Анталия қаласында пара дзюдодан әлемдік Гран-при жарысы өз мәресіне жетті. Жарыста қазақстандық спортшылар 4 медаль еншіледі. Ерлер арасында J2 санатында +90 келі салмақта Жұрқамырза Шүкірбеков финалдық белдесуде түркиялық спортшы Ибрахим Болукбашты жеңіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал үшінші орынға Ұлыбритания мен Өзбекстан спортшылары тұрақталды. Отандасымыз Ерғали Шамей J1 санатында -73 келі салмақта ОАР спортшысын жеңіп, қола жүлдегер атанды. Әйелдер арасында J2 +70 келі салмағында қазақстандық Зарина Раифова күміс жүлдеге ие болса, J2 -57 келі салмақта Даяна Федосова қола жүлдегер атанды. Айта кетсек, әлемдік Гран-при жарысы 1-2 сәуір аралығында өтті. Жарысқа 41 мемлекеттен 178 спортшы қатысты. 





