Астана сурдо футзалдан U-21 әлем чемпионатын қабылдауға дайын – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Астана сурдо футзалдан U-21 әлем чемпионатын қабылдауға дайын


25 қаңтарда сурдо футзалдан U-21 әлем чемпионатын ұйымдастыру мәселелері бойынша инспекциялық сапарымен Халықаралық саңыраулар футбол федерациясының (DIFA) мүшелері Астанаға келді. Чемпионат 1-10 маусым аралығында елорданың «Жекпе-жек» сарайында өтеді деп жоспарланған. Жарысқа әлемнің 10 елінен 200-ден астам спортшы қатысады.

Елордалық спорт кешенінде DIFA өкілдерімен кездесуге Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұлттық спорт түрлері және спортта мүмкіндіктері шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы Марат Даирұлы Қасқырбаев, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директорының м.а. Ержан Есімханұлы Естаев, жоғары жетістіктер спорты және өңірлік даму жөніндегі директордың орынбасары Әділхан Болатханұлы Өмірзақов, сондай-ақ Астана қаласының мүгедек тұлғаларға арналған спорт мектебінің директоры Азамат Жұмабекұлы Тағаев, Қазақстан ұлттық сурдофутбол және футзал федерациясының директоры Мейрамбек Жанболатұлы Махамбетов және Сурдлимпиада комитетіның бас хатшысы Шакуов Арсен қатысты.


Кездесу барысында чемпионатты өткізудің әртүрлі ұйымдастырушылық аспектілері, соның ішінде қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар, қажетті жарықтандыру, төрешілер саны және басқа да маңызды мәселелер талқыланды.

«Біз Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындық деңгейіне тәнті болдық. Халықаралық стандарттарға сәйкес салынған ауқымды спорт кешені шынымен де әсерлі екен. Жарыс жоғары деңгейде өтіп, барлығының көңілінен шығатындығына сенімдімін «, – деп атап өтті DIFA президенті Яков Френкель.


Айта кетсек, еліміздің есту қабілеті зақымданған 3000-ға жуық спортшысы футбол және футзалмен 100-ден астам секцияда айналысады, оның ішінде ауылдық жерлерде 60 секцияда 1000-нан астам спортшы бар. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында футбол мен футзал Қазақстан Республикасының 19 өңірінде дамып келеді.
2024 жылы әлем чемпионатының алдында ұлттық құраманың спортшылары екі оқу-жаттығу жиынан өтеді: сәуір айында Ақтөбе облысында және мамыр айында Астана қаласында.
Еске сала кетсек, 2022 жылы Куала-Лумпурда (Малайзия) өткен U-21 футзалдан есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасы екінші орынды иеленді. Ұлттық құраманың алдағы кезеңдегі негізгі міндеттері негізгі квалификациялақ турнирлерге қатысып, 2025 жылы Токио қаласында өтетін жазғы Сурдлимпиада ойындарына жолдама алу болып табылады.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

5 + 12 =