Vietjet Qazaqstan пара спортшыларға «Жеңіс» маскотының сыйға тартты

Vietjet Qazaqstan пара спортшыларға «Жеңіс» маскотының сыйға тартты

2026 жылғы 18–24 қазан аралығында Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтетін V Азия Пара ойындары қарсаңында Қазақстанның ұлттық командасына «Жеңіс» есімді алғашқы ресми маскот табысталды. Бұл — Қазақстанның пара спорт тарихындағы ұлттық құраманың алғашқы ресми маскоты.

Маскоттың есімі — Жеңіс. Ол қарақал, яғни дала сілеусіні бейнесінде жасалған. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген бұл жануарды таңдау да ерекше мәнге ие.

Қарақал — сирек кездесетін, табиғи ортаға бейімделген, шапшаңдығы мен төзімділігі жоғары жануар. Оның бейнесі Қазақстанның табиғи мұрасын танытып қана қоймай, пара спортшыларға тән қайсарлық, төзімділік және еркіндікке ұмтылу қасиеттерін де айшықтайды. Қызыл кітапқа енген жануардың бейнесін таңдау арқылы маскот табиғатты қорғау және ұлттық табиғи мұраға құрмет идеясын да жеткізеді.

Маскоттың ерекше элементтерінің бірі — бір аяғы спорттық протез түрінде жасалған. Бұл деталь пара спортшылардың бейнесін айқындап, олардың мүмкіндіктері мен әлеуетінің шексіз екенін, алға қойған мақсатына жету жолындағы табандылығы мен жігерін көрсетеді.

«Жеңістің» басты мақсаты — республикалық және халықаралық жарыстарда пара спортшыларға қолдау көрсету, командалық рухты нығайту және қоғам назарын паралимпиадалық қозғалысқа аудару. Сондай-ақ маскот ұлттық құраманың бірегей нышанына айналып, қазақстандық жанкүйерлер мен спортшыларды ортақ мақсат төңірегінде біріктіруге бағытталған.

Маскот Vietjet Qazaqstan компаниясының қолдауымен жасалып, ұлттық құрамаға табысталды. Бұл бастама дене мүмкіндіктері шектеулі спортшыларға қолдау көрсетіп, олардың халықаралық аренадағы жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған.

 

VIETJET QAZAQSTAN компаниясы туралы

Vietjet Qazaqstan — ішкі және халықаралық бағыттар бойынша қолжетімді әуе тасымалын ұсынатын қазақстандық әуе компаниясы.

Компания «QAZAQ AIR» және Вьетнамның «Vietjet» әуе компаниялары арасындағы стратегиялық әріптестік аясында жұмыс істейді. 2025 жылы «QAZAQ AIR» жекешелендіріліп, оның акционерлері қатарында «Самұрық-Қазына» АҚ, Вьетнамның «Sovico» тобына кіретін Central Asia Aviation Holdings Limited және Kazasia Holdings Limited компаниялары болды.

2025 жылғы 6 мамырда «QAZAQ AIR» мен «Vietjet» стратегиялық әріптестік туралы жариялап, «VIETJET QAZAQSTAN» брендін таныстырды.

Компания туралы толығырақ ақпаратты vietjetqazaqstan.kz сайтынан алуға болады.


Жаңалықпен бөлісу

Пайдалы сілтемелер

Паралимпиада спортының барлық жаңалықтары Сурдлимпиада спортының барлық жаңалықтары IWAS барлық жаңалықтары