Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін елорда әуежайында спорт жанкүйерлері мен БАҚ өкілдері қарсы алды. Аталмыш жарыста еліміздің спортшылары 68 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола бар. Жалпы медальдық есепте қазақстандық құрама 45 мемлекеттің ішінде 5-орынға тұрақтады.
Қазақстан тарапынан жарыста 60 спортшы 9 спорт түрі бойынша сынға түсті. Жарыс барысында пара жүзуден 34 медаль, пара қол күресінен 11 медаль, пара үстел теннисінен 7 медаль, пара жеңіл атлетикадан 6 медаль және пара пауэрлифтингтен 6 медаль жеңіп алынды. Сонымен қатар голболдан ұлттық құрама алтын медальға, боччадан күміс медальға, ал пара таеквондодан бір күміс және бір қола медальға қол жеткізді. Пара садақ атудан Қазақстан атынан бір спортшы қатысып, бұл спорт түрі бойынша жүлде тіркелген жоқ.
«Азия Пара ойындары мен үшін үлкен тәжірибе мен зор жауапкершілік болды. Мен 59 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім, бұл салмақта 10 мықты қарсылас бақ сынады. Нәтижесінде 115 кг салмақты көтеріп, қола медаль жеңіп алдым. Жүлдегер атанғаныма қуаныштымын. Бұл жарыс маған өзімнің осал тұстарымды анық көруге мүмкіндік берді. Әлі де дамытуды қажет ететін қырларым бар екенін түсіндім. Алдағы оқу-жаттығу жиындарында сол бағыттарға ерекше көңіл бөліп, нәтижемді жақсартуға жұмыс істеймін», — деді пара пауэрлифтингтен қола медаль иегері Вазир Надыров.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында Дубай қаласында (БАӘ) өтті. Жарысқа 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.