Астанада пара хоккейден әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Астанада пара хоккейден әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті


Бүгін, 6 қыркүйекте, елорданың «Тарлан» мұз айдынында пара хоккейден (B-пул) әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасары Жарасбаев Серік Маратұлы, сондай-ақ Халықаралық пара хоккей федерациясының техникалық делегаттар басшысы Питер Андерссон қатысты.

«Мемлекет тарапынан елімізде мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалуда. 2024 жылдан бастап пара хоккейден ұлттық штаттық құрама командасы құрылды. Соның нәтижесінде осы санаттағы азаматтардың спортпен айналысу үлесі жыл сайын артып келеді», – деді Серік Маратұлы өз сөзінде.

Чемпионат 6–11 қыркүйек аралығында өтіп, оған Италия, Жапония, Швеция, Қазақстан, Франция және Финляндия құрамалары қатысуда. Турнир айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылып, қорытындысы бойынша алғашқы екі орын алған командалар А тобына өтеді.

«Астанада пара хоккейден әлем чемпионаты екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқысы 2023 жылы жоғары деңгейде өткен болатын. Биылғы жарыс та сол деңгейде табысты өтеді деп сенемін. Бұл чемпионат – маңызы зор турнирлердің бірі. Биылғы біріншілікте Милан–Кортина 2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындарына іріктеу турниріне берілетін екі жолдама сарапқа салынады. Аталған іріктеу жарысы 2025 жылдың 5–10 қарашасы аралығында Норвегияның Йессхейм қаласында өтеді. Онда Паралимпиадаға тікелей жолдама алатын құрамалар анықталады,» – деді Питер Андерссон.

Айта кетейік, пара хоккейден әлем чемпионаты Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Sport Qory және «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Ұлттық құрама командасының алғашқы ойыны бүгін сағат 19:00-де Швеция құрамасына қарсы өтеді.


Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

20 − 11 =