Паралимпиада жүлдегері Ерғали Шамей ұлттық құрама спортшыларымен «Спорт есірткіге қарсы» тақырыбында кездесу өткізді – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Паралимпиада жүлдегері Ерғали Шамей ұлттық құрама спортшыларымен «Спорт есірткіге қарсы» тақырыбында кездесу өткізді


Париж-2024 Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шамей пара дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасымен «Спорт есірткіге қарсы» тақырыбында кездесу өткізді. Іс-шара Паралимпиадалық дайындық орталығында өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты — спортшылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық этика қағидаларын дәріптеу және есірткінің адам денсаулығына тигізетін зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.

Кездесу барысында Ерғали Шамей кәсіби спорттағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, жоғары нәтижеге жету үшін тек үздіксіз еңбек, темірдей тәртіп және адал дайындық қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол ұлттық құрама мүшелерін спорттық ортада өзара сыйластық танытуға, жарыс қатысушыларына, төрешілерге, жаттықтырушыларға және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне құрметпен қарауға шақырды.

Паралимпиада жүлдегері есірткі мен өзге де зиянды әдеттердің спортшының физикалық дайындығына ғана емес, оның мансабына, психологиялық жағдайына және қоғам алдындағы беделіне де кері әсер ететінін ерекше атап өтті. Ол спорттың адамды шыңдайтын, мақсатқа жетуге тәрбиелейтін орта екенін айтып, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, спортшылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, кәсіби спорттағы мотивация, тәртіп және салауатты өмір салты тақырыптарында пікір алмасты.

Мұндай тағылымдық кездесулер жас спортшылардың саналы көзқарасын қалыптастыруға, ұлттық құрамадағы бірлік пен рухты нығайтуға, сондай-ақ спорт мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

 

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

eight − three =