтық жарысында Павел Бабенко қос күміс медальді қанжығасына байлады. Әйелдер арасында B классында тандемде Жұлдыз Қайнарова (стокер) мен Анжела Соловьева (пилот) – 26,8 км қашықтықта 1-ші орын және 85,8 км топтық жарыстарда 2-ші орынды еншілесе, Анастасия Калаус (стокер) пен Полина Братчикова (пилот) – 26,8 км қашықтықта 2-ші орынды және 85,8 км топтық жарыста 1-ші орынды иеленді. Сондай-ақ, H2 классындағы 26,8 км жекелей сында және 23,4 кам қашықтықта отандасымыз Берік Картбай екі күміс медальді жеңіп алды. Бұл - Қазақстан тарихындағы H классындағы (handcycle) алғашқы Азия чемпионатының жүлдесі болып келеді. Handcycle - спортшылар қолмен айналдыратын арнайы үш дөңгелекті велосипедпен трассада өнер көрсететін паралимпиадалық спорттың түрі болып келеді. Мұндай жарыстар тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында шосседе немесе тректе ұйымдастырылады. Айта кетсек, шосседегі пара велоспорттан Азия чемпионаты Сауд Арабиясының Әл-Кассим аймағында өтті. Жарысқа 10 елден 50-ден астам спортшы қатысты. 





