Астана қаласында сурдо футзалдан 21 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Астана, екінші орынды Шымкент, ал үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысының командасы алды.

«Ел біріншілігі тартысты өтті. Жарыс айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылды. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен спортшылар Қазақстан командасының қатарына іріктеледі.Оған қоса, жарыста спортшылар келесідей номинациялар бойынша марапатталды. Олар : үздік қақпашы – Камронбек Сайдмухтаров (Шымкент), үздік ойыншы – Даулет Төлеубаев (Астана қ.),үздік шабуылшы – Нұрасыл Жарылқасынов (Абай обл.) және пайдалы спортшы номинациясында – Темирлан Асан (Астана қ.)»,- деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының әдіскері Арман Амренов.




Айта кетейік, есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионаты 18-24 сәуір аралығында өтті. Аталмыш додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарының спортшылары қатысты.
