Тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті зақымдалған спортшылар арасында шахматтан әлем чемпионатында қазақстандық пара спортшылар 4 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Аталмыш дода классика, блиц және рапид дисциплина түрлерінен өтті.
«Жарыс қорытындысы бойынша классикалық шахматтан Аяулым Камбарова, Бахытжан Майкенов және Алимжан Аяпов қола медаль иеленді. Блиц ойын түрінен Аяулым Камбарова мен Бахытжан Майкенов күміс, ал Серік Солтанов пен Алимжан Аяпов қола жүлдеге иеленді. Ал рапид дисциплинасынан Аяулым Камбарова мен Алимжан Аяпов екінші орын алды»,-деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт бөлімінің басшысы Әділбек Әділжан.
Айта кетейік, әлем чемпионаты 21-30 шілде аралығында Үндістанның Гоа қаласында өтіп, 20 елден 300-ге жуық спортшы қатысты.

