Бүгін, 16 қазанда Жапонияның Нагоя қаласында V Азия Пара ойындары аясындағы алғашқы жарыстар басталады. Қазақстандық спортшылар пара үстел теннисінен жекелей сында бақ сынайды.
Жарыстың алғашқы күні пара үстел теннисінен 1/32 финалдық кездесулер өтеді. Қазақстан атынан Марат Суртубаев, Алтынай Ержанқызы, Александра Степанова, Антонина Рогова және Ардақ Нұрмағамбетов жарыс жолына шығады.
Қазақстандық спортшылардың қатысуымен өтетін жарыстарды «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.
Айта кетейік, Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында өтеді. Жарысқа Азияның 45 елінен 4 000-ға жуық спортшы қатысады. Тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті зақымданған, сондай-ақ зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар 18 спорт түрінен 502 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Биыл Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 150 спортшы ел намысын 12 спорт түрінен қорғайды.