XXV-шы жазғы Сурдлимпиада ойындарындағы грек-рим күресінен жарыстар өз мәресіне жетті. Қазақстандық палуандар алтын, күміс және қола медальді еншіледі. 67 кг салмақта Андрей Самарин алғашқы белдесуде қырғыз палуаны Дінмұхамед Бигелдиевті 5:2, 1/4 финалда болгариялық Дилиан Димитровты 8:0 және жартылай финалда армениялық Жора Грегориянды 8:0 есебімен жеңді. Финалдық белдесуде ирандық балуан Мехди Бакшыны 11:1 есебімен жеңіп, Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атанды.130 кг салмақта отандасымыз Хайратхаан Шонку алғашқы белдесуінде украиндық палуан Сергей Драханды 11:2, ширек финалда грекиялық Александр Парадотосты 5:2, жартылай финалда жапондық палуан Кен Согабені 3:2 есебімен жеңді. Финалдық белдесуде бейтарап елдің спортшысы Алексей Шемаровқа есе жіберіп, күміс медальға ие болды.97 кг салмақта Рамазан Әбдрасіл алғашқы белдесуінде АҚШ балуаны Энрике Рамиресті 8:0, ширек финалда болгариялық Атанас Ивановты 5:0 есебімен басым түссе, 1/2 финалда украиндық Андрей Косовқа 8:12 есебімен есе жіберді. Рамазан жұбаныш белдесуінде армениялық Арарат Саргсянды 13:5 есебімен ұтып, Сурдлимпиада ойындарының қола медалін иеленді.Жарыста Ердаулет Жолдыхан 60 кг салмақта жұбаныш белдесуінде қарсыласына есе жіберіп, 5-ші орынға тұрақтады. Ал Абзал Досжанов (77 кг) пен Рамазан Әзи (87 кг) ширек финалдағы белдесулерде қарсыластарына есе жіберіп жарыс жолын аяқтаған болатын.Айта кетсек, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 16 медаль бар. Оның ішінде 7 алтын, 3 күміс және 6 қола. Алдағы уақытта ұлттық құрама жарыста еркін күрес, таеквондо, үстел теннисі, жүзу және жеңіл атлетика сынға түседі, жарыстар 26-шы қарашаға дейін жалғасатын болады. 


