Бүгін XXV-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарының бесінші жарыс күнінде ел құрамысы жеңіл атлетика, үстел теннисі, бадминтон және жүзуден сынға түсті. Жеңіл атлетикада балға лақтырудан финалдық бәсекеде спортшымыз Андрей Набоков 37м 08 см нәтижесімен 5-ші орынға, ал әйелдер арасында финалда өнер көрсеткен Елена Путинцева 32м 43 көрсеткішімен 8-ші орынға тұрақтады. Жүзуден спортшыларымыз 7 дисциплинада өнер көрсетті. Атап айтқанда Диас Кенжебек 100 м шалқалап жүзу мен 50м баттерфляйда, Давид Петлеван 400 м еркін жүзуде, Медет Тельманов 50м баттерфляйда және Софья Закутняя 400м еркін жүзуде іріктеу кезеңдерінен өте алмады. Ал ерлер арасында 4х100м эстафетада өнер көрсеткен Диас Кенжебек, Даниил Барановский, Давид Петлеван және Медет Тельманов финалды 4:01.18 секунд уақыт нәтижесімен аяқтап, 8-ші орын алды. Әйелдер арасындағы 4х100 м эстафета финалында бақ сынаған Лиана Рогачева, Галия Кабулда, Софья Закутняя және Мария Сотникова 4:54.69 секунд нәтижесін көрсетіп, мәреге 8-ші болып жетті. Үстел теннисінен жекелей разряд бойынша іріктеу кезеңінен Елена Мазуренко, Кулжамила Адилова, Лаура Табажанова, Абылай Бүркітбай өте алмады. Келесі айналымда ертең Данияр Ескендиров, Канат Конкубаев, Бижан Тулебаев пен Яна Михеева өнер көрсетеді. Бадминтоннан аралас жұптық сайыста өнер көрсеткен Виктор Волков пен Аида Айдарқызы Тайбей командасына 12-21, 3-21 есебімен, Дидар Есбергенов пен Салима Бакытова Оңтүстік Корея командасына 6-21, 4-21 есебімен жеңіліп, жарыс жолын аяқтады. Ертең 21-ші қарашада грек-римнен ұлттық құрама жарыстарын бастайды. Ал үстел теннисінен, жүзуден және жеңіл атлетикадан спортшыларымыз жарысты жалғастыратын болады. Айта кетсек, XXV-ші Сурдлимпиада ойындары басталғалы Қазақстан 13 медаль жеңіп алды: 6 алтын, 2 күміс және 5 қола. Жарыстар 26-шы қарашаға дейін жалғасатын болады. 


