Қазақстандық сурдо спортшылар 15-26 қараша аралығында Токиода өтетін жазғы Сурдлимпиадалық ойындарында дайындалуда. Олардың қатарында еркін күрес палуаны Ғасыр Тұрғынбай да бар. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Кашиас-ду-сул қаласында (Бразилия) өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында 74 кг салмақта белдесіп, күміс жүлдегер атанды. Біз спортшының аталмыш бәсекеге дайындығы жайында сұрап, сіздермен бөліспекпіз.
Ғасыр өзіңізді таныстырсаңыз?
Мен Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Октябрьское ауылының тумасымын. Жасым 25-те, үйленгенмін, бір баланың әкесімін. Ата-анам және бауырым бар. Бір жастан асқан шағымда пневмониямен ауырып, соның салдарынан төртінші дәрежелі сенсорлық есту қабілетінің жоғалуы диагнозы қойылды. Ата-анама бұл хабар ауыр тиді. Олар қайта естіп кетуім үшін көптеген дәрігерлерге қаратып, қолдарынан келгенше тырысты. 6 жасқа толғанда мені Тараз қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа оқуға берді. Кішкентай баланы жалғыз, танымайтын ортаға жіберу оларға оңай болмады. Бірақ, мен өзімнің «ерекшелігімнен» қысылмай, қоғамда өз орнымды табу үшін ең қажетті қадам екендігін түсінді. Отбасымнан алыста болып, жаңа ортаға үйрену оңай болмады. Бірақ уақыт өте келе бәріне үйреніп кеттім.
Спортқа қалай келдің ?
Сурдо еркін күресте жүргеніме 10 жыл болды. Шынымды айтсам, бұл спорт түріне кездейсоқ келдім. Мектепте оқып жүргенде футбол ойнағанды ұнатататынмын. Футболист болам деп армандайтынмын. Бірде достарым еркін күрес үйірмесіне барып жүргенін көріп, қызығып, олармен ілесіп жаттығуға бардым. Сол кезде жаттықтырушы – Ерназар Қонысбаевпен таныстым. Алғашқы жаттығу маған үлкен әсер қалдырып, осы спорт түрін тандауға шешім қабылдадым. Бапкеріміз түсінікті етіп жеткізетін, әр қимылды нақты көрсетіп, қолмен де, ишарамен де жеткізетін. Ол бізге тек жаттықтырушы емес, екінші әкеміздей болып кетті. Әрдайым: «Қандай жағдай болмасын, алдымен адам болып қалу керек», – деп айтады.
Алғашқы жеңісің, халықаралық жарысың есіңде ме ?
Менің бірінші жарысым – 2016 жылы Ақтөбеде өткен ел чемпионаты еді. Сол жарысқа орын алу үшін емес, боз кілемге шығып, сол сәттің толқынысын сезіну үшін қатысқан болатынмын. Бірақ жарыс қорытындысы мені таңғалдырды — мен 69 кг салмақта чемпион атандым. Бұл қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Алты ай көлемінде дайындалып, бірінші орын алу – мен үшін үлкен жетістік болды. Осы сәт менің өз-өзіме деген сенімімді арттырды. Мойныма медаль таққан кезде «халықаралық ареналарды бағындырып, міндетті түрде жеңімпаз атанамын» деп сөз бердім. Мен дайындықты одан сайын күшейтіп, үлкен додаларға шығуға дайындала бастадым. Сол жылы Иранда жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында финалға дейін сүрінбей өтіп, ирандық спортшыға есе жіберіп, екінші орын алдым. Менің дайындығым үшін бұл жақсы нәтиже екенін түсінсем де, іштей алтын медальды алуды қалайтынмын. Осы жарыстан кейін, 74 кг салмаққа өттім. 2018 жылы Владимер қаласында (Ресей), 2021 жылы Стамбулдағы ересектер арасындағы әлем чемпионатында қола, 2023 жылы Бішкектегі Азия-Тынық мұхиты чемпионаты мен 2024 жылы Куала-Лумпурда өткен Азия-Тынық мұхиты ойындарында күміс жүлдегер атандым. Осы чемпионаттардың арқасында қателіктермен жұмыс жасауды, қарсыластарды зерттеп, оларға анализ жасап, күресу тактикаларына кері әдіс ойлап табуды, психологиялық тұрғыдан сынбай, жеңілісті дұрыс қабылдауды үйрендім.
XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында екінші орын алдын.Сол кезде қандай сеізмде болдын?
Спорт жолында мен үшін есте қалған ең үлкен жарысым ретінде 2022 жылы Бразилияда өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарын айтар едім. Бұл менің алғашқы Сурдлимпиада ойындарым болды. Жарыста екі дүркін Сурдлимпиада ойындарының жүлдегері үндістандық Вирендер Сингх пен моңғол елінің спортшысы Батбаатар Ширендевті ұтып, финалдық белдесуде түрік спортшысы Огуз Дондерге есе жібердім. Ол менен 12 жас үлкен, әрі бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы еді. Мен бар күшімді салып күрестім, бірақ өкінішке қарай жеңіліп қалдым. Алтын медаль ала алмағаным үшін көңілім босап, көз жасымды тыя алмадым. Жарыстан кейін ол спорттық мансабын аяқтайтынын айтып, маған өзінің күрес формасын сыйлады. «Сенің жеңістерің әлі алда, жассың, мойыма!» деп мені жігерлендірді. Бұл сәт ерекше есте қалды.

Халықаралық ареналарда басты қарсыластарыңыз ретінде кімді айтар едіңіз ?
Өзімнің жеке тәжірибеме сүйеіп, Иран және Түркия елдерінің спортшыларын айтар едім. Олардың басты артықшылығы – физикалық күштерінде. Өте шапшаң қозғалады әрі күштері басым.
Қоғамда есту қабілеті зақымданған адам қандай қиындықтармен кездеседі?
Нашар еститін немесе мүлде естімейтін адамдардың «әлемі»өзгеше. Бізді бәрі түсіне бермейді. Еститін адамдар ойын тез, еркін жеткізеді. Ал бізге ақпаратты түсіндіру үшін бірнеше рет ыммен, жазып немесе қолмен көрсетуге тура келеді. Ақпаратты басқаша қабылдаймыз, сол себепті кейде басқалар түсінбей жатады. Бұл -қынжылтады. Күнделікті өмірде көбіне сурдо аудармашылардың көмегіне жүгінеміз. Арасында олар айтқанымызды дұрыс жеткізбейді, өз түсінігімен аударады. Ондай жағдайда барлығын қайта түсіндіруге тура келеді. Бұл шаршатады, кейде ашуландырады.
Алдағы уақытқа қандай жоспарыңыз бар ?
Менің қазіргі басты мақсатым – 15-26 қараша аралығында Токиода өтетін жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысып, жеңімпаз атану! Бұл жолда маған үнемі қолдау көрсетіп, барлық жағдайымды жасап жүрген отбасыма алғыс айтамын. Олар менімен бірге дұрыс тамақтанып, ұйқы тәртібін сақтап, менің жаттығуға алаңсыз көңіл бөлуім үшін барынша қолдау көрсетуде.