Бүгін XXV-ші жазғы Сурдлимпиада ойындарында таеквондодан ұлттық құрама спортшылары Аян Абдраш пен Айжамол Абдикатова керуги дисциплинасында қола жүлдегер атанды. Аян (-58 кг) алғашқы кездесуінде қытайлық Сунг Хингоны 2:0 есебімен, екінші раундта қырғызстандық Дифат Именовты 2:0 есебімен жеңіп, жартылай финалдық бәсекеде ирандық спортшыға 2:1 есебімен есе жіберіп алды. Аян үшінші орынға таласта түрік спортшысы Екыншы Мухаммед Буракты 2:1 есебімен жеңіп, қола медальді иеленді. Айжамол Абдикатова (-57 кг) алғашқы жекпе-жекте қырғызстандық Бермет Марсбекованы 2:0 есебімен, ширек финалда қытайлық Джанг Хайанды 2:0 есебімен жеңсе, жыртылай финалда ирандық Золейха Фатимажахрадан 0:2 есебімен есе жіберіп алды. Алайда үшінші орынға таласта Айжамол венесуэлла спортшысы Ортего Селседоны 2:0 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, жарыста Нұрдәулет Жақып (-68 кг) бразилиялық Самуель Оливерді 2:1 есебімен жеңсе, ширек финалда ирандық Вахид Зейналиден 1:2 есебімен ұтылды. Виктория Протопопова (49 кг) алғашқы жекпе-жекте қырғызстандық Асылхан Турдыкулованы 2:0 есебімен жеңсе, ширек финалда өзбекстандық Дибар Тожибоеваға 1:2 есебімен есе жіберді. Жұбаныш жекпе-жегінде ливандық Сара Салибаға 0:2 есебімен есе жіберіп, жарыс жолын аяқтады. Сурдлимпиада ойындарындағы таеквондодан жарыстар ертең керуги дисциплтнасындағы ауыр салмақтағы жекпе-жектермен жалғасады. Айта кетсек, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 18 медаль бар. Оның ішінде 7 алтын, 3 күміс және 8 қола. Алдағы уақытта ұлттық құрама жарыста еркін күрес, таеквондо, бадминтон, үстел теннисі, жүзу және жеңіл атлетика дисциплиналарында сынға түседі. Жарыстар Токио қаласында 26-шы қарашаға дейін жалғасады. 


